Президент тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілген болатын. Аталған жоспарға сәйкес, өңірлерде мемлекет-жекеменшік әріпте стігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.
Облысымызда «Damu Bala» атымен жалғасқан бағдарламаның қаншалықты тиімді іске асып жатқаны Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңесінің отырысында да талқыға түскен еді.
«DamuBala» – мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында бірыңғай қызмет көрсетуді жүзеге асыратын «Artsport» платформасының заңды жалғасы.
Еске сала кетсек, 2021 жылдан бастап өткен жылдың соңына дейін бұл қызмет түрі «Artsport» платформасы арқылы жүзеге асқан. Осы аралықта 18 спорт түріне 1,6 миллиард теңге бөлініп, 19 594 бала тұрақты түрде спорттық секциялармен қамтылған.
Алайда, қолданушылар тарапынан сын-ескертпелердің көптеп айтылуына байланысты «Artsport» «Damubala»-ға алмастырылған еді. Жыл басынан бері мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында бірыңғай қызмет көрсетуді қолға алған «Damubala» платформасы арқылы ата-аналар 5 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға арналған спорттық үйірмелерге жазыла алады.
Десек те, тұрғындар тарапынан соңғы екі айда аталған платформаға тіркелу мүмкін еместігін айтып шағымданушылардың қатары көбейген. Мәселенің мәнісін облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы «Бұқаралық спорттық шаралар өткізу орталығының» басшысы Ерназар Тоқсанбаев кезектің шамадан тыс көбеюіне байланысты өтініштерді қабылдау тоқтап тұрғандығымен түсіндірді.
–Сәуір айында кезекті ашқанымызда екі күннің ішінде 7 мыңнан астам бала тіркелді. Ал, біздің жылдық бюджеттік өтініміміз 5 мың бала шамасында ғана қамти алады. Сондықтан өнім берушілерге айтып, өтініш қабылдауды тоқтаттық. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда өңірде 5 пен 17 жас аралығындағы 5196 бала спорттық секцияларға қатысып келеді, тиісінше 2797 бала кезекте тұр. Ай сайын қатысушылар саны арнайы табель арқылы анықталып отырады, – дейді Ерназар Берікұлы.
Орталық басшысының сөзінше, биыл балаларды спорттық секциялармен қамтуға 1,2 теңге қарастырылған. Бұл қаражат сапалы мамандармен, арнайы базамен қамтамасыз етуге, жалақыға және қатысушыларға бөлінеді. 18 спорт түрінен әр қатысушыға бөлінетін қаражат көлемі спорт түрлеріне байланысты 15-20 мың аралығын қамтиды. Келесі жылы кезекте тұрған балаларды да спорт секцияларына тарту мақсатында 1,35 миллиард теңгеге өтінім берілген. Ал, қоғам белсенділерінің пікірінше платформа өзгергенімен ондағы кей мәселелер әлі де өз шешімін таппаған. Соның есебінен тұрақты тұтынушылар саны анықталмай, кезекте тұрушылар қатары негізсіз өскен.
– Мәселен, табель толтыру ісінде шикілік көп. Өйткені, көп ата-ана баласы үшін кезек алып алғанымен, оған тұрақты түрде қатысатын адамдар қатары аз. Тиісінше, жаттықтырушылармен келісіп, орнын сақтау үшін табельді толтырып береді. Осылайша, платформаға өтінім берушілер қатары негізсіз артып отыр. Мысалы, дәл осы ваучерлік тәсілді жүзеге асыратын балабақшаларда бала үш реттен артық балабақшадан қалса, автоматты түрде ваучерліктен айырылады. Орталық тарапынан да арнайы мониторингтік топ құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілсе, кезек саны айтарлықтай азаяр еді. Тиісінше, спортпен тұрақты түрде айналысатын балаларды анықтап, мемлекет қаржысын үнемдейтін едік, – дейді қоғам белсендісі Исламбек Дастан.
Саладағы сандардың сан тарапқа сабылуын қоғам белсендісі Назима Жұбандықова бәсекелестіктің төмендігінен екендігін айтады. Оның сөзінше, арт-спорт саласына балалардың қызығушылығын ояту мақсатында қызмет көрсетушілердің жұмысын ақпараттындыруды қолға алу қажет.
–Ваучерлік әдіс қазір балабақшаларда да қолданысқа енді. Соған сәйкес, балабақшалар арасында бәсекелестік дамып, қызмет көрсету сапасы арта түсті. Ендігіде бөбекжайлар келушілерді іздеп сабылмайды, керісінше, атааналар олардың ең жақсысына ұмтылуға тырысады. Балалар спортына да осындай серпін керек. Қазір қызмет көрсетушілер тізім үшін балаларды сабылып жүріп өздері жинайды. Бұл ретте керісінше, тұтынушылар өнім берушілерді таңдауы қажет. Мысалы, жекеменшік мектептер өздеріне оқушылар тарту үшін маркетинг жүйесіне арнайы секцияларды енгізіп, жарнамалайды. Оларға барып-келуі үшін көлік береді. Сондықтан, мемлекет қаржысына кәсіп жүргізіп отырған қызмет көрсетушілерден де ашықтықты талап етіп, олардың жұмысын жарнамалауды міндеттеу керек деп есептеймін, – дейді Назима Жұбандықова.
Париж Олимпиадасынан кейін спорт саласына айтарлықтай көңіл бөлінгені сөзсіз. Облыстағы мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында жұмыс атқаратын 150 спорттық секция мен 85 өнім беруші де бүгінде олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беруде. Дегенмен, бүкіл спорттың баспалдағы болған балалар спорты да бүгінде табанды тірлік пен нақты көрсеткіштерге зәру болып отыр.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді