Жамбылда Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті
- author «Ақ жол»
- 24 қазан, 2024
- 358
– Құрметті жамбылдықтар, қадірлі қауым! Баршаңызды ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – азаттықты аңсаған бабаларымыздың арманы орындалған күн. Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. «Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз егемендігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек, – деді Ербол Қарашөкеев.
Аймақ басшысы өз сөзінде 2022 жылы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі берілгенін еске салып, оның еліміздің басты мерекелерінің біріне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ, Ербол Шырақпайұлы биылғы жыл өңір үшін әлеуметтік - экономикалық тұрғыда оң динамикаға толы кезең болғанын айта келіп, толайым табыстарға тоқталды.
– Биыл 26 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып, бесеуі пайдалануға берілді, оның 3 нысаны «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында іске асты. Жыл соңына дейін тағы 16 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ 4 нысанға күрделі жөндеу жүргізілуде. Денешынықтыру және спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп, бұл салада да оң өзгерістерге қол жеткіздік. Бүгінгі күнге 4 спорт кешені ел игілігіне берілді. Осы саладағы ерекше жетістік – Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарында Елдос Сметовтің алтын медаль жеңіп алғаны. Бұл жеңіс жолын Паралимпиада жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали да жалғастырды. Өңірдің жалпы бюджеті 696,7 миллиард теңгеге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда облыс қазынасы 7,6 пайызға өсті. Бұл ауқымды қаражат облыстың өзекті мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалуда, – деді әкім өз сөзінде.
Іс-шара барысында Ербол Қарашөкеев өңірдің әлеуметтік - экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға III дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» сияқты мемлекеттік наградаларды табыстады. Атап айтсақ, III дәрежелі «Барыс» орденімен Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов, «Парасат» орденімен Жамбыл аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев, білім саласының ардагері Айша Ниязбекова марапатталды. Ал, «Құрмет» орденімен Жамбыл облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор - бас редакторы, ҚР Журналистер Одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов бастаған жалпы саны 6 азамат үлкен құрметке бөленді.
Сондай-ақ, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағына «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана Райкүл Рәпішова, журналист-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлепберген Мейрамбек, білім саласының ардагері Сұлушаш Құрманбекова, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының Алматы өңіріндегі өкілетті өкілі Шерқан Раздықов, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының кеңесшісі Батырбек Құлекеев, «А. Рязанов атындағы N25 көпір құрылысы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Болат Рысмендиев, еңбек ардагері, меценат Болат Сауранбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, «А.Тоқпанов» атындағы облыстық драма театрының әртісі Әбиірбек Тінәлі, «Трансфер» шаруа қожалығының басшысы Владимир Бондаренко ие болды.
Сонымен қатар салтанатты жиында «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Аq jol» газетінің аға тілшісі Жүрсінгүл Жақыпқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі табыс етілді.
Жиынның ресми бөлігі аяқталған соң, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. Ән мен күйге толы кеш көрермендерге рухани демалыс сыйлады. Сондай-ақ, танымал эстрада жұлдызы Мадина Сәдуақасова да тамаша өнер көрсетті.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді