«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жас технократтарды тоғыстырған

Жас технократтарды тоғыстырған
Ашық дереккөз
Еліміз цифрландыру саласы бойынша соңғы жылдары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Бүгінде тұрғындар өмірінің түрлі салаларын цифрлы трансформациялау бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Саладағы негізгі жетістіктер электронды мемлекеттік қызметтер санын ұлғайту, жаңа цифрлық шешімдер мен платформаларды енгізу, сондай-ақ IT және аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында байқалып отыр. Бұл бағытта жастарды қолдау, оларға жаңа мүмкіндіктерге жол ашу бағытындағы жұмыстар өңірімізде де жүйелі түрде жалғасын табуда. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде өткен «Decentrathon 2.0» республикалық мультилокациялық хакатоны соның айқын дәлелі.

Astana Hub, аймақтық Zhambyl Hub және blockchain center ғылымизерттеу зертханасы мен Дулати университетінің коммерцияландыру бөлімі бірлесе ұйымдастырған хакатон еліміздің 17 өңірін, сондайақ, Астана және Алматы қалаларын қамтиды. Биыл байқауға 2500-ден астам қатысушы тіркеліп, Жамбыл облысынан 113 адамнан тұратын 43 команда бақ сынасты. Олар төрт негізгі бағыт: жасанды интеллект, Blockchain, ойын индустриясы (GameDev) және шағын Telegram қосымшаларын әзірлеу бойынша бақ сынасты.

Аталған жоба IT саласындағы жас мамандарға инновациялық стартаптар мен бизнес-бастамаларға қажетті ресурстар мен қолдау көрсетуді мақсат тұтқан. Қатысушы топтар ағымдағы мәселелердің жаңа шешімдерін ұсынуы және 48 сағат ішінде инновациялық өнім идеяларын әзірлеуі керек. Онлайн форматта ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев қатысушыларға табыс тілеп, жас мамандарға үлкен үміт артып отырғанын хабарлады.

– Хакатон әзірлеушілер мен технологиялық энтузиастар үшін әрқашан ашық. «Decentrathon» – бұл Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын алғашқы ауқымды IT-оқиға және биылғы жылы generative nation қозғалысының негізгі іс-шараларының бірі. Біздің мақсатымыз – Ai – елді өзгерту және мұндай бастамалар ұлттық ауқымда болуы керек. Жас таланттарға технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуына өз үлестерін қосуға мүмкіндік бере отырып, олардың барлық өңірлерді қамтуы маңызды. Aiинженерлер Қазақстанның AIтрансформациясында шешуші рөл атқарады. Generative nation қозғалысының бастамалары біздің елімізді ғана емес, жаһандық салаларды да трансформациялайтын жобалармен жұмыс істейтін AI саласындағы адами капиталды дамытуға бағытталған, – деді Жасұлан Мәдиев.

Былтыр хакатонға 1 500 қатысушы қатысса, биыл қатысушылар саны айтарлықтай артқан. Тиісінше жүлде қоры 50 000 АҚШ долларына жеткен. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай байқаулар еліміздің Орта Азиядағы технологиялық саласындағы көшбасшы ретіндегі ұстанымын нығайтып, IT-саланың бір бөлігі ретінде жасанды интеллектіні дамыту үшін толыққанды экожүйені құруға ықпал етеді.

–Хакатон–елдегі жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасын қолдайтын Generative nation қозғалысының бөлігі. Бұл қозғалыс аясында AI технологияларын ілгерілетуге бағытталған AI Movement бастамасы іске асырылады. Бұл біздің еліміздегі екінші хакатон байқауы. Бұған дейінгі байқау мультилокациялық «web 3 хакатон Decentrathon» деп аталды. Айта кетерлігі, бүгінде Тараз қаласы Алматы мен Астана қалаларынан кейін командалар саны мен қатысушылар жөнінен үшінші орында тұр. Бұл біздің облыс үшін үлкен жетістік. Өйткені, бұған дейін бірнеше жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан хабтарда бұл көрсеткіш әлі де төмен. Қатысушылардың идеялары өз жемісін беріп, әрі қарай іске асырылады деп үміттенемін, – деді Astana Park технопаркінің Zhambyl Hub өңірлік филиалының менеджері Әйгерім Наурызбекова.

Байқау арқылы қатысушылар шығармашылықпен айналысып, болашақта IT саласында маңызды жобаларға айналуы мүмкін инновациялық өнімдерді жасау үшін өз дағдыларын пайдаланады. Мұндай сайттар әлеуетті инвесторларға қызықты және перспективалы жобаны табуға, ал әзірлеушілерге демеушілермен байланыс орнатуға ықпал етпек.

– Менің бағытым – ойын индустриясы. Мен командамен бірге хакатонға мұқият дайындалдым. Соңғы екі апта ішінде біз жобаның соңғы бөлігін әзірледік. Біз міндеттерді талқыладық және бірінші орынға ие боламыз деп үміттенемін, – деп атап өтті game on командасының қатысушысы Болат Есімхан.

Еске сала кетейік, өңірлік хакатон бәйгесінің іріктеу сайысы наурыз айында өткен еді. Өңірлік Zhambyl IT Hub пен Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институты бірлесе өткізген жарысқа облыстың жалпы білім беретін орта мектептерінің 10-11-сынып оқушылары мен колледж және университет студенттері қатысқан болатын. Екі күнге жалғасқан байқауға 19 команда қатысып, қатысушылар 24 сағат ішінде web немесе мобильді қосымша жасап шығаруы тиіс болды. Талантты жас технократтарды бір ортаға тоғыстырған байқау ақпараттық технологиялар, дизайн, әкімшілік және цифрлық жобаларды басқару саласына тың серпін берері сөзсіз.

Бүгінде платформа өз идеяларын жүзеге асырып қана қоймай, болашақ технологиялардың дамуына үлес қосқысы келетіндер үшін шынайы бәсекелестік алаңына айналып үлгерген. Жоба жетекшілері де Decentrathon 2.0 Қазақстан инновацияларды енгізуге және цифрлық әлемнің болашағын құруға дайын жас мамандар үшін мүмкіндіктер жасай отырып, IT саласын белсенді дамытуды жалғастырып жатқанын тағы да атап өтті.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар