Осы 9 ай ішінде облыстың кәсіпорындары мен мекемелерінде 39 жазатайым оқиға орын алыпты. Оның салдарынан 42 адам зардап шеккен, анығырақ айтсақ, 17 адам ауыр, 18 адам жеңіл, орта жарақат алса, 7 адам қайтыс болған. Осы жағдайларда 6 адам 3 топтық жазатайым оқиғадан зардап шеккен. Барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергептексерулер жүргізіліп, тергеу материалдары ішкі істер органдарына жолданыпты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментінің мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға төмен, ал қайтыс болғандардың саны былтыр орын алған оқиғамен салыстырғанда 1 адамға артып отыр.
– Анықталған заңбұзушылықтарға қатысты жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 41 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 18 ескерту және 14 әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулылар шығарылды. 2,1 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынып, олар толығымен өндірілді. Нәтижесінде еңбек заңнамасының бұзушылықтары толығымен жойылды. Сондайақ, 2024 жылдың 1 жартыжылдығына арналған Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы сақталуының профилактикалық бақылауды жүргізу жоспарына сәйкес 22 кәсіпорында профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізіліп, 185 заңбұзушылықтар анықталды. Оның 104-і еңбек қатынастары, 79-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, 2-уі халықты жұмыспен қамтуға қатысты орын алған. Бұлар бойынша 22 нұсқама берілді. Бүгінгі күнге профилактикалық бақылау жұмыстары бойынша анықталған заңбұзушылықтар толығымен жойылды. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардан 647 арыз-шағымдар түсіп, 543-і қаралып, 104-і бойынша тиістілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданған. Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында облыстық 145 еңбек ұжымдарында 1856 жұмыскердің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторларымен жыл басынан жеке қабылдау жұмыстары барысында облыстық 120 тұрғынға еңбек заңнамаларына қатысты кеңес берілді. Одан бөлек, 145 түрлі іс-шара ұйымдастырылды, – дейді еңбек инспекциясы комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақов.
Жарылқасын Әбдіғапарұлының айтуынша, орын алған әр жазатайым жағдайлар бойынша жұмыс берушілерге оқиға себептерін жою және алдын алу жөніндегі нұсқаулықтар беріліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алыныпты.
Тергеу материалдары бойынша жүргізілген талдауға сәйкес, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері айқындалған. Нақты айтқанда, жұмыс берушілердің еңбекті қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру салдарынан 20 жағдай, оның ішінде жол көлік оқиғалары бойынша 3, жұмыскерлермен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын өрескел бұзу салдарынан 14, жұмыс берушілермен жұмыскерлердің бірдей кінәсінен 5 жағдай орын алған. Ал, қауіпсіз еңбек әдістерін оқытудағы кемшіліктер салдарынан 1 жағдай, жеке қорғаныс құралдарының қамтамасыз етілмеуі немесе қолданылмауы салдарынан 1, тағы да басқа салдардан 3 жағдай болған.
Сонымен қатар, жазатайым оқиғалардың 35 пайызына жәбірленушінің биіктіктен құлауы, 15 пайызына қозғалмалы, айналмалы заттар мен бөлшектердің әсері және 50 пайызына жазатайым оқиғалардың басқа түрлері себеп болған.
– Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия, химия, энергетика кәсіпорындарында және шағын бизнес орындарында байқалады. Жалпы, өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту мақсатында кәсіпорындарда «Халықтық бақылау» жобасы мен «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасын енгізу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күнге облысымызда «Vision Zero» нөлдік жарақат концепциясын 18 кәсіпорын және «Халықтық бақылау» жобасын 13 кәсіпорын енгізді. Жұмыс орындарында еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында 119 өндірістік нысанда 485 жұмыс орны аттестаттаудан өткізілді. Облыстағы кәсіпорындарда 971 кеңестер құрылып, онда 1333 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жұмыс атқарады. Өткен жылы жазатайым оқиғалардың өсуіне орай, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында өңірдегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және азайтуға бағытталып отырған 2024-2026 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы қабылданып, басшылыққа алынды. Сонымен қатар, өндіріске байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру және жасырын өндірістік жарақаттардың алдын алу бойынша облыс әкімдігінің, облыстық прокуратура және облыстық ішкі істер органы арасында өзара іс-қимыл меморандумы қабылданды. Жұмыскер еңбек міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша өткен жылы 4001 кәсіпорынға хабарлама жолданып, нәтижесінде 1595 мекемеде сақтандыру шарттарын жасаған. Ал, биыл хабарлама 3876 кәсіпорынға қайтадан жолданып, нәтижесінде 2272 мекемеде сақтандыру шарттары жасалды. Бүгінгі таңда Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне бұл бағытта тізім жолданған. Сол тізім бойынша жұмыскер еңбек міндеттерін атқарған кезде Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне сәйкес міндетті сақтандыру қажет екені туралы ескерту берілді, – дейді департамент басшысы Ж.Айтақов.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың негізгі бағыттарының бірі – олардың біліктілігі мен еңбек шарттарына сәйкес келетін жұмыскерлерге еңбекақы төлеу. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері ұсынған ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері облыстың 2619 кәсіпорыны, яғни 10 ірі, 48 орта, 2561 шағын кәсіпорын 23680 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 23,7 пайыз көтеріп отыр. Осы жылы мемлекеттік еңбек инспекторларымен облыстық 9 кәсіпорнында 378,9 миллион теңгенің жалақы қарыздары анықталыпты.
Еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаментінің мәліметінше, анықталған қарыздар толығымен жойылған. Нәтижесінде 2011 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған. Биылғы 1 шілдеде облыс бойынша 3 мекемеде, атап айтқанда «Меркі асыл тұқымды зауыты» акционерлік қоғамы, «Луговой жылқы зауыты» және «Шу-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 241 жұмыскердің алдында 102,5 миллион теңге жалақы қарызы қалыптасқан екен. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-і бойынша 87 жұмыскердің алдында 29 миллион теңге жалақы қарызы толығымен жабылып, 2 мекемеде, атап айтқанда «Меркі асыл тұқымды зауыты» АҚ және «Шу-Сервис» ЖШС-інде 89 жұмыскердің алдында 56 миллион теңге қалып отыр.
Сонымен қатар, соңғы алты айда тұрақты кешігіп төленген немесе міндетті зейнетақы жарналарымен әлеуметтік төлемдерді төлемеген 93 кәсіпорын анықталған. Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне кәсіпорындар тізімі жолданыпты.
Бүгінгі таңда 93 кәсіпорынның 14-інде 32,7 миллион теңге мөлшерінде берешегі анықталған. Ал, әлеуметтік аударымдар бойынша 12 кәсіпорынның 8,8 миллион теңге сомасында берешегі бар болып шыққан. Бұл қарыздардың басым бөлігі 3 кәсіпорынға тиесілі. Олар «Шусервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын тоқтатуға байланысты, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-інің кешігіп төлеуіне және «Айя-Сервис» ЖШС-де бүгінгі таңда шоты бұғатталғандықтан орын алған. Кәсіпорын тарапынан оңалту жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Алдағы қараша айында аталған төлемдер бойынша берешек толығымен өтелетін болады дейді департамент басшысы Жарылқасын Айтақов.
Бүгінгі таңда облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндіріп алу шараларын қабылдап жатыр екен. Қайткенде де жұмыскерлер атқарған еңбегіне қарай тиесілі еңбекақысын уақтылы алуы керек және олардың қауіпсіздігінің сақталуы да аса маңызды. Бұл міндеттер заңмен қадағаланатынын ешкім естен шығармаса дейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді