«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бағасы биік, мәні мәңгілік мереке

Бағасы биік, мәні мәңгілік мереке
Ашық дереккөз
Елдігіміздің елеулі нышаны іспетті Республика күні барша қазақстандықтар үшін аса маңызды мереке. 1990 жылы Егемендік туралы Декларация қабылданып, еліміздің Тәуелсіздігіне бастапқы қадам жасалғандығымен де мәні ерек бұл мерекенің күллі қазақ жұрты үшін бағасы биік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды.

Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат», – деп бұл күннің маңызын айшықтап берген еді.

Әлемге дербес мемлекет болып танылған Қазақстанның болашаққа жаңаша бағыт алып, қарқынды қадам басуы халқымыздың болмысбітімін танытады. Өз көшбасшысын өзі сайлап, саяси реформаларға әрбір тұрғынының үн қосуы мемлекетіміздің зайырлылығын көрсетеді. Бүгінде халық қандай табысқа қол жеткізсе де, ол тәу етер Тәуелсіздікпен келген жетістік.

Еліміз егемендікке жету жолында қаншама жылдар бойы жан аямас ерлік жасап, небір нәубетті бастан кешкені баршаға аян. Сондай күшқайратпен, асқан ерлікпен келген Тәуелсіздікке алғашқы баспалдақ болған Республика күні біздің халық үшін жай ғана мереке емес, кешегіге салауат айтып, болашаққа айқын бағдар жасайтын басты күн.

Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады, – деген Президент декларация қабылданып, мемлекетіміздің тәуелсіздікке бастаған күнінің мәнін тереңінен сөз еткен еді.

Тәуелсіздікке жету қаншалықты қиын болса, оны ұстап тұру одан да қиын екені айтылып та жүр. Бүгінгі ұрпақтың басына бұйырған бұл бақыт халықтың бірлігімен, ортақ мүддеге ұйыса білуімен тұрақтамақ. Сондықтан, Республика күнін елдің бірлігі, бір мақсатқа жұмылған ерлігі күні, ұлық күн десек те болғандай. Бүгінде ана тілімізді мемлекеттік тіл мәртебесіне көтеріп, өз Елтаңбамызбен бедерленіп, Әнұранымызды көкте әуелетіп, көк Туымызды биікке көтеріп, өз валютамызбен әлем нарығында өзгелермен теңескен елдігіміз Тәуелсіздікпен ғана жүзеге асты.

Бүгінгі таңда еліміздің әлем арасындағы беделі артып, экономикалықәлеуметтік тұрғыда дамыған мемлекетке айналды. Тәуелсіздікпен бірге ұлттық салтдәстүріміз қайта түрленіп, өзгеше сипатқа ие болды. «Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағынаны беретіні көзі қарақты жұртқа мәлім. Бір шаңырақ астындағы халықтың ортақ іске жұдырықтай жұмылған татулығын, отаншылдығын танытатын күнде елге құт-береке әкелер игі істер қатары артсын дейік.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар