Өкінішке қарай, көптеген жерлестеріміз, сол тұстағы балаң жігіттер дәл осы соғысқа қатысып, олардың біразы Ауған жерінде қаза тапты. Бұл соғыстың шарпуы Әулиеата өңірін де айналып өткен жоқ. Жамбылдық жауынгерлер Ауған жеріне алғашқылардың бірі болып енді. Солардың бірі – Жаңатай Жақыпбеков. Сарысулық азамат 1960 жылы 21 ауданға қарасты Жаңаарық ауылында дүниеге келген. 1978 жылы туған ауылындағы орта мектепті тәмамдаған ол кәсіптіктехникалық училищеде небәрі бірақ жыл оқиды. 1979 жылы сәуір айында әскер қатарына шақырылған жас жігіт Алматы қаласындағы №77800-ші әскери бөлімде алты ай дайындықтан өтеді. Ал, осы жылдың 25 желтоқсанында дабыл қағылып, әскерилер Алматыдан Термезге жөнелтіледі. Арада 5 күн өткенде олар Ауғанстан жеріне табан тірейді. Ауған жеріне Кеңес әскерлері алғаш рет кіргенде бүгінде «Халық қаһарманы» атанған генераллейтенант Бақытжан Ертаев батальон командирі болатын. Әскери шені – аға лейтенант.
Кейіпкеріміз рота командирі, Ауған соғысы батырының бірі – полковник Байғали Қоқымбаев еді. Парламент Мәжілісінің депутаты болған Бақытбек Смағұловтың «Мен көрген соғыс» атты естелік кітабында Ауған соғысының батырлары жөнінде кеңінен баяндалады. Ал, Жаңатай Жақыпбеков Ауған соғысы жайын еске алғанда жағдай ауыр әрі қиын екенін баса айтты.
– Жат жерде, таулы-тасты, ойлықырлы, соқпақты Ауған жерінде дұшмандардың бекінісінің көзін жою үшін әскери операцияларға жиі шығып отырдық. Тіпті, кезекті әскери операция кезінде бір ротадағы қаруластарымыздың жартысынан көбі қаза тапты. Мерт болғандарды ұшақпен елге алып кетіп жатты. Ауыр жағдайларды жүректен өткізіп, көзбен көрдік. Қаза болған жігіттердің мәйіті салынған табытпен ұшуға тура келді. Әскерде танысып, жақын араласқан досым, қызылордалық Серік Баймаханов деген жігіт қаза тапқанда командирдің шешімімен жауынгердің сүйегін туған жері Қызылордаға апарып, жерлеуіне қатыстым. Мұндай жағдайлар жанымызды ауыртып, жүрегімізді сыздатты. Жалпы, өзге елде жүргенде өз еліңнің қадірі қатты сезіледі, – дейді ардагер.
Сондай-ақ, ол сол кездегі командирі болған, бүгінде отставкадағы полковник Байғали Қоқымбаев туралы сыр шертті. Айтуынша, солдаттар «Кока» деп атап кеткен командирі нағыз әскери маман бола білген. Ал, оның әскери саладағы білімі мен тәжірибесі, тың тактикалары өзінің қарамағындағы жауынгерлердің өмірін сақтап қалуға септігін тигізіпті. Командир Қоқымбаев әскер қатарына енді ғана келген, соғыс көрмеген, оның үстіне, жат жерге соғысқа барған өзі секілді бозбалаларды әскери ұрысқа тәрбиелеуге күш жұмсаған.
«Күндіз-түні солдаттарды дайындап, дұрыс жүгіру, еңбектеп жүру, қоян-қолтық ұрыстың әдістері, оны дұрыс қолдана білуді мәжбүрлеп үйретті. Нәтижесінде солдаттарды жаужүрек жауынгерлерге айналды. Оның әскери шеберлігі, командирлік білімі мен офицерге тән тактикасы ротаны жау қоршауынан және өзге де қауіпті жағдайлардан аман алып шығып отырды», – дейді Жаңатай Жақыпбеков.
Жалпы, Ауған жерінде Кабул, Жалалабад қалалары, Мазар Шариф, Құндыз провинциясы, өзге де жат жердің аймақтарында болып, ұрыс қимылдарына қатысқан ардагер 1981 жылы маусым айында елге аман-есен оралады. Туған жерге келгеннен кейін Жаңатас қаласындағы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне жұмысқа орналасып, мұнда 40 жылдан аса машинист болып еңбек етеді. Өткен жылдың желтоқсан айында құрметті зейнет демалысына шыққан ол Ауған соғысының жауынгері әрі ардагері ретінде «70 лет ВС СССР», «За сомоотверженный ратный труд в ТУРКВО» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» сынды көптеген медальдармен марапатталған.
Бұдан бөлек, бейбіт өмірде талай рет шынайы алғысқа бөленеді. Қазіргі таңда Жаңатай Жақыпбеков Ауған соғысы ардагерлері ұйымының мүшесі ретінде аудандағы қоғамдық шараларға, жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстарына белсене араласып келеді. Кейіпкеріміздің өмірлік серігі Зура Есенбаева ұзақ жылдан бері кәсіпкерлікті дамытуға өзіндік үлесін қосып келе жатқан еңбекқор жан. Олар 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, 7 немере сүйіп отыр. Үлкен ұлдары Еркебұлан біраз жыл аудандық полиция бөлімінде тер төгіп, полиция капитаны атанған. Ал, ортаншы ұлы Аслан аудандық полиция бөліміндегі жергілікті полиция бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады.
Кенжелері Али Алматы қаласындағы медицина университетінің магистратурасын сәтті тәмамдап, денсаулық сақтау саласында еңбек етуде. Бір анығы, Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің қайқайсысы да азаматтық борыштарына адалдық танытып, қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Демек, сұрапыл соғысқа қатысқан жауынгер ағаларымыз бүгінгі өскелең ұрпақтың Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруға әбден лайықты.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді