Елдігімізді нығайтып, еңсемізді көтерген ұлттық мереке республиканың барлық аймағында жоғары деңгейде атап өтіліп, өзінің бастапқы салтанатына қайта оралғандай. Мұны түрлі мәдени іс-шаралардың деңгейінен, халықтың көңіл-күйінен аңғару қиын емес. Дәл осындай мәндегі жиындар Тараз қаласында да дүркіреп өтті.Облыс орталығындағы «Баласағұн» мәдениет сарайында өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Әуелі әскери оркестр Мемлекеттік Әнұранды жиналған көпшілікпен әуелете шырқады.
Бұдан соң облыс әкімі жамбылдықтарды айтулы мерекемен құттықтады. Ербол Қарашөкеев өз сөзінде қадірі мен қасиеті бөлек, ұғымы ұлы мерекенің тарихы, саяси және тәрбиелік мәні тереңде жатқанын айта келе, ел ертеңі үшін тер төккен аға буын өкілдеріне алғыс білдірді.
– Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. «Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, біз егемендігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. 2022 жылы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі беріліп, тарихи дамудың жаңа кезеңінде еліміздің басты мерекесі ретінде өткізіліп келеді. Бұл күні тәуелсіздік алуға жол ашқан егемен еліміздің декларациясы қабылданғаны баршаңызға белгілі. Осы құжат арқылы Қазақ Елі, өзінің дүниетанымын, болашаққа деген көзқарасын әлем елдеріне мәлімдеді. Еліміздің «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеу құқығы» жарияланды. Біз бүгінгі жетістіктерімізге тәуелсіздік пен бейбітшіліктің арқасында қол жеткізудеміз. Оны жас ұрпақтың санасына сіңіре алсақ, бұл шын мәнінде ұлттық болмыстың жаңғыруы болары сөзсіз. Ал, жастарымыз тәуелсіз елімізді өркендету жолында жаңашыл бастамалардың иесі боларына сенімім мол. Осы ретте аға буын өкілдеріне ел үшін еткен еңбектеріңіз бен туған жерге жанашырлықтарыңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Еліміздің өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз табысты, еліміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға береке-бірлік тілеймін! Халқымыздың еңсесі биік, еліміздің іргесі бүтін, егемендігі баянды болғай, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Салтанатты жиын барысында аймақ басшысы мерекеге орай және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматты марапаттап, құрмет көрсетті. Президент Жарлығына сәйкес бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырылды.
Атап айтқанда, ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары, сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» сияқты құрметті атақтары берілді. Ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін түрлі этнос өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының мерекелік марапаттарына ие болды.
Бұдан бөлек, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы салтанатты түрде тапсырылды. Мерекелік кеш соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
АҚШ билігіне Трамп қайта келді: Алдағы ахуал қандай болмақ?
- 11 қараша, 2024
Аймақ намысын қырық палуан қорғамақ
- 11 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді