Жасыратыны жоқ, қазір балалар кітап оқығаннан гөрі смартфонға үйір. Бәлкім, балалар кітапханашыларының байқауын өткізудегі мақсаттың астарында жасөспірімдердің кітапқа деген құлшынысын арттыру да бар шығар. Бұлай ой түюімізге балалар кітапханашыларының байқауда көрсеткен түрлі жобалары түрткі болды. Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тарту үшін кітапханашылар жаңаша әдістәсілдерді пайдаланып, өздері ойлап тапқан жобаларымен сынға түсті. Облыстық байқауға Байзақ, Шу, Жамбыл, Сарысу, Жуалы, Мойынқұм, Меркі, Қордай, Талас аудандарының балалар мен жасөспірімдер кітапханаларынан 9 үміткер қатысты.
Алғашқы кезең бойынша олар өздерін, жұмыстарын ұтымды әдіспен таныстырып, партфолиоларын ұсынды. Осы кезеңде өз жұмысына жасанды интеллектті қолданған Жамбыл ауданының кітапханашысы Замира Хожамқұлованың жұмысы замана жаңалығын жетік меңгере білетін талапшылдығын танытты.
Байқаудың екінші кезеңінде қатысушылар «Менің мамандығым – менің мақтанышым» атауымен жаңа форматтағы үздік жұмыс түрін ұсыну керек. Яғни, өздері жас оқырмандарды кітапханаға қызықтыруда қолданатын бағдарламаларын, бір немесе бірнеше бағыт бойынша даму жобасын, еркін жұмыс түрін көрсетеді. Бірінен бірі асқан кітапханашылардың жобалары ішінде, әсіресе Сарысу ауданының кітапханашысы Әсем Тұрсынбай өзімен бірге жас оқырмандарын ерте келіп, қуыршақ театрын көрсеткені ерекше әсерлендірді.
Ертегі кейіпкерлерінің бейнесін киізден тігіп, оны балалар қолдарына киіп, қызықты театрлық қойылым көрсетті. Театр сахнасының макетін қатты қағаздан сәндеп жасағаны да көзге түсті. Алғашқы кезеңде ізденімпаздығымен көзге түскен Жамбыл ауданынан келген Замира Дүйсенғалиқызы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арнап ауданда өткізген мәнерлеп оқу жарысынан үздік болып топ жарған оқырмандарымен облыстық байқауға келіп, «Менің атым Қожа» шығармасының үзіндісін сахналады. Бұдан кейін қатысушылар үздік библиографиялық шолу, кітапханашы мамандығына қатысты сұрақ-жауап кезеңдерінде білімдерін сынап, соңында өз өнерлерін көрсетті.
Осындай сынақтардан кәсібиліктерін, білімдерін байқатқан кітапханашылар арасында Жамбыл ауданының кітапханашысы Замира Хожамқұлова озық шығып, бірінші орынға лайық деп танылды. Ал, екінші орынды Меркі ауданының кітапханашысы Айнұр Ергеш жеңіп алса, үшінші орынды Байзақ ауданының кітапханашысы Ақмарал Саршаева олжалады. Басқа қатысушылар өздері көрсеткен жұмыстарына қарай түрлі аталымдармен марапатталды.
– Бұл байқауда біз жас мамандардың шығармашылық жетістіктерін айқындап, еңбектің жаңа формалары мен әдістерін енгізуге ықпал етуді, ұжымда позитивті жұмыс дәстүрін қалыптастырып, кітапхана мен оның қызметкерлерінің имиджін нығайтуды көздедік. Кәсіби шеберлікті жетілдіру, шығармашылығы мол адамдарды анықтау және оларды мадақтау мақсат етілді. Мұндай байқаулар облыстың балалар кітапханаларындағы жұмыс түрлері мен әдістерін жетілдіреді. Сонымен қатар, қатысушы мамандар облыс балалары мен жасөспірімдеріне кітапханалық және ақпараттық қызмет көрсетудің қызғылықты түрлерінің нәтижелерімен бөліседі. Байқау арқылы бүгінгі күні балалар мен жасөспірімдер кітапханаларында оқырмандардың қойған талаптарына сай бола алатын білімді, мақсаткер, шығармашыл, өзгерістерді дер кезінде көріп, дұрыс шешім қабылдай алатын жоғары деңгейдегі мамандар анықт а лады. Қатысушылар өзге әріптестерінің озық тәжірибесін алып, өз жұмысында пайдалана отырып, одан да ұтымды тәсілді ойлап табуына мүмкіндік алады. Байқау өз мақсатына жетті деп ойлаймын, себебі расымен де заманауи жетістіктерді өз жұмыстарына тиімді пайдаланған кітапханашылар кездесті. Кәсіби мерекемен барша әріптестерімді құттықтай отырып, сәттілік пен шығармашылық табыс тілеймін, – деді Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гульфайруз Инкарбекова.
Кітапхана ашылардың байқауда көрсеткен еңбектерінен оқырмандарды кітап оқуға қызықтыра тарту үшін үнемі ізденісте жүретіні аңғарылды. Тіпті, балалардың қызығушылығын тудырған цифрлық техниканы да кітапханашылар өз саласының жұмысына ұтымды пайдаланатындары көрінді. Байқаудың соңында облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ауданнан келген кітапханашыларға әдістемелік көмек ретінде үздік жобалар мен оның жасалу жолдары туралы кітапшалар таратылып, дәстүрлі емес үздік кітап көрмелерін көрсетіп, таныстырды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді