«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақ айнасының айтулы белес

Аймақ айнасының айтулы белес
Алтынбек Қартабай
Осыдан тұп-тура 35 жыл бұрын, 1989 жылдың 1 қарашасында Жамбыл өңірінде алғашқы «ЖТД» телеарнасы эфирдегі жұмысын бастады. Мыңжылдықтар тоғысындағы өңір тынысын таспаға түсіріп, эфирде таңбалаған аймақ айнасы осы жылдар ішінде түрлі белестен өтіп, талай асуды бағындырды. Бүгінде өз көрермені, өзіндік ұстаханасы қалыптасқан арна Жамбылдың жаңалық жаршысына, ақпарат аламанындағы жүйрікке айналып үлгерді. Тарих қойнауына кеткен тағдырлы сәттерді көзіқарақты көрермен жадында жаңғыртып келе жатқан телеарна өзінің қалыптасу кезеңінде талайлы шақтарды бастан өткерді. Уақыт иіріміндегі қалтарыстарда заман талабынан қалыспай, облыстың қайнаған тіршілігінен дер шағында ақпарат таратуда үнемі алдыңғы шепте келе жатқан телеарнаның өз сүрлеуі, өз сара жолы бар.

Телеарнаны бүтін облысқа хабар тарата бастаған уақыттан бастап талай мықтылар тізгіндеді. Олардың қатарында Әбжан Жақсыбек, Елен Әлімжан, Мұса Рахманбердиев, Әлмұхан Исақ, Бекет Момынқұл, Қалыбек Атжан, Аязби Бейсенқұлов, Мейрамбек Төлепберген, Жасұлан Әбдіхалық, Мейіржан Әлібекұлы сынды азаматтар бар. Бүгінгі таңда белгілі журналист Гүлбаршын Құланбаева арнаның тамырына қан жүгіртіп, өз қол таңбасы, өзіне тән ерік-жігермен ұжымның ішкі және сыртқы тіршілігін дөңгелетіп, түрлі креативті идеялардың бастамашысына айналды. Арна «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясына қарайды.

Алғашқы кездері телеарна эфирге аптасына екі-үш мәрте шықты. Хабарлардың ұзақтығы 15-20 минуттан аспайтын. КСРО телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті облыстық телехабарларға 40-45 минут уақыт беріп, соған ғана қаржы бөліп отырды. Алғашқы кезде негізінен хабарлар жылжымалы телестанция арқылы таратылды.

Көп ұзамай толық күрделі жөндеуден өткізіліп, техникалық жағынан жарақтандырылған Сүлейменов көшесіндегі Жамбыл гидромелиоративтік инженерлік құрылыс институтының көне ғимараты телеарнаға басыбайлы берілді.

Сонымен қатар, Қаратау қалалық телестудиясын тездетіп іске қосу да назардан тыс қалған жоқ. Соның нәтижесінде жаңалықтар мен хабарлар тікелей эфир арқылы телестудиядан таратыла бастады. 1990 жылы елімізде тұңғыш рет «Желтоқсан жаңғырығы» фильмі «Жамбыл» телеарнасында жарыққа шығуы қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Бұл фильм кейіннен республикалық арналарда көрсетілді. Облыстың ақпарат кеңістігінде әр жылдары «ЖТД», «Қазақстан – Тараз» деп аталып келген телерадиоарнаға 2017 жылы ребрендинг жасалып, «JAMBYL» атауы берілді. Телеарнадан түлеп ұшқан көптеген азаматтар елге белгілі тұлғаларға айналды. Қазігі «JAMBYL» телерадиоарнасы – уақыт талабын тақымдап келеді.

Корпорацияның филиалдары арасында – шығармашылық жағынан да, қаржылық табысы жөнінен де жылдар бойы үздік бестіктің ішінде. «Қазтелерадио» АҚ, «OTAU TV» және кабель операторлары: «Алма ТВ», «ID TV» арқылы республика көлеміне таралып отыр. Тәулігіне 17 сағат эфирдің 80 пайызы қазақ тілінде; 20 пайызы орыс тілінде. Оның ішінде өзіндік өнім 71 пайызды құраса, қалғаны кино және басқа да өнімдер. «Айқын ақпарат» жаңалықтар қызметі күнделікті үш мезгіл тікелей эфирге шығады. Аптасына 30-дан аса хабар көрерменге жол тартады. Ал, ғасырға жуық тарихы бар «JAMBYL» радиосы 100.8 жиілігі арқылы тәулігіне 2 сағат хабар таратады. Бүгінде радио қоржынында 19 хабар бар. Күнделікті тікелей эфирге «Жаңалықтар» шығады. Жаңалықтар мен хабарларда аймақ тынысы, сан саланың қыруар жұмысы қамтылады. Ауыл тіршілігі, мемлекеттік бағдарлама лардың орындалуы, шалғайдағы шаруа да – телеарна эфирінде. Сонымен қатар, ел тарихындағы елеулі оқиғалар мен елге белгілі тұлғалардың таспаға басылған тарихы да – телерадиоарнаның алтын қорында сақталған. Ал, бүгін Jambyl телеарнасы осынау 35 жылдық мерейтойды сәнсалтанатымен атап өтуде. Әулиеата төрінде аймақ айнасында ұзақ жылдар табанды еңбек еткен ардагерлер, көрші өңірден арнайы келген меймандар, барша ақпарат саласының мамандары қалалық мәдениет үйінде бас қосып, атаулы күні телеарна қызметкерлерінің мерейін тасытты. Айшықты шара телеарна тарихы таспаланған бейнероликтен басталды. Мерейтойға арнайы келген облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев көпшілік алдында әуелі Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің лебізін оқыды.

«Бүгінде Jambyl» телеарнасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі бастамаларын өңір жұртшылығына жеткізуде тың ізденістерге толы креативті бағдарламалар өндірісін жолға қоя білген еліміздегі алдыңғы қатарлы аймақтық ақпарат құралдарының біріне айналды. Телеарна ұжымында қызмет еткен аға буынның арасынан елімізге белгілі қайраткер тұлғалар шықты. Олар ел егемендігін бекітуге, тәуелсіздікті тұғырлы етуге ең сындарлы кезеңде тер төкті, қазақ теледидарының алтын қорын байытуға сүбелі үлес қосты. Бүгінгі заманауи технологиялармен жабдықталған телеарнадағы жаңа буын да бәсекелестікке бейім бірегей телеөнімдерді біліктілікпен көрерменге ұсынып келеді», – делінген құттықтау хатта.

Мұнан соң Лесбек Құралбайұлы өңір басшысының құттықтауын жеткізді. Онда Ербол Шырақпайұлы:

«Аймақтың айнасына айналған арнаның беделі биік, бәсі жоғары, абыройы асқақ екені сөзсіз. Телеарна мемлекетіміздің мерейлі сәттерін, бүгіні мен болашағын, берекесі мен бірлігін, ырыс пен ынтымағын таспалап, жаңа қырынан танытып жүр. Тәжірибелі тілшілер халық пен билік арасын жақындастырып, алтын көпірге айналуда. Бүгінде телеарна замана үдерісінен қалыс қалмай, дамудың даңғыл жолына түсті. «Jambyl» – қазақ тележурналистикасының шеберханасы. Мұнда талай от ауызды, орақ тілді сала саңлақтары түлеп шықты. Осы орайда жастарға тәлімді тәрбие, тағылымды тәжірибе беріп жүрген аға буын өкілдеріне алғысым шексіз!», – деп арна ұжымына толағай табыс тілеген.

Одан әрі аппарат басшысы арна ұжымында ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқан бірқатар қызметкерлерді «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Марапат төрінде телеарнаның бүгінгі басшысы Гүлбаршын Құланбаева да бар.

Сонымен қатар, ұжымға арнаның мерейтойына орай облыс әкімдігі тарапынан жаңа компьютерлер табыс етілді. Одан әрі мерейтой иелерін Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов сөз алып, партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің құттықтау хатын оқып берді.

Бұдан бөлек Әулиеатаның бас арнасын «Қызылорда» телеарнасының директоры Нұрбек Шынтемірұлы және «Шымкент» телеарнасының директоры Саламат Омаш та арнайы құттықтай келіп, арна ұжымына сый-сияпаттарын тарту етті. Одан әрі салтанатты іс-шара Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

 

 

Ұқсас жаңалықтар