«Korcem» цемент зауытының өндірістік желісі іске қосылды
- author «Ақ жол»
- 31 қазан, 2024
- 268
Жаңадан іске қосылған қуаттылығы тәулігіне 3500 тонна цементке қажетті клинкер шикізатын өндіретін өндіріс ошағы Орта Азия бойынша ең заманауи әрі қалдықсыз өнім шығарушы зауыт болып саналады. Сингапурлық International Cement Group LTD компаниясымен өзара ынтымақтастық аясында іске қосылған зауыт желісі алғашқы кезеңде 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, кейіннен жұмысшылар санын 1000 адамға дейін жеткізбек.
Осылайша, құны 50 миллиард теңгені құрайтын өндіріс ошағы жалпы республикадағы цемент өндірісінің 35 пайызын қамтымақ. Өндірістік желінің іске қосылуында сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аталған кәсіпорын Президенттің ел экономикасына инвестиция тартуға бағытталған тапсырмасы аясында іске асқан жарқын жобалардың жалғасы екендігін атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облысымызда бірнеше ірі инвестициялық жобалар іске асуда. Клинкер шикізатын өндіретін өндіріс желісінің іске қосылуы соның бір көрінісі. Аталған зауыт жылына 1,5 миллион тонна шикізат өндіреді. Бұл өнім ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетімізді арттыруға септігін тигізбек. Алдағы уақытта тағы бір сингапурлық компаниямен осы сипаттағы зауыт құрылысын жүргізу бойынша келіссөздер жалғасып жатыр. Өңіріміздің қарқынды даму үстінде екендігін ескерсек, инфрақұрылымдық кешен үшін құрылыс материалдарының сұранысы күн санап арта беретіні түсінікті. Нысан пайдалануға берілген жағдайда жаңа зауыт желісі ірі кәсіпорындар құрылысы үшін сапалы бетон өнімдерін шығаратын болады. Осылайша, өңірімізге шетелдік инвесторларды тарту ісі кешенді түрде жалғасын таба бермек. Жалпы, өңірдің инвестициялық портфелінде құны 3,4 триллион теңгені құрайтын 80-ге жуық жоба бар. Аталған жобалар шеңберінде 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Өз кезегінде өндіріс орнының басшылығы қазірдің өзінде инфрақұрылым бойынша жұмыстар жалғасын тауып, жұмысшылардың баспана мәселесі реттеліп жатқандығын алға тартып, кәсіпорынның стратегиялық мақсаттарына тоқталып өтті.
– Зауыттың іске қосылған қазандық бөлігі өндіріс ошағының негізгі технологиялық тетігі саналады. Ол цемент өндірісіне қажетті клинкер шикізатын шығарады. Қазақстанда бүгінде құрылыс ауқымы кеңейіп келеді. Оның үстіне біз жақында ғана АЭС салу бойынша маңызды шешім қабылдадық. Мұның өзі өнімге сұранысты арттыра түсері анық. Сондайақ, облыстың пайдалы жерасты қазбалары жөнінен республикада үшінші орында екендігін ескерсек, мүмкіндігіміздің мол екендігіне көз жеткізуге болады. Алдағы уақытта шикізат көзімен ғана шектелмей, бетон бұйымдарды да шығаруға ниеттіміз, – деді «Korcem» ЖШС атқарушы директоры Станислав Щербаков.
Ал, зауыт құрылысын елімізде жүзеге асыруға жобаға инвестор ретінде серіктестік танытқан сингапурлық компания өкілдерін шетелдік инвесторларға мемлекеттік қолдаудың ашықтығы мен аймақтың геологиялық ахуалы қызықтырған. Еске сала кетсек, сингапурлық компания 1993 жылдан бастап цемент нарығында жұмыс істеп келеді. Бүгінде әлемдік нарықта ірі өндірушіге айналған кәсіпорын соңғы жылдары Оңтүстік-Шығыс және Орта Азияда өндірісін кеңейтуге ден қойған. Бүгінде аталған кәсіпорынның Тәжікстан мен Қазақстанда еншілес компаниялары бар.
–Қазақстан шетелдік инвесторларға толыққанды қолдау көрсетіп, еркін бизнес жасауға барынша мүмкіндіктерді қалыптастырып отыр. Осыған дейінгі елдегі жүзеге асқан жемісті жобалар мен жұмыс тәжірибеміз мұнда табысқа шығуға болатындығын айқын көрсетті. Сонымен бірге Қордай ауданының табиғи ресурстарға бай болуы әрі шекаралық аймақта орналасуы Орта Азиядағы экспорттық әлеуетімізді арттырары анық. Бүгінгі күннің өзінде компанияның алдын ала болжамдары мұны растап отыр. Сол себептен, ICG (International Cement Group) алдағы уақытта өңірде өз жұмысын жалғастырып, жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, Қазақстанға өзге де инвесторларды тартуға мүдделі, – деді International Cement Group компаниясының атқарушы директоры Бенджамин Чэнь.
Келесі жылы толығымен өндірістік қуаттылығына қол жеткізеді деп жоспарланған зауыт желісі міндетті көрсеткіштерді орындаған жағдайда ел қазынасына 2 миллиард теңге салық түседі деп күтілуде.
Айта кетейік, биыл облыста 35 инвестициялық жобаны іске асырып, 1500 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған болса, бүгінде бұл жобалардың 20-сы орындалып, 700-ге жуық жаңа жұмыс орыны ашылған.
Нұрболат АМАНБЕК
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді