«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақпараттық бизнесте қашан бақылау болады?

Ақпараттық бизнесте қашан бақылау болады?
Ашық дереккөз
Қазақстанда онлайн білімнің танымалдылығы жыл сайын артып келеді. Тіпті колледждер мен жоғарғы оқу орындарында, түрлі интернет платформаларда қашықтықтан оқытудың алуан нұсқасы пайда болған. Мұнымен қоса ел ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы өздерінің авторлық курстарын сататын блогерлер де аз емес.

Бұл өз кезегінде ақпараттық бизнес ұғымын өмірге әкелген құбылыс болып отыр. Алайда, мұндай білім көздерінің сапасына сұрақ көп. Соңғы уақытта блогерлердің «тез баю, әдемі болу» туралы курстарына шағымданушылар қатары артты. Мұндай мәселе желі қолданушыларының арасында үлкен резонанс тудырып отыр.

Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайдың ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, алдын ала бағалау бойынша Қазақстандағы инфлюэнсерлер арасындағы онлайн-курс жасаушыларының айналымы 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Мұны ресми ашық ақпарат көздері арқылы тексеру мүмкін емес. Себебі, мұндай ақпараттық өнімдер нарығының негізгі бөлігі әзірге «көлеңкелі» аймақта орналасқан.

Өткен жылдың қыркүйегінде елде «онлайн платформалар және онлайн өнімдер туралы» заң күшіне енді. Ол блогерлерді өз қызметін заңдастыруға, жарнамалық таңба белгілеуге және салық төлеуге міндеттеді.

Алайда, заңда блогерлердің ақпараттық сараптамалық қызметін лицензиялау және сенімсіз ақпарат пен сапасыз білім сату жауапкершілігі туралы айтылмайды. Тек 16-бапта пайдаланушылар «егер бұл олардың сенімдеріне қайшы келсе» онлайн платформалар ұсынатын өнімдерден бас тарта алады деп айтылады. Ал қыркүйек айында блогерлерге басқа құқық бұзушылықтар үшін емес, жалған ақпарат таратқаны үшін айыппұл сала бастағаны туралы мәліметтер жариялана бастаған еді. Заңға сәйкес, блогерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.

Маркетингтік қызметті жүргізу үшін олар «жарнама агенттіктерінің қызметі» ЭҚЖЖ коды бойынша жеке кәсіпкерлік ашуы тиіс. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында осы саладағы кәсіпкерлер өз қызметтері үшін 274,3 миллиард теңге, яғни өткен жылдың қаңтар–маусымындағы көрсеткіштен 94,3 миллиард теңгеге (немесе 1,5 есе) көп қаражат алғаны туралы есеп берді.

Бұл барлық тарату арналары, атап айтқанда сыртқы, интернет, теледидар жарнамалары бойынша жарнама агенттіктерінің тапқан жалпы қаражаты. Ұлттық статистика бюросының есептерінен блогерлер көрсететін қызметтер көлемін бөліп қарау мүмкін емес.

Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында қазақстандықтардың қаражаты есебінен көрсетілген жарнама агенттіктерінің қызмет көлемі 9,2 миллиард теңгеге (19 миллион АҚШ доллары) бағаланған. Өсім көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға көп.

Қазақстандықтардың арасында академиялық білімнен тыс курстардың танымалдылығының артуы туралы ұлттық статистика бюросының іріктемелі тексерулерінің нәтижелері де жанама ақпарат ұсынып отыр.

Білім беру қызметтеріне жұмсалатын қаржының ұлғайып кеткенін қазақстандықтардың шығыстары туралы есептерден, оның ішінде 2023 жылдың әр тоқсанында және 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында отбасылық бюджеттен түрлі курстарға кеткен қаражаттың көбейгенінен байқауға болады.

Мысалы, ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында 2023 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда өсім 16,7 пайызға, шілдеқыркүйек айларында 19 пайызға жеткен. Өткен жылғы көрсеткіштер мен биылғы межені салыстырсақ айқын динамика байқалғанын көруге болады. Яғни, курстарға жұмсалған қаражат 40,8 пайыздан 87,2 пайызға дейін көбейген.

Біз инфлюенсерлер ұсынатын курстардың бағасын танымал онлайн мамандықтардың бірі – интернет-маркетингті оқытатын басқа курстардың құнымен салыстырдық. Әртүрлі тарифтер бойынша блогерлер ұсынатын курстардың құны оқу ұзақтығына байланысты 5 мыңнан 200 мың теңгеге дейін өзгеріп тұрады. Ал «супермарафондарды» сату туралы бастапқы деректерде лицензиялар, кепілдіктер және ақшаны қайтару шарттары туралы мәліметтер жоқ. Тұтастай алғанда, ақпараттық өнімнің пайдасы мен құндылығы туралы ақпарат мүлде жоқ десе де болады.

Блогерлер өздерінің «прогревтерін» NLP (нейролингвистикалық бағдарламалау) деп аталатын әдістерді және әртүрлі маркетингтік «қармақтарды» пайдаланады. Бұл адамды еріксіз түрде «осы жерде және дәл қазір табысты болу» курсын сатып алуға мәжбүр етеді. Әртүрлі білім беру алаңдарында осыған ұқсас кәсіп дағдыларын сатып алу бағасы арзан емес. Олардың құны 300 мың теңгеге дейін жетеді.

Бұдан бөлек біз ақпарат іздеу барысында ақысыз арналар арқылы ақпарат алудың көптеген нұсқаларын таптық. Бұл квазимемлекеттік құрылымдардың әртүрлі курстары және Coursera, «Нетология», Skillbox сияқты халықаралық платформаларда білім алуға мүмкіндік беретін жүйелер. Салыстырар болсақ студенттер оқуға өңірлік ЖОО-ларға жылына 550 мың теңгеден, ірі, ұлттық ЖОО-ға 1,5 миллион теңгеге дейін төлейді. Қай жолмен білім алу тиімді екенін осыдан ақ бағамдай беруге болады.

Байқап қарасақ Қазақстандағы инфобизнестің дамуы көрші Ресейдегі сценарий бойынша жүріп жатыр. Онда сатып алушылардың көптеген шағымдарынан кейін білім алушылар құндылығы жоқ деп санайтын инфоөнімдерге кеткен ақшаны қайтару бойынша сот тәжірибесі пайда болды. Мәселен бизнес-жаттықтырушы, «like» орталығының негізін қалаушы Аяз Шабутдиновтің ісі үлкен резонансқа айналды. Ол өзінің оқушыларының арызы бойынша үлкен сомаға алаяқтық жасады деп айыпталып, тергеу изоляторына түсті. Тергеу изоляторында құр отырмайтын кәнігі кәсіпкер жаңа идеяларды өмірге әкелуді жалғастыруда. Әйелімен бірлесіп жазылушыларына бизнесті дамыту туралы ойларымен бөлісетін жаңа ақылы Telegram арнасын ұсынған.

Тағы бір резонанстық оқиға танымал geekbrains платформасымен байланысты. Платформа иесі сот процесінде наразы студенттерге үміттерін ақтамаған курстар үшін өтемақы ретінде 23 миллион рубльден астам өтемақы төлеуге мәжбүр болды.

Әлеуметтік желіге көз сүзсек «курс оқып, білімді боламын, байып кетемін» деген иллюзияға сеніп қалғандардың пікірлерінен көз сүрінеді. zeyin_kz деген атаумен тіркелген инстаграм қолданушысы:

«Қазір интернетте жылдам оқу, менталды арифметика деген курстардан көз сүрінеді. Балаларға арналғаны қаншама, мұғалімдерге дегені де бар. Мұғалім болған соң бір орында 10 жыл бұрынғы методикамен отыра беруге болмайды, жаңашылдыққа бой ұрып, алға ұмтылып, жетіліп отыру қажет. Сондай оймен мен де «Жылдам оқу» деген курстың есігін қақтым. Инстаграмда күнде алдымнан шығатын жарнамаға оңбай алдандым. «Мен, мен едім, мен едім» деп бір жас қыз сөйлейді. «Ресейде білімімді жетілдірдім» деген соң асығыс шешім қабылдап 35 мыңымды аударып курсқа жазылдым. Ал, курс басталады деп атой салған күн де келді. Телеграм каналға жинады. 7-8 мұғалімбіз, курс жоқ, ешкім ештеңе жазбайды, содан мен және бір мұғалім шағымдандық. Сонымен бізбен байланысқа шығып, курс басталды. Курс қалай болады дейсіз ғой?! Бір аудиторияға 3-4 сынып оқитын 10 шақты баланы жинап алған. Инстаграмда күнде реклама жасайтын қызым, «мен алдыма мақсат қоямын, өзіме есеп беремін, таңертең ерте тұрамын, жоспарларым мені ұйықтатпайды, кола ішпеңдер, бургер жемеңдер» деген әңгіме айтып жатыр. Тура бір қазіргі жалған психологтың курсына кіріп кеткендейсің. Сол сабақтарын видеоға түсіріп қойған, бізге жіберіп отыр. Тура соқырға таяқ ұстатқандай, сорпаның ішінен етін іздегендей сарпып алар бір пайдалы ақпарат таппадым. Сөйтіп интернеттен осы қыз айта беретін ресейліктер кім деп қарасам, скорочтениенің маңына жоламаған, инстаграм парақшаны қалай тиімді жүргізуді үйрететін тренерлер болып шықты. Содан қаным қайнады. 35 мың деген оңай ақша емес. «Балалардың аузын ашып өтірік түсіре салған бір реттік видеомен немене деп миды қатырып отырсың, қайтар ақшаны» деп шағымдандық. Содан олар алған ақшаны қайтармай, «күте тұрыңыздар» деп бізге ұзақ жылдық тәжірибесі бар мұғаліммен видео түсіріп, кітабын жіберіп, түсіндіргендей болды. «Әттең-ай» деп, сан соғып қалғаным бар. Сол қыздың әлі күнге дейін жарнамасынан көз сүрінеді, желіде қырып жойып бара жатыр. Сол курстан кейін көзімнің жеткені, желідегі жарнамаға алданып, ақшаларыңыздан айырылып қалмаңыздар», – дейді.

Қазақстанның ақпараттық өрісінде мұндай жағдайға тап болып, соңына дейін барған сот істері аз. Тіпті саусақпен санарлық деп айтуға болады. Жақында олардың бірі туралы «Мой город» аймақтық порталы жазды.

Орал тұрғыны белгісіз ЖШС-нен жылжымайтын мүлікті сату арқылы табыс табу бойынша бойынша 1,6 миллион теңгеге курс сатып алды. Жаттықтырушылардың кеңесі бойынша ол БАӘ-ден пәтер алу үшін ақша салады. Бірақ оны бір жыл ішінде сата алмай, құйған инвестициясы нәтиже бермейді. Инфобизнесмендермен жасалған шартқа сәйкес, ол оқуға салынған соманы екі есе қайтаруға құқылы болды. Бірақ уағдаластықтар іс жүзінде орындалмағандықтан, жәбірленуші тәлімгерлерге 3,2 миллион теңгеге талап қойып, сотты жеңіп алды. Өздерін алдандық деп санаған қазақстандықтар «Мамасита» деген атпен танымал блогер Әлия Байтугаеваға, продюсерлік саласындағы бизнес-тренер Жұлдыз Ақболатқа, спортшы Сабина Алтынбековаға, Аманжол Рысмендиевке шағымданған болатын.

Пайдаланушылардың онлайн-курстарды жасаушыларға, бизнес-тренерлерге, тәлімгерлерге жасайтын шағымдары – қазіргі уақытта Қазақстан инфобизнесінде бар жағымсыз факторлардың бірі. Дегенмен, бұл инфобизнестің барлық бағыты халықты алдауға бағытталған дегенді білдірмейді. Қазақстандықтардың белгілі экономистердің, бизнесмендердің, маркетологтардың арқасында өз ісін ашып, жаңа мамандықты игеріп, компания айналымын арттырып алған көптеген мысалдары бар.

Өзін-өзі басқаратын онлайн оқыту да жаңа трендке айналып келеді. Алайда, салыстырмалы түрде жас салада оның дамуына кедергі келтіретін көптеген күрделі тетіктер бар. Сарапшылардың бағалауы бойынша, түрлі курс сататын жалған оқытушылар мен тренелерлердің ақпараттық бизнес нарығына жақын арада қандай да бір нақты бақылау (мемлекеттік немесе ішкі) болмаса, өзін сарапшы деп атаған кез келген адамның бизнеске еркін кіруіне, сапасыз білімнің көбеюіне, алданып, тақырға отырғандардың санының артуына алып келеді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар