Сессияда «2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №11-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев баяндама жасады.
– 2024 жылға арналған қалалық бюджетті нақтылау жобасына Бюджет кодексінің 109-бабын басшылыққа ала отырып және 2024 жылғы 23 қазандағы облыстық бюджетке нақтылау жүргізілуіне байланысты бірқатар өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, облыстық бюджет шығыст ары бойынша үнем және жыл соңына дейін игерілмейтін 505,9 миллион теңге кемітіледі. Оның ішінде қаладағы Асқаров көшесінің соңындағы алқапты сумен қамтамасыз ету құрылысының 1-ші кезеңінен үнем 18,2 миллион теңге, Асқаров көшесінің соңындағы алқапқа қиыршық тас жол құрылысын салу жобасынан 116,1 миллион теңге, аталған көшенің соңындағы тұрғын алқабында 16 көппәтерлі тұрғын үйлердің ішкі алаңдық инженерлік желілерінің құрылысын салу және абаттандыру жобасының 1-ші кезеңінен 260 миллион, «Қамұқат» тұрғын алабында сыртқы сумен жабдықтау желілерінің құрылысын салудан 29,7 миллион, қаланың Қайнар, Мичуринец, Ақжол, Родничок алқаптарында су құбыры желілерін салу жобасынан 82 миллион теңге кемітіледі. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен бірқатар жобаларды қаржыландыруға 2 318,5 миллион теңге трансферттер қарастырылып, келесі мақсаттарды қаржыландыруға бағытталады. Атап айтқанда, Асқаров көшесінің соңындағы алқаптағы кәріз желілерінің құрылысын салуға 252,1 миллион теңге, «Шөлдала» алқабындағы 600 орындық жайлы мектептің инженерлік желілерінің құрылысын аяқтауға 16,3 миллион, Асқаров көшесінің соңындағы алқапта су жүйесінің құрылысын жүргізуге 300 миллион, осы алқапты газбен жабдықтау желілерінің құрылысын аяқтауға 258,9 миллион, қаланың «Құмшағал», «Шөлдала», «28 саяжай» тұрғын алқаптары үшін жоғары вольтты желілер мен қосалқы стансалар салуға 55,5 миллион, қаланың 76 көшесін жарықпен қамтамасыз етуге 500 миллион, әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көліктерді субсидиялауға 480,1 миллион теңге бағытталады, – деді Жандос Илиясбекұлы.
Бөлім басшысы бұлардан басқа тұрғын үй сертификаттарын беруге 100 миллион теңге, «Ұлы дала» шағын ауданындағы 1200 орындық жайлы мектепке кіреберіс жолды орташа жөндеуге 180,9 миллион, осы аудандағы 2000 орындық тағы бір жайлы мектепке кіреберіс жолды орташа жөндеуге 128,6 миллион, «Бәйтерек» шағын ауданындағы 1200 орындық жайлы мектепке кіреберіс жолды орташа жөндеуге 46,1 миллион теңге жұмсалатынын айтты.
Қала бюджетінің шығыстары бойынша биыл «Ұлы дала» шағын ауданындағы құрылысы жүріп жатқан 34 көпқабатты тұрғын үйдің жетеуінің құрылысы аяқталмауына байланысты келесі жылға өтпелі болып отыр. Осыған орай 7 тұрғын үйдің инженерлік желілері мен абаттандыру жұмыстарына бөлінген қаражаттар игерілмейтіндіктен 300 миллион теңге кемітіліп, бұл қаражаттар көше жарығының коммуналдық төлемдеріне бағытталатын болды.
Сессияның күн тәртібіндегі келесі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты шарттардың жобасына келісу туралы мәселе қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәслихаттың инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында жанжақты қаралып, сессияның қарауына ұсынылған болатын.
Аталған мәселе бойынша депутаттар алдында қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Темірхан Айменов хабарлама жасады. Сессияда Ерлан Абдуллаев, Әсел Жапарова, Руслан Мырқалықов, Зарина Қуатова және басқа да депутаттар сөйлеп, сайлаушылардың талап-тілектерін, оларды толғандыратын мәселелерді көтерді. Жиында негізінен қала жолдарының жөнделуі, олардың сапасы, көшелерді жарықтандыру, ауыз су мәселелері сөз болды.
Мәселен, депутат Әсел Жапарова облыс орталығының №4 аумақтық округіне қарасты Қазақ көшесінде ауыз су мәселесін көтеріп жүргеніне 1,5 жыл болғанын айтып, билік бұл мәселені қашан шешеді деген сауал қойды.
«Халық суды тасып ішуге мәжбүр. Сонымен қатар, Пірманов көшесінде су құбырлары жиі жарылады. Дегенмен, ауыз судан тарыққан жұрттың арызы ескерілмей келеді. Алдыңғы сессияларда осы депутаттық сауалымды бірнеше рет жолдадым. Алайда нәтиже жоқ! Сондықтан қала әкімінен нақты шешім қабылдап, ауыз су мәселесін кешенді түрде шешуді сұраймын», – деді Әсел Әбілханқызы.
Депутаттар тарапынан қойылған түрлі сауалдарға қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил мен тиісті сала басшылары жауап берді. Кезектен тыс сессияда күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Тіл оқыту орталығы: Жалақы аз, штат бос, маман жоқ
- Бүгін, 03:24
Той мәдениетін көтеру көптің ісі
- Бүгін, 03:15
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді