Еліміздің барша тұрғындары үшін жылына 530 мың тонна тәтті түбір қажет. Жыл он екі айдың ішінде осындай көлемдегі қант өніміне сұраныс бар. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтқан болатын.
«Бүгінде елімізде 30 мың тонна қант қоры бар. Қазіргі уақытта Тараз және Көксу қант зауыты тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, мамыр айында Меркі қант зауыты іске қосылады деп отырмыз. Осылайша, үш өндіріс орны ішкі нарықты қантпен толық қамтиды. Жалпы, еліміздің тұрғындарына қанттың қажеттілігі 530 мың тонна болса, оның ішінде 380 мың тонна импортқа тиесілі. Елімізге өнімнің 85 пайыздан астамы Ресейден келеді. Аталған елдің қантты экспорттауға шектеу қоюы біздің нарыққа әсерін тигізді. Дегенмен, біз бұған дейін де айтқанбыз, Қазақстанда қант тапшылығы жоқ. Сонымен қатар, біздің министрлік Еуропалық экономика лық комиссиямен бірлесіп, елімізге сырттан қантты баж алымынсыз жеткізуге қосымша квота бөлу мәселесін қарастырып жатыр», – деген еді.
Министрлік өкілінің сөзінен аңғарғанымыз, қантқа сұраныс қай кезде де бар. Тұрғындарға аса қажетті қант өнімін шығаруда жамбылдықтар көш басында.
Тараз қаласы мен Меркі ауданы аумағында екі қант зауыты бар екені көпшілікке белгілі. Тараз қант зауыты жылына 250 мың тонна қант өндіріп, еліміздегі қажеттіліктің жартысына жуығын өтеп келді. Оның үстіне, зауыт 500 адамды тұрақты жұмыс көзімен қамтып отыр. Ал, Меркі қант зауытының жылына шамамен 200 мың тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндігі бар. Меркіде 300 адам осы қант зауытынан жалақы алады.
Зауыттардың қалай жұмыс істеуі, күшеюі немесе әлсіреуі осындағы адамдардың табысына, тіпті, тұрмыстық жағдайына әсер етеді. Соңғы кездері ел арасында Тараз қант зауыты сатылады екен, сатылып кетіпті деген де сөз тарап жатыр.
Біз мәселенің мәнісін білмек болып, зауыт директоры Александр Шлегельге қоңырау шалып, байланыса алмадық. Бірақ, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың пікірін білдік. Бұл салада нарық бағасына байланысты да біраз түйткілдер бар екен.
«Бұрын жоғары қарқынмен жұмыс істеп келген қант зауыттарында қазіргі таңда ара-тұра іркілістер болып қалады. Оның өзі зауыттардың қозғалысына әсер етеді. Қазір қант бағасы Тараз қаласында 350, Меркі ауданында 320 теңге. Алайда, Ресейден 290 теңгенің қанттары келіп, сатылып жатыр. Бұл жағдайда жергілікті зауыттардың өнімдерінің өтуіне, бағаға кері әсер етуде. Қант зауыттарының жағдайы қай кезде ретке келеді? Бұл зауыттардың жағдайы Өзбекстан, Қырғыз, Қазақстан мемлекеттерінің нарығында қант бағасының килограмы 400 теңгеден сатылған кезде ретке келеді. Қазір өңірдегі екі зауыт та шығынмен жұмыс істеп жатыр. Тараз қант зауыты әзірге сатылған жоқ. Зауыт кездесіп жатқан қиындықтарға қарамастан біраз құрылғыларын жаңалап алды. Қазіргі таңда Тараз қант зауыты да, Меркі қант зауыты да жұмысшыларына тұрақты айлық беріп келеді. Қандай жағдай болып жатса да, жалақы төлеу мәселесінен ешқашан жанжал шыққан емес. Сол үшін аталған зауыт басшылығына тек алғыс айтамыз. Еңбек адамының жұмысы лайықты бағаланып отыр» – деді.
Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі болады. Шу – тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан. Әсіресе, егіншілікті дамытуға мүмкіндіктері мол. Мәселен, шулықтар биыл 73180 гектарға түрлі дақылдар орналастырып, мол өнімге қол жеткізіп отыр. Қажет болса, бұл көлемді ұлғайтуға да болады. Еліміздің тұрғындарын тәтті түбірмен қамту қай кезде де өзекті.
Аталған ауданнан қант зауытын салу мәселесі біраз жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Шу қаласында Кеңес Одағы кезінде қант зауыты болған. Ол кәсіпорында мыңдаған адам еңбек еткен. Қант дайындауға арналған қондырғылар да сапалы болыпты.
Бүтін нәрсенің бүлінуі оңай ғой. Кейіннен ұзақ жыл қараусыз қалып, бөлшектері шетінен сатылып, қалдығы ғана қалған көрінеді. Кезінде 7 мың адамға жұмыс көзі болған кәсіпорынның бұл күнде орны ғана жатыр. Шулық ақсақалдар сол орыннан жақсы қант зауыты салынса, жүздеген жұмысшылар еңбекпен қамтылса деген тілекте. Бұл жөнінде әуелі ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы, ұзақ жыл кеңшар директоры, ауылдық округ әкімі қызметтерін атқарған Жапарқұл Тәжиевті сөзге тартқан едік. Ол саладағы өзекті мәселелерге тоқталды.
– Негізі Шу ауданында қант зауытының болуы өзге аудандарға қарағанда өте тиімді. Қазір жиын-терін кезінде қызылшамызды жүк көліктері арқылы Меркі қант зауытына апарып жүрміз. «КамАЗ» көліктері бір тасымалына 100 мың теңге сұрайды. Бір «КамАЗ» көлігінің бір тасымалы осынша шығынды қажет етсе, одан бөлек қаншама қаржы шығуы тиіс сәттер бар? Рас, Үкімет субсидия төлеп жатыр. Сонда да тасымал кезінде шаруалар едәуір қиналатыны рас. Қызылшаның әр килосына 40 теңгеден Үкімет тарапынан қайтарым бар. Тіпті, көше тұрғындары есігінің алдындағы 25 соттық жерге қызылша өсіріп сатса, мемлекеттің жеңілдігіне қол жеткізе алады. Ал, қазір жұрттың бәрі пияз егіп жүр. Пияздың килограмы 40 теңгеге жетпейді. Оны Сібірге апарып сатып жүргендер бар. Жол шығыны қаншама десеңізші! Басқа егіс түрлерімен салыстырғанда қызылшаның шығыны аз, пайдасы жақсы. Келесі жылы дүнген ұлтының диқандарымен бірге 30 гектарға тәтті түбір өсіремін деп жоспарлап отырмын. Егер Шу қаласынан зауыт ашылса, қант қызылшасының көлемін үш есеге арттырар едім. Себебі, пайдасы бар екеніне көзім анық жетіп отыр. Кеңес Одағы кезінде біздің осы «Жаңажол» кеңшары 1 мың гектарға дейін қант қызылшасын өсірген. Аталған кеңшарда 11 азамат Социалистік Еңбек Ері атанса, олардың бірнешеуі қызылша өсірушілер болған, – деді ол.
Ал, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агрономы Гүлнар Тұрлыбекова: «Аудан бойынша биыл қант қызылшасы 1030 гектарға себілген. Оның көпшілігін қызылша өсірумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өсіріп отыр. Тәтті түбір өсіруге биыл қам жасамаған ауылдық округтер де бар. Егер қант зауыты ашылса, аудан диқандарына өте тиімді болар еді. Ол кезде қызылша өсіру көлемін кемінде үш есеге арттыруға болады», – дейді.
Еңбек ардагері Несіпхан Қоңырбаев: «Менің мамандығым – мұғалім, зейнеткермін. Бірақ, Шу қант зауыты ашылса деген тілекте жүрген адаммын. Егер біздің ауданнан қант зауыты ашылса, 10 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп, өсірер едім. Зауыттың өнімі мол болуына өз үлесімді қосатын едім. Егінмен айналысып жүрген көптеген еңбеккерлер тәтті түбір өсіруге ынталанатын еді. Ол кезде көптеген шаруа қожалықтардың еңсесі көтерілетіні айдан анық», – деді.
Міне, осылайша, зауыттың ашылуына қарапайым еңбек адамдары да тілек қосып отыр. Асыраушы саланың қыр-сырын білетіндер қандай өнімнің тиімді екенін, пайдасын ойлап, қадам жасайды. Бұл, әрине, құптарлық іс. Дегенмен, ел арасында қант зауыты салына ма, салынбай ма деген пікірлер бар. Біз облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірахым Желеубаевқа хабарласқан едік.
«Шу қаласының маңынан қант зауытын салған, әрине, тиімді. Жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтудан бөлек, тәтті түбірді өткеру кезінде де жеңілдіктерге қол жеткізер едік. Бірақ, біраз жылдан бері айтылып келе жатқан сол зауытты сала алмай отырмыз. Қолды байлап отырған – қаражат. Осы қант зауытының құрылысына қаражат бөлдіру күрделеніп тұр. Әйтпесе, Шу ауданына қант зауыты аса қажет», – деді ол.
Ал, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков: «Ауданымызда қант қызылшасын өсіруге мүмкіндік жоғары. Қызылша өсірумен шұғылданатын серіктестігіміз бар. Бұдан бөлек, ауылдық округтердегі шаруа қожалықтарды да осы іске ынталандыруға болады. Меркі қант зауытының өнім өндіру көлемі жылына 250 мың тоннадан аспайды. Сондықтан, ауданымызда ондай зауыт салынып жатса, тек қолдау білдіретін едік. Бәрі қаражатқа байланысты. Республикалық бюджеттен қолдау болса, бұл зауыт өзін-өзі ақтайды деп толық сеніммен айта аламын», – деді.
Әрине, зауыт салу оңай шаруа емес. Мұндай ірі жобаларға мың ойланып, жүз толғанып барып, құрылысқа республикалық қазынадан қаржы бөлініп жатады. Бұл жобаның республикалық комиссияда қолдау табатыны немесе таппайтыны белгісіз. Қолдау тапса да келесі жылы салына ма, әлде бес жылдан кейін салына ма, ол жағын да ешкім тап басып айта алмайды. Ал, әзірге шулық диқандар өз аудандарынан зауыттың ашылуын асыға күтіп жүр.
Есет ДОСАЛЫ
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді