Биыл республикалық мемлекеттік мүліктің тиімді пайдалануына бақылауды арттыру және пайдаланылмайтын, тиімсіз пайдаланылатын және мақсатсыз пайдаланатын мүліктерді анықтау мақсатында, комитет тарапынан барлық аумақтық бөлімшелерге республикалық мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміндегі жылжымайтын мүлік объектілері мен автокөлік құралдарына түгендеу жүргізу тапсырылды. Аталған тапсырманы орындау мақсатында, Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 2024 жылдың қаңтар мен сәуір айлары аралығында облыс аумағындағы 288 республикалық мемлекеттік заңды тұлғалар мен олардың филиалдарына (өкілдіктеріне, құрылымдық бөлімшелеріне), республикалық мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміндегі (пайдаланып отырған) жылжымайтын мүлік объектілерінің алаңдарына және автокөлік құралдары мен арнайы автокөлік құралдарына түгендеу жұмыстарын жүргізді. Оның нәтижесінде оңтайландыруға жататын жалпы ауданы 6 221,5 мың шаршы метр, пайдалы ауданы 2462,5 шаршы метр артық алаңдар мен 33 бірлік артық автокөлік құралдары анықталды. Бүгінгі күнге департаментпен анықталған артық алаңдардың 4505,1 шаршы метр артық алаңдарын оңтайландыру бойынша шешім қабылданды. Оның 1019,9 шаршы метрі басқа республикалық мемлекеттік заңды тұлғалар орналастырылған және теңгерімдеріне берілген, 1132,5 шаршы метр алаңы коммуналдық меншікке, 1906,7 шаршы метрі жекешелендіруге, 446 шаршы метрі мүліктік жалдауға (жалға) берілді.
Мәселен, ҚР Автомобиль жолдары комитетінің теңгеріміндегі бірнеше жылдан бері пайдаланылмайтын жалпы алаңы 1383,4 шаршы метр жылжымайтын мүлік объектілері 2024 жылдың сауда-саттық кестесіне енгізілді. Ол жылдың төрт тоқсанында өткізілетін болады. Сауда-саттыққа, атап айтқанда, Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы, Жібек жолы көшесі, №444 мекенжайы бойынша орналасқан жалпы ауданы 640,3 шаршы метр әкімшілік ғимарат пен Қордай ауданы, Ноғайбай ауылы, 131 құрылыс мекенжайы бойынша орналасқан жалпы ауданы 743,1 шаршы метр болатын бұрынғы ДЭП базасы қойылған. Сонымен бірге, 22 дана артық автокөлік құралдарын оңтайландыру бойынша да шешім қабылданды. Артық автокөлік құралдары жекешелендіруге берілді. Қалған, оңтайландырылмаған нысандар бойынша, артық алаңдарды және автокөлік құралдарды оңтайландыру бағытында жұмыс ары қарай жүргізілу үстінде және департамент басшылығының бақылауында.
Бұдан басқа, департаменттің тағы да негізгі бағыттарының бірі, ол – республикалық мүлікті жекешелендіру, мүліктік жалдауға (жалға беру), сенімгерлік басқаруға, мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру. Келесі кезекте республикалық мүлікті жекешелендіру, мүліктік жалдауға және сенімгерлік басқаруға беру, барлығы мемлекеттік мүлік тізілімі gosreestr.kz сайты арқылы электронды түрде on-line режімде жүзеге асырылатыны туралы атап өту қажет. Нақтылап айтқанда, барлық процестер өтінім беруден бастап, жеңімпазды таңдау, шартты әзірлеу (соның ішінде: шарттың мерзімін созу немесе шартты мерзімінен бұрын бұзу) осы портал арқылы электронды түрде жасалады. Осыған қоса, биылғы жылдан бастап республикалық мүлікті мүліктік жалдауға және сенімгерлік басқаруға беру кезеңі, мүліктің қабылдау-беру актісіне портал арқылы қол қою электронды форматқа ауыстырылды.
2024 жылдың 9 айында электронды сауда[1]саттықта жалпы сомасы 55 миллион теңгеге 45 нысан сатылды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 есе артық (2023 жылдың 9 айында жалпы сомасы 28 миллион теңгеге 28 нысан сатылған). Жылдың соңына дейін департамент әлі 17 нысан сатуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде, жыл аяғына дейін республикалық бюджетке жекешелендіруден түсетін болжамды сомасы шамамен 70 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін мүлікті жалға беру бойынша 31 шарт жасалған. Осы жасалған шарттардан бюджет қаржысы 32,3 миллион теңгеге толыққан, ол берілген болжамнан 7,7 пайызға артты. Осы жылдың соңына дейін болжам бойынша, жалға беруден 49,5 миллион теңге түсуі керек. Түгендеудің нәтижесінде, оның экономикалық тиімділігі республикалық бюджетке тек сатудан және жалға беруден түсетін соманың өсуіне байланысты 20 миллион теңге құрады. Әрине, бұл қызметтің барлығы цифрландыру жүйесі арқылы іске асырылуда. Жалпы, мемлекеттік мүлікті басқару жүйесі мен жекешелендіру жөніндегі барлық іс-шаралардың басты мақсаты – республикалық бюджетті толықтыру, ұлттық экономикамыздың тиімді және серпінді дамуы.
Рахат ЖУАСБЕКОВА,
Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің заңды тұлғалармен жұмыс және мүлікті иелену бөлімінің басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді