Бүгінде полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарын жиі аралап, жол қауіпсіздігі, балалар жарақаты, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс, буллинг және құқық бұзушылықтың алдын алудың өзге де мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 6,78 пайызға төмендеген. Қылмыс түрлері бойынша бөтеннің мүлкін ұрлау, мал ұрлау, алаяқтық, тонау және көліктерді ұрлау деректері азайған. Алайда, ішкі істер органдарына жыл басынан бері түрлі құқықбұзушылықтар үшін 7055 кәмелетке толмаған бала жеткізіліп, 393 жасөспірім және 170 тұрмысы нашар отбасы есепке алынған.
Кәмелет жасына дейінгі балалар үшін ата-анасы жауапкершілік арқалайтындығын ескерсек, есепті кезеңде 51 заңды өкіл ата-ана құқықтарынан айырылып, шектелген. Сонымен қатар, түнгі уақытта балаларды қараусыз қалдырғаны үшін – 5952, оқудан жалтарғаны, қаңғыбастық пен қайыр сұрағаны үшін – 670, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 115 ата-ана мен заңды өкіл жауапқа тартылған.
Жыл басында Байзақ пен Меркі аудандарында орын алған әлімжеттік оқиғалар көптің жағасын ұстатқан еді.
Сонымен қатар, жуырда балалар төбелесі үшін Тараз қалалық білім бөлімі тарапынан №21 мектеп директорына сөгіс берілген. Сондай-ақ, №2 мектеп директоры, №35 мектеп директоры да қызметінен босатылған. Білім беру, тәртіпті қадағалау барысында да Тараз қалалық білім бөлімі жиі сынға ұшырайды.
Осы ретте «Жасөспірімдер арасындағы қылмысқа не түрткі болып жатыр?», «Балалар қылмысының алдын қалай аламыз?» деген заңды сұрақ туындайтыны түсінікті. Бұл ретте кейбір мектеп директорлары өз абыройына нұқсан келмеуі үшін заңбұзушылықтарды жасыруға да жан салатыны жасырын емес.
Бұл жайында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мамыр айында өткен балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кеңесте «Мекеме басшылары туындаған мәселелермен жүйелі түрде жұмыс істеудің орнына фактілерді жасыруға тырысады. Олар жұмыстан босатылып, жауапқа тартылатыны сөзсіз. Бірақ, бұл мәселенің шешімі емес. Мектептің рейтинг жүйесі туралы ережені қайта қарауды тапсырамын. Жергілікті жерлерде мектеп әкімшілігінің бұзушылықтарды уақтылы анықтауын және жедел ден қоюын ынталандыру талап етіледі» деп білім мекемелерінің рейтингін қайта қарастыруды тапсырған еді. Яғни, бұған дейін мектеп рейтингі құқық бұзушылықтардың төмендігімен өлшенсе, ендігінде қылмысты жасырмай, уақтылы хабарлап, мәселенің дер кезінде шешілуін қамтамасыз етуімен бағаланатындығымен жеткізген.
Әйтсе де, балалар қылмысын уақтылы хабарлағанымен, әрекетсіздігі үшін мектеп директорларын жауапқа тарту, жауапкершілік арқалату әлі де азаймаған. Міне, сондықтан да болар, облыстың білім мекемелерінің бірқатарында басшы орындықтары ортайып тұр. Мәселен, жыл басында өңірде 59 мектеп директорсыз қалса, наурыз айында облыстық білім басқармасына Рауан Садырқұловтың тағайындалуымен, бұл көрсеткіш өткен оқу жылының қорытындысымен 17-ге қысқарған.
– Басқармаға басшы болып келгенімде 59 орын бос болатын. Төртінші сәуірден бері төрт мәрте конкурс ұйымдастырдық. Нәтижесінде, 17 мектеп директоры тағайындалды. Директорсыз қалған білім ошақтарының санын бастауыш мектептер арттырып отыр. Ол жерде директор емес, әдіскер деп аталады. Жалақысында 10 мың теңге ғана айырмашылық болғандықтан, мамандар ол қызметке қызығушылық танытпайды. Конкурстың басым көпшілігі осыларға ұйымдастырылып жатыр. Жақында бесінші мәрте конкурс жарияладық. Оның нәтижесі бесінші қыркүйек күні шығады, – деген еді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы жаңа оқу жылының қарсаңында.
Білім басқармасы басшысының сөзінше, оқу жылының қарсаңында 42 мектеп директорсыз отырса, конкурс нәтижесі жарияланғаннан кейін көрсеткіш небәрі 41-ге қысқарған. Демек, бір тоқсанда бір ғана мектеп директоры тағайындалған.
Ал, білім саласында ұзақ жылдар директорлық қызмет атқарған ардагер Мұхамеділдә Байшонов қандай да бір құқықбұзушылық орын алған жағдайда білім бөлімдері тарапынан бірінші болып директорға шүйлігетінін жасырмайды. Мұндай жағдай басқа аудандармен қатар, Тараз қаласында да жиі кездеседі.
– Бұрынғы кездері мектеп директорларының абыройы бірінші басшылардан кейінгі кезекте тұратын. Ал, қазір оларға артылған жауапкершіліктің жүгі тым ауыр. Оның үстіне қоғамда баласы үшін бірінші ата-анасы жауапты екендігі ұмытыла бастаған. Тиісінше, мектептегі қылмыс пен құқық бұзушылықтардың басым көпшілігіне сыртқы факторлардың әсер ететіндігі ескерілмейді, – дейді ардагер.
Осылайша, облыста балалар арасындағы қылмыс саны азайғанымен, мектеп директорларының тапшылығы күрмеуі қиын түйінге айналып тұр. Жыл сайын өңірде жаңа білім мекемелері бой көтеріп, мектепке барушылар қатары артып жатқандығын ескерсек, шешімін күткен мәселенің маңызы да арта беретіндігін түсінген жөн.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді