«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстан – Қытай: ырысты ынтымақтастық

Қазақстан – Қытай: ырысты ынтымақтастық
Ашық дереккөз
Жамбыл облысы баламалы энергия көздерінен өндірілген қуат бойынша республикада көшбасшы атанды. Бұл туралы бірер күн бұрын Қытайдың ең ірі «Синьхуа» ақпарат агенттігі ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Қытайлықтардың жасыл энергетика тақырыбына қызығушылығы түсінікті. Көрші елдің компаниялары қазір экономиканың осы саласын белсенді түрде дамытып жатыр. Қазақстанның бірнеше өңірлері, соның ішінде біздің облыс Қытай тарапымен жаңартылатын көздерді пайдалана отырып, электр энергиясын өндіру, салу және пайдалану бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған болатын. Дегенмен, бизнес пен инвесторларды біріктіретін тек энергия ғана емес. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қытай Орталық Комитетінің Бірыңғай кеңсесінің жұмыс бөлімі министрінің орынбасары, Бүкілқытайлық өнеркәсіп және сауда федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Шэнь Инмен кездесті. Кездесуде Премьер-Министрдің орынбасары Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың барлық салаларында, әсіресе сауда-экономика саласындағы қарым-қатынастарының жоғары серпінін атап өтті.

– Қытай дәстүрлі түрде еліміздің ең ірі сауда серіктесі болып қала береді және Қазақстан экономикасына әсер етуші инвесторлардың үздік бестігіне кіреді. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 41 миллиард долларлық тарихи деңгейге жетті. Үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша тауар айналымы 20 пайызға дерлік серпінді өсуді жалғастыруда, – деді жиында Премьер-Министрдің орынбасары. 2005 жылдан бері Қытайдан Қазақстан экономикасына салынған жалпы инвестиция көлемі 25 миллион долларға жуықтады. Өткен жылы Қытайдың тікелей инвестициясы 15 пайызға өсіп, 1,6 миллиард доллардан асты. Бүгінгі таңда бірлескен кәсіпорындар пулы 90-нан астам инвестициялық жобадан тұрады. Энергетика, тау-кен металлургиясы, машина жасау, электротехника, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, білім беру, туризм және тағы да басқа салаларда қарқынды жұмыстар жүргізілуде. – Бүгінде елімізде Қытай капиталының қатысуымен үш мыңға жуық бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Олардың төрттен бір бөлігі өткен жылы ғана қосылды. Мұның барлығы Қытай бизнес-қауымдастығының Қазақстанның іскерлік ахуалына жоғары сенімін көрсетеді және серіктестігіміздің тұрақтылығы мен өнімділігін растайды, – деді Серік Жұманғарин.

Премьер-Министрдің орынбасары сондайақ өзара әлеуетті іс-қимылды нығайтудың кең ауқымын атап өтті. Атап айтқанда, ол қант өнеркәсібін дамыту аясында қант зауыттарын салуға инвестиция салуды ұсынды. Сондай-ақ, ол астықты терең өңдейтін кәсіпорындардың санын арттыруға қызығушылық танытты. Қазақстан өз тарапынан ұқсас және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға барынша көмек көрсетуге дайын. Бұл ретте Қытайда өткен жаһандық цифрлық сауда көрмесі аясында қазақстандық компаниялар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің қатысуы және қолдауымен цифрлық шешімдерді әзірлеу, Қазақстанда және басқа елдерде стартаптарды ілгерілету бойынша бірқатар меморандумдарға қол қойды. Бірінші меморандум «ақылды» Көлжат портын бірлесіп салу және басқару саласындағы Қазақстан-Қытай жан-жақты стратегиялық ынтымақтастық жобасына қатысты.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келген болатын. Биыл 3 шілдеде екі мемлекет басшылары Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының Бірлескен мәлімдемесін жариялады. Онда олар «екі тарап бір мезгілде Қытайдағы порттарды жаңғырту мен қайта құруға жәрдемдесуді жалғастырады. Қазақстан шекарасы және порт өткізу қабілетін үнемі арттырып отыр» деп мәлімдеген болатын Сондай-ақ, сапар барысында Hangzhou Zhenxin Digital Technology Co, Ltd арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат Қытай-Қазақстан төлемдерінің дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, юань-теңгеге негізделген төлем жүйесін құруды жеделдетуге, юань-теңгедегі төлем және клиринг жүйелерінің тұрақтылығын арттыруға, сондайақ тәуекелдер мен жасырын қауіптердің алдын алуға және жоюға мүмкіндік береді. Яғни, төлем секторында трансшекаралық юандық теңгелік төлем жүйесін құруға және ілгерілетуге жәрдемдеседі, жаһандық экономикаға ыңғайлы, қауіпсіз төлем қызметтерімен саудаға пайда әкеледі және жаһандық басқаруда маңызды, сындарлы рөл атқарады. Бұл ретте қазақстандық стартап GrowthVision Pro Ltd Ханчжоудағы Орталық Азия инновациялық ынтымақтастық орталығымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Оның аясында Қытайда Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің стартаптарын дамыту үшін оқыту ресурстары ашылып, салалық сараптама және байланыс желілері түрінде қолдау көрсететін, инвестиция тартуға қол ұшын беретін, стартаптың ауқымын кеңейтетін халықаралық хаб құрылады.

Сонымен қатар, қытайлық стартаптар Орталық Азия нарығына шығу үшін осындай жан-жақты қолдауға ие болады. Хаб жасанды интеллект, цифрлық экономика, жасыл технологиялар, ауылшаруашылық технологиялары сияқты салаларға бағытталады. Хаб стартаптар үшін білім беру бағдарламалары, семинарлар мен тренингтер өткізіп, олардың Қытай нарығына бейімделуіне, жергілікті серіктестер мен инвесторларды тартуға көмектесетін болады. Осылайша технологиялық трансферттерге, нормативтік қолдауға және Қытай нарығына шығуға айрықша көңіл бөлінбек. Growth Vision Pro және Taovation компаниялары қазір хабтың жұмыс үлгісін әзірлеу, оны орналастыру үшін қаланы таңдау және технопарктер, университеттер, ірі бизнес иелері, акселераторлар және венчурлық қорлар сияқты негізгі мүдделі тараптармен серіктестік мүмкіндіктерін анықтау үшін бірлесіп жұмыс атқаруда. Мұндай ынтымақтастық мақсаты – Қазақстан, Орталық Еуразия және Қытайға баса назар аудара отырып, цифрлық трансформация саласында стартаптарды ілгерілету және кәсіпкерлікті дамыту.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар