Жиында 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында тұрғын үй секторында өрттер мен улы газбен уланудың алдын алу жөніндегі ісшаралар туралы мәселелер қаралды. Сондай-ақ, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірле сіп, облыс бойынша әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар 3957 тұрғын үйдің тізімі нақтыланды. Жылыту маусымы басталғанға дейін 15 тамыз мен 15 қыркүйек аралығында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлері аулаларын аралауды толық жүзеге асырды.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Дархан Қалдырбек өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі шараларына арналған баспасөз мәслихатында хабарлады. Баяндамашы жылыту маусымының алдында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігі т алапт ары орындалған «үлгілі үйлерді» анықтау бойынша жұмыстар жүргізілгенін айтып өтті. Осы ісшараның нәтижесінде облыс аумағында 7 көпқабатты «үлгілі үй» анықталып, белсенді тұрғындар мен пәтер иелерінің жергілікті кооперативтерінің өкілдері марапатталған. Сонымен бірге, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, өңірде жылыту маусымын қауіпсіз өткізу мақсатында, 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін облыс аумағындағы тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізді. Айлық барысында тұрғын үй секторындағы өрттер мен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу және жол бермеу үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылды.
Аталған шараны өткізу кезінде 12 586 тұрғын үйді аралап, жылыту маусымы кезінде өрт салдарынан адамдардың қаза болуының алдын алу үшін 27 689 азаматқа нұсқаулық берілді. Жылыту пештерін, электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша 3500- дей адамды қамтыған 300-дей жиын ұйымдастырылды.
– Тамыз айында облыс аумағында «өрт қауіпсіздігі сағаты» акциясы ұйымдастырылды. Акция барысында сағат 13.00 мен 14.00 аралығында бір мезетте 82 ірі сауда-саттық және ойынсауық орталығында өрт қауіпсіздігі бойынша видеороликтар көрсетіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 1 маусымнан бастап әлеуметтік осал топтар қатарына жататын отбасылардың үйлеріне 727 дана өртке қарсы дабыл қондырғысы орнатылды. Оның ішінде улы газды анықтайтын 269 қондырғы, табиғи газды анықтайтын 458 қондырғы бар. Департамент қызметкерлері жылу беру маусымында қауіпсіздік шараларын сақтау туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде материалдар жариялап, теледидар, радиоэфир және дауысзорайтқыш құрылғылар арқылы хабар таратуды жүйелі жүзеге асырып келеді. Бұдан басқа, департамент қызметкерлері 7 рет облыстық телеарналарда тікелей эфирге шығып, тұрғындарға сақтық шараларын сақтауды ескертті. 4 қазанда «Таза мұржа» республикалық акциясы аясында департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп және «Жібек жолы жастары» еріктілер ұйымын тарта отырып, халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлерде улы газбен улануды алдын алу және тұрмыстағы өрт қаупін болдырмау мақсатында түтін мұржаларын тазалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде облыс бойынша жалпы 496 үйдің мұржасы тазаланды. Осындай жүргізіліп жатқан түсіндіру және профилактикалық жұмыстар өрт қауіпсіздігі деңгейін көтеруге, сонымен қатар облыстың тұрғын үй қорының өртке қарсы қорғалуын күшейтуге ықпал етеді деп үміттенеміз, – деді Дархан Өскенбайұлы.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді