Айтары көп газеттің мерейтойы «105 жыл – барша жаңалықтардан хабардар» атты конференциямен аталып өтілді. Алқалы басқосуда басылымның кешегісі мен бүгінгі беталысы айтылып, қоғамдық мәселелер де қозғалды. Биыл 85 жыл толып отырған облысымыздың тарихи оқиғаларына шолу жасалды. Облыстың белді басылымының бұл мерейтойын өткенді екшеп, ертеңге бағдар жасар белес десек артық емес.
Конференция фототілші Юрий Кимнің ұйымдастырған «Ғасырдан да ұзақ уақыт» атты фотокөрмесімен басталды. Онда «Знамя труда» газетінде еңбек еткен қаламгерлер, журналистер, фототілшілердің және басылымның әр жылдары жарық көрген бейнелері таспаланған суреттер қойылған. Сонымен қатар, Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында бір ғасырдан бері сақталған газет тігінділері де осы көрмеден орын тапты. Конференцияны жүргізген ардагер журналист, «Знамя труда» газетінің бұрынғы бас редакторы Бекет Момынқұлов түрлі тақырыптарда мақалалар әзірлеп, сапалы газет шығару барысында болған өнегелі естеліктерді де еске салды. Редакция ұжымын басылымның мерейтойымен құттықтаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің лебізін жеткізген орынбасары Қанатбек Мәдібек редакция ұжымына шығармашылық табыс, баянды ғұмыр тіледі.
– Газет – түрлі мәселелерді, облыс әкімдігінің, оның ішінде мемлекеттік органдардың, жалпы осы өңірде атқарылып жатқан оң істердің жаршысы. Фотокөрмеден осы газетте бір ғасырдан бері жұмыс істеген аға буынның еңбектерін көрдік. Сол кісілер жасаған үлкен еңбектерді бүгінгі жас тілшілер жаңа уақыт сұранысына лайықты түрде жалғастырып келеді. Болашаққа басқан қадамдарыңыз баянды болып, оқырмандарыңыздың қатары жас ұрпақпен толыға берсін, – деп Қанатбек Қайшыбекұлы облыс әкімінің құттықтау хатын «AULIEATAMEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлына табыстап, еңбегімен еленген бірқатар әріптестерді марапаттады. Атап айтсақ, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен газеттің фототілшісі Юрий Ким, ардагері Бекет Момынқұлов, аға тілшілер – Камила Полякова мен Лола Нұрматова, облыс әкімінің Алғыс хатымен аға тілші Алексей Поляков пен газеттің бұрынғы бас редакторы Татьяна Борисенко марапатталды.
Ғасыр жасаған басылымның мерейлі жиынында өңірдің бұқаралық ақпарат құралдарының жайы да сөз болды. Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов облыстағы БАҚ саласының дамуы туралы баяндама жасап, кеңестік кезеңмен салыстырғанда қазіргі баспасөз тәуелсіз, еркін екенін айтты.
Журналист халықтың ішінде жүріп, биліктің көзіне түсе бермейтін жайттарды жеткізуші алтын көпір екенін айтқан Жаңабай Миллионов жамбылдық бұқаралық ақпарат құралдары бір-бірімен тәжірибе алмаса отырып, жаңашылдықты жылдам меңгеріп, даму үстінде келе жатқанын жеткізді.
Шежірелі газеттің мерейтойымен құттықтаған ол Журналистер Одағының марапаттарын табыстады. «Знамя труда» газетінің аға тілшісі Индира Боташова мен бас редакторы Людмила Мельникті Қазақстан Журналистер Одағының Құрмет грамотасымен марапаттап, тілші Лариса Губашеваға «2024 жылдың үздік журналисі» төсбелгісін тақты.
Өткір сөзімен, жалынды жариялымдары мен оқырмандарының жүрегінен орын алған басылымның мерейтойымен құттықтаған Ел Президентінің кеңесшісі-баспасөз хатшысы Берік Уәлидің мерекелік лебізін облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дархан Акишев жеткізді. Бұқара лық ақпарат құралдарының қоғамға әсері жөнінде сөз сөйлеген ардагер журналист Көкен Оршабеков «Знамя труда» газетінің көптеген мақалалары біраз мәселелердің оң шешілуіне ұйытқы болғанын айтты.
Ал, газеттің өткені мен қазіргі беталысы, ұжымның жайкүйі жөнінде мәлімдеме жасаған бас редактор Людмила Мельник мерейтойды кешегінің нәтижесі мен бүгінгінің бағытын саралайтын кез деп бағалады.
– Алдымен газетіміз бүгінгі 105 жасқа қандай нәтижелермен жетті дегенге тоқталайын. Әуелі айтарым – бүгінде біз ауқымды өзекті жаңалықтарды тек газетте емес, сайтымызға және әлеуметтік желілерімізде де жариялай аламыз. Екіншіден, біздің оқырмандарымыз қазір газетке «Kaspi Bank» және «Halyk bank» қосымшалары арқылы ешқайда бармай-ақ жазыла алады. Үшіншіден, біз алдыңғы буынның үздік дәстүрлерін жалғастыра отырып, өңіріміздің жаңалықтарын жариялап, аптасына үш рет газет шығарамыз. Бұл – біздің басты жетістігіміз. Қазіргі ақпарат айдынында бәсеке қызған шақта біз де үздіксіз ізденіспен, дамылсыз еңбекпен сәт сайын жаңарған лекке ілесіп, өз биігімізден түспей келеміз. Біздің ұжымның әрбір мүшесі өз кәсібінің шебері екенін айтпай кетуге болмас. Атап айтсам, бас редактордың орынбасары Гүлжан Асанова, жауапты хатшы Валентина Прокофьева, аға тілші Индира Боташова, компьютерлік цех меңгерушісі Станислав Манько, дизайнерлер Елена Дунаевская мен Татьяна Колбинцева өздерінің үздік тәжірибелерін, білгендерін кейінгі жастарға үйретуден жаңылған емес. Сонымен қатар, жан-жақтан түрлі тақырыптардағы мақалаларын жіберіп отыратын штаттан тыс тілшілерімізге, тұрақты авторларымызға да газетіміздің бүгінгі мерейтойы ортақ, бізбен бірге бір мақсатқа жұмылған еңбектеріне ризашылығымызды білдіреміз. Осыншама уақыттан бері бізді қолдап, жазған әрбір мәселелерімізге ө з пікірлерін білдіріп жүрген оқырмандарымызға да айтар алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да басылымның жеткен биігін одан ары өрлетіп, жұмыла жұмыс істеп, өңіріміздің, еліміздің дамуына өз үлесімізді аянбай қоса береміз, – деді 105 жасқа жеткен газеттің бас редакторы Людмила Мельник.
Конференция қорытындысында облыстың үш газетін біріктірген «AULIEATAMEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, ұжым мүшелерін мадақтамалармен марапаттады. Айтулы мерейтоймен құттықтап келген меймандар өз ақ тілектерін ақтарып, сыйсияпаттарын тарту етті. Жиын соңын облыстық филармонияның әншілері әуезді әндерімен қорытындылады.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді