«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кәсібіне адал әріптес

Кәсібіне адал әріптес
Ашық дереккөз
Төтенше жағдайлар жүйесінде қызмет ету тек терең білім мен дағдыларды ғана емес, сондай-ақ өз ісіне деген үлкен адалдықты талап етеді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Сәуле Мунатаева 13 жылдан астам уақыт бойы ең күрделі және қауіпті оқиғалар туралы ақпарат беруде маңызды рөл атқарып келеді. Оның жалпы еңбек өтілі 42 жылға жуық, бұл оның еңбексүйгіштігін және өз кәсібіне деген шексіз адалдығын көрсетеді.

Өз мансабын осыдан көп жыл бұрын бастаған Сәуле ұзақ жолды артта қалдырды, сол арқылы ол тәжірибелі маманға және құтқарушылар командасының маңызды мүшесіне айналды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қызметке кіріскен алғашқы күннен бастапақ ол кәсіби біліктілік пен адами қасиеттердің сирек үйлесіміне ие екенін көрсетті. Бұл оған қиын салада үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік берді. Департаментте қызмет еткен жылдары Сәуле Асетқызына қаншама рет құтқарушылардың төтенше жағдайлардың салдарын жою кезіндегі қиын жұмысын жариялау міндеті жүктелді десеңізші?!

Мәселен, 2013 жылы қуатты дауыл жүздеген шатырларды қиратып, ағаштар мен электр бағандарын құлатқан кезде Сәуле Қаратау және Жаңатас қалаларында оқиғаның эпиорталығында болып, тұрғындарға жедел ақпарат жеткізіп отырды. Ал, 2021 жылдың тамыз айында Байзақ ауданында орын алған қайғылы оқиға кезінде Сәуле жедел штабтың құрамында жарылыстың салдарын жою шаралары туралы ақпараттық қолдау ұйымдастырып, мемлекеттік органдардың әрекеттерін және журналистер мен блогерлермен жұмысты үйлестірді. Биыл ақпан айында Қордай ауданында болған қар құрсауы кезінде республикалық тасжолдың жабық учаскесінде қалып қойған адамдардың аманесен құтқарылғаны туралы нақты ақпарат беру үшін ол өзге қызмет құрылымдарымен тұрақты байланыста болды. Сол кезде оның психолог ретіндегі дағдылары да қажетке жарады.

Төтенше жағдайлар жүйесіндегі баспасөз қызметінің жұмысы – бұл тек оқиғалар мен төтенше жағдайлар туралы жедел ақпарат таратумен шектелмейді. Сәуле Асетқызы өзге әріптестерімен бірге қызметтің оң имиджін қалыптастыруға қатысып, медиамен байланыс орнатады. Оның жедел жұмысының арқасында ақпарат әрқашан тұрғындарға жылдам әрі дәл жеткізіледі, бұл байланыс саласындағы қызметкер үшін аса маңызды.

Сәуле Мунатаеваның ұзақ жылдардан бері өзі еңбек ететін азаматтық қорғау саласына қосқан үлесін асыра бағалау қиын. Білікті маманның терең білімі, тәжірибесі мен адалдығы ақпараттық науқандарды тиімді ұйымдастыруға ғана емес, сонымен бірге халықтың төтенше жағдайлар жүйесіне деген сенімін арттыруға да көмектесуде. Жұмыс барысында ол әріптестеріне үлгі болып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде дұрыс және уақтылы коммуникацияның қанша лықты маңызды екенін көрсетіп келеді.

Сәуле Асетқызы – тек баспасөз қызметінің маманы ғана емес, құтқару қызметі мен қоғам арасындағы байланыстырушы буын. Оның еңбегі құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің біздің өміріміздегі рөлінің маңыздылығын түсінуге ықпал етеді, ал жеке тәжірибесі мен қызметіне адалдығы оны өз ісінің нағыз кәсіби маманына айналдырды деуге әбден болады. 

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар