Он жылға созылған соғысқа Қазақстаннан 22 мыңға жуық адам қатысып, 780-і қаза тауып, 22 адам хабар-ошарсыз кеткен. Қолдағы дерек бойынша сол жылдары өзінің Отан алдындағы және интернационалистжауынгер ретінде борышын өтеуге 150 шулық аттанған. Өкінішке қарай, солардың ішіндегі 7 жерлесіміз туған жерге табытпен оралды. Жыл сайын 15 ақпан күні өтетін ерлікке құрмет шарасы биыл да жалғасын тапты. Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай аудан басшылығы, ауған соғысының ардагерлері, боздақтар мен батырлардың туыстары мен аудан тұрғындары ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, қанды шайқаста ерлікпен қаза тапқан «Қызыл жұлдыз» орденінің иелерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бұдан кейін, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев жиналғандар алдында сөз алып, мыңдаған адамның жүрегіне жара салған соғыстың зардабына тоқталып өтті. Сондай-ақ, ол арамызда жүрген 70-ке жуық ардагердің өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне қосып жүрген елеулі үлестері үшін алғыс айтып, аға буын өкілдеріне жылы лебізін жеткізді.
– Бүгінде Ауған соғысының алауында жалын кешкен ардагерлер өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берсе, енді бірі өнеркәсіп, өндіріс, шағын және орта бизнес саласында еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына атсалысуда. Осы орайда жастарды Отанды сүюге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу ісіндегі қызметтеріңіз үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Жат жердегі сұрапыл соғысқа 150- ге жуық шулық жауынгер аттанып, өкінішке қарай Махаметжан Абдуғаниев, Бауыржан Таятаев, Хамидулла Хамиджанов, Андрей Волощенко, Дулат Өтепов, Азамат Қойлыбаев пен Қайрат Орынбаев сынды жеті жауынгер сонда қаза тапты. Олардың барлығы көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды, – деді Найман Кенжеханұлы.
Сонымен қатар, жиын барысында Шу аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Жандос Әбиев жалындаған жігіттік шағында қан майдан көрген жаужүрек жауынгерлер жөнінде өз ой-пікірін ортаға салды. Ал, Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Бұралқы Шынарбеков 7 ардагер медициналық ұйымдарда тиісті ем-шара қабылдағанын жеткізді. Жиын соңында Ауған соғысының ардагерлеріне аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Бұл күні 70-ке жуық ардагер мерекелік медальдарға ие болса, жат жерде жан тапсырған боздақтардың жақындарына құрмет көрсетілді.
Есен ӨТЕУЛІ
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді