Биыл осынау тарихы терең қасиетті мекендегі Жамбыл облысы үшін ерекше жыл. Киелі құт дарыған өлкенің облыс болып құрылғанына 85 жыл толып отыр. Әр аймақ өзіндік қалыптасу, даму кезеңдері мен қарыштау сәттерін басынан өткізеді. Жамбыл облысы да бұл жолдан өтті. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиеваның айтуынша, облыстың қалай құрылғаны туралы тарихи құжаттар облыс архивінде сақталған.
«Өткен тарихтың қойнауындағы қаншама ақтаңдақтар мен айтулы даталар тасқа басылып, біздің дәуірімізге дейін жетіп отыр. Кез келген мемлекеттің келешек кемесімен уақыт мұхитында тоқтаусыз жүзуі үшін бағытын болжайтын картасы да, компасы да – архив құжаттары десек, артық айтқандық емес. Еліміздегі ең алғашқы мұрағаттар XVIII ғасырда Бөкей ордасында пайда бола бастаған көрінеді. Ал заманға сай архив жүйесінің бастауында А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Жолдыбаев сияқты Алаш арыстары тұрды. Бүгінде еліміздегі ұлттық архив сол тұлғалардың салып кеткен сара жолын жалғастырып, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуіріндегі маңызды құжаттарды тарих толқындары арқылы келешек ұрпаққа аманат ететін қасиетті мекенге айналған. Онымен бірге уақыт тамыршысындай болып саналатын архив қоғаммен бірге дамыды. Мерейтой қарсаңында тарихтың темірқазығы атанған архивтің құжаттары бойынша баспасөз беттерінен қалың оқырманға арнап «Архив – тарихтың алтын көмбесі» атты айдар ашуды жөн көрдік. Қойнауда жатқан өңір тарихын архивпен байланыстыруды басты назарға алдық. Өйткені, облыс, қала, аудан тарихын жинақтап, сақтау және құжаттарды жариялау – архившілердің басты міндеті», – дейді Сара Қабылбекқызы.
«Шаң басқан архив талай сырды шертеді» демекші, ауызекі тілде осылай дегенімізбен, қалың-қалың папкілерді қораптармен қаптау, үстіне тозаң қондырмай, көздің қарашығындай сақтап отырған архившілер жұмысы елеп-ескеруге тұрарлық. Осы кезге дейін еліміз, облысымыз бен ауданымызға қатысты өте ауқымды әлеуметтік-экономикалық, саяси, ғылыми, мәдени ақпаратта р жинап, демократиялық қоғам қалыптастырудағы идеологиялық мәні жоғары деректердің алтын қорын жасақтап отырған бұл архив тарихшылар мен жас ғалымдардың зерттеу орталығына айналып келеді десек те болады. Архив – тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мемлекеттік мекеме. Ол тек шежіре қоймасы ғана емес, әр ұлттың қазынасы іспетті. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар әлі де болса ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр» деп, «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын қолға алған.
Расында, аты аталған жоба ұлт тарихын санаға сіңіруде барша қазақстандықтардың бойында ортақ сезім қалыптасуына ықпал етеді. Қоғамның бай тарихи шежіресінен сыр шертетін архивтегі әр құжат құнды. Мұндағы әр іс-қағаз өскелең ұрпаққа шашауы шықпаған күйде жеткізіледі. Кез келген адам ата-баба тарихына үңіліп, ол туралы дерекке қанық болады. Қазақстанда архив қорының жинақталуы 1921 жылы басталған. Демек, еліміз туралы теріліп, тігілген мәлімет қанша екенін бажайлай беріңіз.
– Ұлан-ғайыр қазақ даласының тәжі іспетті қасиетті Алатау мен қазыналы Қаратаудың баурайын жайлап, арқырай аққан Шу мен Таластың, Аса өзендерін жағалай қонып, бұйратбұйрат Мойынқұмның құм жалдарын қыстап, жазда керіліп жатқан кең даланы жайлаған қалың елді ертеден Әулиеата жұрты деп атапты. Архив деректеріне көз жүгіртсек, алғашқыда Әулиеата қаласында 28 су диірмені, 22 ұсталық дүкені, 32 наубайхана, шарап қайнататын, жеке меншіктегі бірнеше ұсақ кәсіпорындар болған. Олардың әрқайсысында бірнеше жұмысшы ғана жұмыс істеді. Яғни, Әулиеата үлкен жолдың бойындағы шағын қала болған. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары КСРО-да индустрияландыру жоспары басталды. Бұл жоспар бойынша Қазақстандағы ең ірі жобалардың бірі – Түркістан-Сібір темір жолын салу көзделді. 1926 жылы КСРО Еңбек және қорғаныс комитетінің теміржол желісін салу туралы қаулысынан соң, құрылыс жалпыодақ деңгейіне жетті. Түрксіб теміржол торабы – Орталық Азияны, Қазақстанды және Сібірді өзара байланыстырып, халық шаруашылығының дамуына үлкен әсер етті. Құрылыстың қарқынды жүруіне РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанынан құрылған, халқымыздың көрнекті тұлғасы Тұрар Рысқұлов жетекшілік еткен. Теміржол торабының салынуына халқымыздың тағы бір аяулы тұлғасы Мұхамеджан Тынышбаев өзінің біліктілігімен елеулі үлес қосты. Жұмысшылардың осы теміржолды салудағы жанқиярлық ерлігі Қазақстан тарихында мәңгі қалатыны сөзсіз. Теміржол Жамбыл қаласын басып өтеді, бұл фосфор өнімін кең байтақ КСРО-ның түкпір-түкпіріне, сондайақ Орта Азия республикаларына тасымалдауға сұранып тұрғандай еді. Осы стратегиялық жоспарларды ескерсек, Жамбыл облысының құрылуы өңірде химия өндірісін дамыту мақсатында болғандығы анық. Оған себеп – Қаратау баурайынан әлемдегі ең ірі фо с фор кені табылған еді. 1928 жылы Әулиеата уезі Сырдария өлкесінің құрамына енді. Орталығы Әулиеатада (Тараз қаласы болған) жер-жерде күштеп коллективтендіру, колхоздастыру науқаны жүргізіліп, голощекиндік қолдан жасалған «қызыл қырғынды» артынша сталиндік қуғын-сүргінді, басқа да зұлмат кезеңді бастан кешті. 1932 жылдың 20 ақпанында Сырдария өлкесі Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы болып екіге бөлініп, Әулиеата уезі Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында қалды. 1936 жылы 10 қаңтарда Әулиеата Қазақстанның сол кездегі басшысы Мирзоянның есімімен аталды. Мирзоян 1938 жылы халық жауы болып ұсталып кеткен соң, осы жылдың 1 шілдесінде қазақ халқының Гомері атанған ұлы Жамбылдың есімі берілді. 1939 жылы 14 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Жамбыл облысы құрылды, – дейді Сара Мадиева.
Архив құжаттарында облыс орталығы – Жамбыл қаласы болғаны тайға таңба басқандай жазылған. Облыстың құрамы Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлінген Жамбыл, Луговой, Меркі, Талас, Свердлов және Сарысу аудандары мен Алматы облысының Красногор, Шу аудандарынан құралды. Облыстың шаңырақ көтеруімен бірге Мойынқұм өңірінен жаңадан Көктерек ауданы құрылды. Ол Шу ауданының құрамында болатын. Қарат ау жоталарының 45 жерінен қоры 1,5 миллиард тонна болатын фосфор кенін анықтап, толық сараптамасы шыққаннан кейін мол байлықты игеру туралы шешім қабылданды.
Химия өндірісінің дамуы Жамбыл өңірінің экономикасының дамуына сеп болды. Химия кен орындары негізінен Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан. 1944 жылы сәуірде Қаратау тау-кен комбинаты құрылысының алғашқы кезегі салынып, 1946 жылдың Қаратау кен-химия комбинатының алғашқы кезегі іске қосылды. Осы сәттен бастап облыс ірі химия өндірісінің орталығына айналды. «1939 жылдың соңына таман шаңырақ көтерген облыстың алдында қыруар міндет күтіп тұрды. Жамбыл облысының химия өнеркәсібінің негізі ретінде танылуы ел экономикасына үлкен әсер етіп қана қоймай, қала мен кенттердің дамуына әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің көптеп бой көтеруіне де ықпал етті. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мен химия өнеркәсібін қатар дамытқан Жамбыл облысының шығар биігі әлі де алда. Осы ұзақ жылдарда еңбек адамдарының талай буыны өсіп-жетілді. 1997 жылы 8 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен Тараз қаласының ежелгі атауы қайтарылды. Көп ұзамай 2001 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланды. Бүгінгі Тараз келбетіне көз тоятын көрікті қалаға айналды. Облыстың барлық аудандары жаңа заман лебімен өсіп-өркендеу үстінде. Оның еңбексүйгіш, жаңашыл халқы тәуелсіз Қазақстанның бір бөлшегі ретінде таныла бермек», – дейді облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева.
Өңірдің өркен жайып, қарыштап дамуы жолында түрлі сала мамандарының еңбегі ерен. Бұл ретте Жамбыл облысы Полиция департаменті және Ұлттық ұлан ардагерлері ұйымының төрағасы, ҚР Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері, запастағы полиция полковнигі Тұрдалы Шералин өңірдегі ішкі істер саласының құрылғаны туралы жүрекжарды лебізін білдірді. – 14 қазан – Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толды. Бұл барша әулиеаталықтар үшін үлкен мереке. Жамбыл – киелі жер. Бұл қасиетті топырақта талай ұлағатты кісілер өткен. Тарих парақтарын ақтарсақ, Жамбыл облысы өткен ғасырда химия өнеркәсібі бойынша Кеңес Одағының аумағында бірінші орында болатын. Біздің өңірдің, халықтың, адамдарының менталитетінің өзі өзгелерден ерекше. Біз жылдар бойы Тараз қаласының тарихы 2000 жыл екенін айтып жүрміз. Егер тарихқа көз жүгіртетін болсақ, шаһарымыздың 2000 жылдығы 1948 жылы болды. Содан бері 2000 жылдық тарихымыз барын жиі айтып келе жатырмыз. Көне Тараз – Талас пен Аса өзендерінің төңірегін бойлап жатқан киелі шаһар. Бұл қастерлі топырақта Қарахан бабамыз, Айша бибі, Тектұрмас атамыздың сүйегі жатыр. Олардың есімдерінің өзі тарихтан ойып орын алып, күллі әлемге тарады. Біздің өңірде ауыл , егін шаруашылығы жақсы дамыған. Жамбыл ауданы мен Меркі аудандарында қант қызылшасын өндіретін зауыттар жұмыс істеді. Былғары комбинаты, химия өнеркәсіптері, қант зауыты, жаңа Жамбыл фосфор зауыты сияқты кәсіпорындарды атасақ, өңір тіршілігінің тамырында көп жылдардан бері қан жүгіріп тұр деп ауыз толтырып айта аламыз. Жамбылда дүниеге келген ұлағатты азаматтардың қатырында өңір тізгінін ұстаған, кейіннен Парламент Сенатының алғашқы төрағасы болған Өмірбек Байгелдінің есімі аталады. Бауыржан Момышұлы атамыздың есімін де зор мақтанышпен айтамыз. Ол кісі соғыстан кейінгі жылдары Жуалы аудандық қоғамдық тәртіпті сақтау бөлімінің басшысы болғанын бірі білсе, бірі білмейді. Шерхан Мұртаза атамыздың өзі бір төбе.
Ерлікпен қаза тапқан халық қаһарманы Ғазиз Байтасов та ел мақтаныштарының бірі. Спорт саласында да үлкен межелерді бағындырған ерен ерлерімізбен төс қаға отырып мақтана аламыз. Жуырда ғана алты Алаштың айбарына айналған Елдос Сметов, оған дейін Бақтияр Артаев, Ермахан Ыбырайымов секілді жігіттер Жамбыл жерінің абыройын асқақтатып келеді. Біз басымыздан түрлі кезеңдерді өткердік. Сол Ғазиз батырымыз өмірден өткен қаралы уақыт, әлемдік пандемияда талай асылдарымыз өмірден озды, Байзақтағы жарылыс сынды түрлі ауыр кезеңдерде қиындықтарды ел болып еңсердік. Мен ішкі істер саласының ардагері ретінде өңірімізде аталған саланың тәуелсіздікке дейін және кейінгі даму кезеңдеріне куә болып, ұзақ жылдар осы салада табанды еңбек еттім. Өңірдің 85 жылдығымен қатар аймақтың ішкі істер саласының да биыл 85 жылдығы атап өтілмек. Аймақта ұзақ жылдар қызмет еткен ішкі істер саласының мамандары Владимир Шумов пен Николай Берсенов екеуі де ішкі істер министрі болып еңбек етті.
Бұл да біздің өңірдің мерейі. Салада бүгінгі таңда үш мыңнан астап қызметкер жұмыс істейді. Мен басқаратын ардагерлер ұйымына да үш мыңға жуық ардагер мүше. Өз басым олардың әрқайсымен өте жақсы қарымқатынастамын. Бұл ретте ұрпақтар сабақтастығын үзбеу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіп, жемісті жобаларды жүзеге асырып келеміз. Бұл жұмыстарды сапалы атқару үшін облыстың полиция департаменті бізбен қоян-қолтық қызмет атқарады. Еркінбек Солтыбаев басқаратын ардагерлер ұйымымен де тығыз қарымқатынаста түрлі шаралар атқарамыз. Біздің ұйымның ардагерлері спорт саласында да белсенді. Мәселен ішкі істер саласында табанды еңбек еткен ардагерлерден құралған волейбол, футбол командалары ішкі істер саласында үнемі үздіктер қатарынан көрініп келеді. Біздің ардагерлер жыл сайын Қырғызстанның ішкі істер министрлігіне қарайтын шипажайда ем алып, демалып қайтады.
Полиция департаментінің қолдауымен Көкшетауға барып, Түркістан облысына да саяхат жасап тұрады. Жалпы алғанда ардагер ретінде өңірмен бірге өніп-өсіп, тамыр жайып келеміз. Ақсақалдыққа жеткен шақта Әулиеата жерінің гүлдену жолында өңір жастарына артар үмітіміз көп. Бүгінгі жастар жан-жақты, белсенді, білімге құштар. Оларға бүгінгі заманның көптеген игіліктері қолжетімді. Осының арқасында олар талай белесті бағындырып, Жамбыл жерінің көркеюіне атсалысады деген сенімдемін. Осы ретте барша жамбылдықтарды осы атаулы мерейтоймен шын жүректен құттықт ап, өз қызметтерінде абыройлы, беделді болуларын тілеймін. Жамбылмен бірге жаңара берейік, – деді. Ұлтымыздың тарлан тарихы, жүріп өткен жолы, бастан кешірген оқиғалары өскелең ұрпақ үшін қорда сақтаулы тұр.
Марат КҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Шалғай ауылда Мәдениет үйі пайдалануға берілді
- 19 желтоқсан, 2024
Ұлттық өнер ұлағаты
- 13 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді