Тәуелсіздік алған отыз жылдан астам уақыт ішінде елімізде Қазақстан халқы ассамблеясы құрылып, оның жергілікті жердегі бөлімшелері бейбіт қатар өмір сүру принципін берік ұстанып, жергілікті ұлтпен етене араласып кетті. Барлық өңірлерде ынтымақ пен бірлікті нығайтатын құрылымдар пайда болып, бүгінде жемісті жұмыс істеп келеді. Қазіргі кезде ондаған ұлттар мен ұлыстар тұратын Т.Рысқұлов ауданында да 6 этномәдени орталық бар. Аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған бұл орталықтар 2022 жылы кең де жарық, жұмыла жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған ғимаратқа көшіп, оған «Достық үйі» деген атау берілген болатын. Десе дегендей-ақ, қазір бұл «Достық» үйінде қазақ, орыс, өзбек, қарашай, татар және неміс ұлттарының этномәдени орталықтары жұмыс істейді.
Бұл орталықтар өз ұлтының салт-дәстүрлері мен мәдениетін және ән-жырын дәріптеп қана қоймай, сонымен бірге жергілікті ұлттың өмір салтын үйреніп, ұстануға тырысады. Мұнда аптасына үш рет өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту курсы ұйымдастырылған. Осыған орай, жыл сайын мемлекеттік тілді оқыту жөнінде облыстық семинар да осында өткізіліп жүр. Бұл күндері аудандағы этномәдени орталықтар өздерінің көркемөнерпаздар ұжымын құрып, халыққа мәдени қызмет көрсетуде ерекше белсенділік танытып келеді. Олар өткізілетін барлық мәдени іс-шараларға түгелдей қатысып отырады. Солардың ішінде ең алғашқы болып құрылған «Сударушка» орыс халықтық фольклорлық ансамблін ерекше атап өтуге болады. Бұл фольклорлық ансамбльге жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін 2004 жылы «халықтық» атағы берілген болатын. М.Өзбеков атындағы аудандық Мәдениет үйі жанында жұмыс істейтін орыс ұлттық мәдени орталығының негізінде құрылған «Сударушка» тек орыс халқының өнері мен мәдениетін насихаттап қоймай, сонымен бірге ауданда тұратын өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі мен өнерін репертуарына молынан енгізіп, халықтар достығын нығайтуға сүбелі үлесін қосып отыр. Өнерге жаны құштар Зоя Апостолова, Полина Кротер, Раиса Третьякова, Татьяна Селепей, Надежда Хомяк, Любовь Герасимова және Юля Париева секілді орыстың фольклорлық жырлары мен әндерін жете меңгерген әншілер 1997 жылы қоғамдық негізде жұмыс істей бастаған өнер ұжымының аяғынан тік тұруына барлық таланттарын жұмсады.
Ұлттық аспабы – гормонда құйқылжыта ойнайтын Иван Макаров өнер ұжымының репертуары күн санап байып, шеберліктерінің шыңдала түсуіне үлес қосудан жалыққан емес. Өнерпаздардың киім киісі мен орындау шеберлігіне баса назар аударып отыратын ұлттық орталықтың жетекшісі Любовь Левицкаяны ансамбльдің концертмейстері деуге болады. Бертін келе аудандағы барлық мәдени іс[1]шаралар «Сударушканың» қатысуынсыз өтпейтін болды. Олардың осындай жетістігін бағалаған мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылығы оларға материалдық қолдау көрсетті. Осының арқасында фольклорлық өнерпаздар 6 мәрте «халықтық» атағын жеңіп алып, оны осы күнге дейін қолдан бермей келеді.
– Бүгінде ансамбль мүшелері қазақ әндерін орындауға ерекше назар аударып, репертуарымызға халық әндері мен қазақ композиторларының көпке танымал әндерін көбірек енгізіп отырмыз. Мұның өзі ұлтаралық қатынас пен халықтар достығын нығайта түсетіндігі кәміл. Ауданда жаңадан ашылған «Достық үйі» де біздің игілігімізге берілді. Атына заты сай бұл ғимаратта бірлікті бекемдеп, достықты бекіте түсетін түрлі іс-шаралар өткізуге және жан-жақты дайындық жасауға толық мүмкіндік бар. Осының арқасында Эльмира Асылбекова жетекшілік ететін кабардин-балқар этномәдени орталығының «Эльбрус» фольклорлық би ансамблі де керемет өнерімен «халықтық» атағын жеңіп алды, – дейді орыс ұлттық мәдени орталығының жетекшісі, «Достық» үйінің меңгерушісі Л.Левицкая.
Тұрсынхан ЖАМАНБАЕВ,
ардагер журналист. Т.Рысқұлов аудан
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді