«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жат жерде жалын кешкен жауынгер

Жат жерде жалын кешкен жауынгер
Ашық дереккөз
Тарих жылнамасынан халық жадында қалған «қажетсіз соғыстың» бірі – Ауған соғысы. Сол сұрапыл соғысқа Жамбыл облысынан 2 мыңға жуық азамат қатысты. 10 жылға созылған қанды майданда Кеңес әскерінің ішінде әскер қатарына алынған қазақ сарбаздарының табандылықпен ерлік көрсеткені ешкім таласпас шындық. Десе де, от шарпыған қанды қырғында қарша бораған оқ тиіп, жараланғандар тіпті, қайтыс болғандар да жетерлік. Ал, таулы аймақтағы соғыстан туған еліне аман-сау оралып, батырлықтың үлгісін көрсеткен жандар бұл күнде аға буын өкілдеріне айналып үлгерді. Солардың бірі – Боранқұл Шүкеев.

Өз қатарластарымен бірге әскер қатарына алынып, одан әрі Ауған соғысына қатысқан Боранқұл Айтбекұлы 1963 жылдың 1 қаңтарында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайлаукөл ауылында дүниеге келді. 1978 жылы Ақтоғай ауылындағы сегіз жылдық мектепті бітіргеннен кейін, СПТУ-19 кәсіптік училищесінде білім алады. Сол шақтағы қат мамандықтардың бірі – жүргізуші атанып, 1981 жылы әскер қатарына шақырылады. Осылайша, жерлесіміз Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу мақсатында Ауғанстанға аттанып кете барады. Рас, жалындаған жігіт шағында әскерге барып, қанды қырғынды көзімен көрген аға буын өкілдері осы бір «мақсатсыз соғыс» жөнінде көп айта бергенді әсте ұната қоймайды. Олар тек жергілікті ауған жұртшылығына қолдан келгенше көмек қолын созған сәулелі күндерді айтқанды жөн санайды. Иә, жаныңды жаралап, тәніңді ауыртқан жайттар туралы сөз ету кімге де болса ауыр тиетіні сөзсіз. Дегенмен, ардагержауынгер жат жердегі соғыс жайлы айтып, біршама сыр ақтарды.

– Ауған жерінде көптеген соғыс операцияларына қатысып, күн сайын өліммен бетпе-бет келіп жүрдік. Дұшмандар аяқ астынан шыға келетіні тағы бар. Азаматтық борышымды өтеген жылдары біздің әскери бөлімше Ауғанстанның Құндыз бен Гардез қалаларының маңындағы Баракий елді мекенінде болды. 1982 жылы 40-шы армияның құрамында үлкен операцияларға қатысып, Кабул, Файзабад қалалары мен одан әрі Пәкістан шекарасына дейін дұшмандардан азат етуге атсалыстым. Әскерде механик-жүргізуші болдым. Ал, бізге қойылатын басты талап – колоннаны діттеген жеріне жеткізу. Ауған тауларының жылан ізіндей иір жолы арқылы сансыз миналар мен жол тосқан жаудың қай тұстан кездесе кететініне сезікті көңілмен қарап, өлім мен өмірдің ортасында қауіп-қатерді бастан өткердік. Осындайда бір сапардың өзінде қаншама күш-қайрат жұмсалып, жүйкеге түсер салмақты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрбір күн, әрбір сағат қауіпті. Ауған жолдарында өз көліктерімен бірге жалынға айналып, қаза тапқандарды еске алудың өзі қиын. Бейбіт заманда қаншама ата-ана перзентінің қазасы жайлы қаралы хабар алды. Ондай қырғынды ешкімге көрсетпесін, – дейді Боранқұл Айтбекұлы.

Кейіпкеріміз 1983 жылы әскерден аман-сау елге келген соң өрт сөндіру мекемесінде қызмет атқарды. Бұдан кейін, Жаңатас қаласындағы жолаушыларды тасымалдау мекемесінде автобус жүргізушісі болып еңбек етті. Қазіргі таңда ардагер Ақтоғай ауылында тұрады. Жары Гүлмира Жаңабаева екеуі 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, бұл күнде олардан 8 немере сүйіп отыр. Бастысы, ұлқыздары өмірде өз орындарын тапқан. Үлкен ұлы Руслан Тараз қаласында зейнетақы тағайындау орталығында қызмет атқарса, ортаншы ұлы Рүстем Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман болып еңбек етеді. Қызы Арайлым облыс орталығындағы орта мектептердің бірінде мұғалім болса, ал кіші ұлы Шерхан қазақ-түрік лицейінде мұғалім болып жұмыс істейді. Интернационалист-жауынгер Боранқұл Айтбекұлы «За боевые заслуги», «Ветеран боевых действий», «Ветеран Афганской войны», «Войнуинтернационалисту от благодарного Афганского народа ДРА», «70 лет Вооруженных сил СССР», «15 лет вывода Советских войск из ДРА», «20 лет вывода Советских войск из ДРА», «25 лет вывода Советских войск из ДРА» және «30 лет вывода Советских войск из ДРА» медальдарымен, сондай-ақ, Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталған.

Ауған соғысының ардагері бейбіт өмірдегі қоғамдық жұмыстардан да қол үзген емес. Ол оқу ошақтарындағы жастармен кездесіп, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне өз үлесін қосуда. Мәселен, 1998-2003 жылдары аудандық Ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы болған кезінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аталған ұйымның қалыптасуына, соғысты бастан кешкен азаматтардың жай-күйінің дұрыс болуына, денсаулығы нашар, тұрақты жұмысы жоқ ардагерлерге қамқорлық жасауға күш салды. Боранқұл Айтбекұлының ендігі арманы – тәуелсіз елдегі әрбір үйдің түтінінің түзу шығуы, бейбіт өмірдің бесігінде тербелген жастардың болашағының жарқын болуы. «Бұл үшін бірлігі бекем ел болумен қатар, баршамыздың ортақ тәртіпке бағынуымыздың маңызы зор», – дейді ол.

 

Есен ӨТЕУЛ

Ұқсас жаңалықтар