Театр, Болат Атабаевша айтқанда – дербес өнер. Оған бүгінде әдебиет ретінде қарап, негізгі табиғатын түсіне бермейтіндер аз емес. Бұл ретте «Dem» театрының өнердің киелі табалдырығынан ешбір именусіз, алшаң аттаған алғашқы қадамын эксперименталды абсурд жанрдағы шығармамен бастағанынан-ақ аңғардық. Бұл дербес өнер алдындағы әсіре сенімділік, жастық максимализм деп бағалайын десек, ұсынған шығарманың өне бойынан мұның иісі де байқалмайды. Әсіре асқақтау жоқ. Салқынқанды суреттеу, байыпты баяндау, сөйте тұра ащы мысқыл, көрерменді еріксіз иландыратын, жаныңды шырқырататын шындық жатқандай. Дегенмен, жастардың жеке театр ретіндегі бұл қадамдарын тұтас өнердегі сәтті эксперимент деп бағалауға әбден болады.
Жас театрдың құрамы алғашқы қойылымдарына қазақ әдебиетінің кербұғысы Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» шығармасын «Түн» деген атаумен арқау етіпті. Бір қарағанда шағын ғана новелла болып көрінгенімен, шығарманы іждағатпен оқыған адам оның өзегіне жасырған негізгі мәнін әшкерелемей қоймайды. Қойылым осы мәнді театр тілінде ұғындырады және шығарма жазылған дәуір мен бүгінгі кезең арасындағы паралелльдерді дәл болжап, тосын суреттеп, оны сахнадағы детальдарды сөйлету арқылы паш етеді.
Қойылым артистердің сахнадағы ебедейсіз жүрісінен басталды. Көрермен спектакльдегі негізгі оқиға қай жерден басталып кеткенін ұғынған жоқ. Көз алдымызда маңызды бір шараның алдындағы қарбалас болып жатты. Қара шляпі, қара плащ киген, қара дипломат ұстаған, Волков атты кейіпкер бастаған атқамінерлер автобуспен Новостройка ауылының ашылуына жолға шықты. Үш адамнан құралған шенеуніктер көрерменге қара дипломаттарынан қой терісін алып шығып, оны арқаларына жамылып, өзгеше хореографиялық этюд көрсетті. Біз мұның мағынасын кейіннен ұғындық. Бұл атқамінерлер мінген автобусқа жолсыз, жарықсыз, өзінше бөлек жадағай өмір кешіп жатқан Өркен ауылына асыққан Арай мен жаңағы Новостройка кентіне жаңа ауылдың ашылуын баспасөзге жазуға бара жатқан журналист Нұрлан да мінеді. Әрі қарай шығарма автобус ішіндегі Нұрлан мен Арайдың сүйкімді диалогтарымен өрбіп жатады. Арайдың көңілінде күрсініс бар. Сөйлесе келе Нұрлан Арайды қимай қалады. Қыстың қытымыр боранды түнінде қыз баланы аялдамадан жалғыз түсіріп кетуден артық сұмдық не бар?! Бірақ, автобус бұларды күтпейді, аптығып барады. Нұрлан қызға қайтар жолда Өркенге келетінін айтып, Алматыға бірге оралуға уағдаласады. Қыз өз ауылының тұсынан түседі де, жігіт әлгі ауылға редакция тапсырмасымен кете барады. Қорылға басқан атқамінерлермен діттеген жерге жетіп жаңадан ашылған ауылдың жаңа ғимараттарымен, жаңа нысандармен танысады. Шаруасын тындырып, Өркенге Арайды іздеп келгенде күні кеше жадағай ауылдың тұсынан тастап кеткен қимасы түнде қасқырға таланып, дүниеден өткенін естиді. Бірнеше сөйлеммен баяндап өте шыққанымызбен дәл осы аралықта қойылым режиссеры көрерменге ұсақ детальдар арқылы сан түрлі ой тастайды. Алматы мен Новостройка арасындағы жолды беттеп шыққан автобус – өмірді бейнелейді. Жаңа ауылдың ашылуына аттанған атқамінерлер – шығармадағы негізгі антоногистер. Қойылым басындағы үшеуінің дипломатқа таласқан этюді – жадағай жатқан, өзімен өзі мимырт тірлік кешкен сусыз, жарықсыз, жолсыз ауылды үнемі елеусіз қалдырып, түбі көрінбейтін қалтаның қамымен Новостройкаға керекті, керексіз мекемелер салып, жұртты қанап, мансап жолында талайдың тағдырымен ойнап кететін кәдімгі тойымсыз шенеуніктердің бүкіл болмысын боямасыз береді. Әсілінде, Арайды талап кеткен азулы қасқырлар – осылар. Автобустан түскенде Нұрлан Арайдың қолына «қажетіңе жарайды» деп сіріңке қорабын ұстатады. Қап-қараңғы, аяз қарып, боран түтеп тұрған иен далада туған үйіне жол іздеген қыз сіріңкені қайта-қайта тұтатып, шарасыз күй кешкенде қанға бөгіп, таланып өледі. Ал, оны өлтірген – қасқыр қоғам, аяусыз атқамінерлер. Бұл дүниеден таза күйінде кеткен арудың ақ арманы қызыл қанға боялып, көкірегі шерге толып аттанып кетті. Шын мәнінде, Арай – жиынтық образ, әлжуаз, қорғансыз, келешегінен ешқандай үміт күтпейтін қор болған қоғам. Жазушылар көп жағдайда шарасыз ғұмырды әйел бейнесінде беретіні белгілі нәрсе. Ал, атқамінерлердің ішіндегі ірісі боп жүрген кейіпкердің есімі Волков болуы да тегін емес. Төбеде ілініп тұрған чемодан немесе дипломаттар өмір атты ұзақ сапарда адамдардың мансап, байлық сынды баянсыз дүниелерге деген ұмтылысы. Арасында жабық тұрған чемоданды қайтыс болған Арайдың бетіне жабу – мансап түбінде адамның моласына айналатынын, айдаладағы төмпешік болып қана қалатынын ұғындыру деп түйдік. Мына жалғанда жанталасып жүріп қандай дүние жисаң да бәрі ертең қу төмпешік болып қу молаға айналатынын әспеттеген. Дәл осы сәттің алдында Нұрлан өзі іздеп келген Арайдың өліміне сенбейді. Жансыз денені қайта-қайта түртіп «жүр, Алматыға бірге кетеміз деп едік қой» деп қимасының өлімін мойындамайды. Атқамінерлер де Арайдың өлімінен бейхабар, қалталарының қампайғанына риза болысып, жаңа ауылдың ашылуын тойлап жатады. Бұл – бүгінде өлімнен мән кеткенін, бір үй қара жамылып отырса, келесі үй шат-шадыман думандатып жататынын, қазақтың ұзақ жылдар бойғы қасіреті бойында булығып, сыртқа шықпай келгенін бейнелейтін көрініс. Новостройканың жаңа ғимараттарын көтеру үшін, бүтін бір ауданды қыс бойы бет көтертпес боранмен алысып жүріп баққан малымен асыраған қарапайым ауыл тұрғындарының айдалада елеусіз қалып, есепсіз өліп жатқанын жеткізеді. Көрермен «қойылым басталды ма, басталмады ма?» деп екіұдай күй кешіп отырғанда сахнада Арайдың әкесі: «Биыл қыс қатты, қызым. Ит-құс көп, жаңа жылдық демалысыңды пайдаланып, мұғалімдеріңнен бірер күнге сұранып келіп қайт, сағындық» деген мазмұнда хат жазып отырады. Осы хат сіріңке қорабында көрермендер отырған әр орындыққа қойылды. Бұл деталь арқылы режиссер көпшілікке ата-анамыздың бізді үнемі ошағынан оты сөнбейтін, түтіні түзу шығатын жылы үйімізде сағына күтіп отыратынын айтқысы келгендей. Сонымен қатар, қойылым басталған сәттен бастап сіріңкенің деталь ретінде жиі пайдаланылғанын аңғарамыз. Мұны режиссер Ерасыл Битанов: «Режиссер шырпыны жағып ортаға шығып, залға жарық берген соң сол шырпыны Нұрланға береді, Нұрлан ол шырпымен чемоданының жыртығын жапсырады, одан Арайға береді, Арай қасқырдан қорғану үшін сол шырпыны жағады, ол алақанында қалады. Оны Нұрлан қайтадан алады да, режиссерге береді. Ондағы ой: «Арайдың енді шырағы сөнді, көрермен, осы шырпыны ала кетіңіздер, шырақтарыңызды сөндіріп алудан абай болыңыздар» деген ой. Басындағы ой тамызық, соңындағы шешім арқылы әу бастағы сахнадағы ойды түйіндеу» деп тәпсірледі.
Міне, әр заманның өз шындығы, уақыттың өз уыты болатынын айқындап, қоғамдағы кей адамның болмысындағы сонау түкпірінде жатқан пейілін әшкерелеп, бетіне басқан, әу баста шығарма авторы не айтқысы келгенін бүкпесіз баяндаған қойылымнан біздің түйгеніміз осы болды. Көрермен ретінде жүрегімізді жаншып өткен, өзімізді өзегімізге үңілдірген қорғансыз Арайдың боранды, қою түтінде сіріңкенің болмашы ғана, әлсіз маздаған отына жылынбақ боп, «жолыма жарық болады» деген үмітпен қайта-қайта тұтандырған сәті болды. Өзге көрермен шығармадан қоғамның, уақыттың тіпті тұтастай қазақтың трагедиясын тамашаласа, біз адам болмысының өзгеге беймәлім, өзіне ғана айдан анық – үмітсіздікпен күресін көрдік. Себебі, бәріміз осы күрестің қарусыз жауынгерлеріміз.
Мұндай қойылымнан соң шығарманы көрерменге ұсынғанға дейінгі қажырлы еңбек, театр ұжымының қайраткерлігі мен жанкештілігі туралы айтпай кетпеске болмайды. Айтпақшы, «Dem» ұжымы бұл қойылымды әуелі Жастар театрының қабырғасында астаналық көрерменнің назарына ұсынды. Бірінші елордалық жоғары талғам иелерінің оң бағасын алған соң, жаңа туындыдан рухани, мәдени ләззат алу бақыты әулиеаталық көрерменге бұйырыпты. Қызу дайындықтан сахнаға дейінгі соқпақ туралы қойылымның продюсері, белгілі қаламгер Ардақ Үсейінова баяндап берді.
– Шын мәнінде, бұл жанкештілік болды. Жастардың Таразда жеке театр құрылса деп жүргеніне біраз болған. «Бірігіп бір жұмыс істесек, жаңа леп әкелсек» деп жүрген. Оның алғашқы бастамаларына тараздықтар куә. Алматыда «Шам» жекеменшік театры құрылды. Әзірге репертуарында екі спектакль бар. «№37» спектаклі екі жылдан астам уақытта барлық қалада аншлагпен өтіп келеді. Астанада «JAN» иммерсивті театрының жұмыс істеп жатқанына екі жылдай болды, Қызылордада да жастар театры бар. Биыл Атырауда да жастар театры ашылды. Шымкент, Алматы, Астанада жеке театрлар бар. Жамбылдан шыққан өнерлі жастар көп, біразы Алматы, Астана қалаларында еңбек етіп жүр. Көпшілігі жанкештілікпен өнерді тастамай келеді. Тіршіліктің жетегінде амалсыз басқа саладан несібе іздеп жүргендер де бар. Солар жинала қалса, осындай ойларын айтатын. Бірақ жұмысын тастап келіп, бірден іс бастап кетуге күрмеуі қысқа тіршілік мүмкіндік бере ме? Осындай армандар көп айтылатын. Былтыр бұл ойды жобаға айналдырсақ деп біраз жүгірдік. Қаржы қолбайлау болды. Бірақ жинала қалсақ, «шіркін мынадай материал таптым, (пьеса немесе әңгіме), соны былай қойсақ қайтеді?» деп талқыға салатынбыз. Қыстың күні осы қойылымның режиссері Ерасыл екеуміз жолға бірге шығып қалдық. Сонда Ерасыл: «Шіркін, әпке қалаларға гастрольге шығып, аралап бір спектакль қойғым кеп жүр. Оны былай істеуге болады немесе мынадай нұсқамен шығаруға болады», – деп жол бойы идеяларымызды ортаға салумен болдық. Мен де «бастап көрейік те» деп қолдай кеттім. Содан бір күні актер Бауыржан Құлмамыр деген інім екеуі «әпке бір ақылдассақ» деп келді. Біраз ойды пісіріп алған соң, Дарын Даумовты шақырдық. Осындай жобаны бастайық дестік. Содан демеуші іздедік. Оған жобамызды ұсындық. Қаржы көлемін айттық. Сөйтіп сәуірден бастап, материал бойынша іздене бастадық. Негізі режиссер шақырып, қойғызбақ та болдық. Оған режиссерлардың кестесі бір жылға бос емес екен. Содан кейін Ерасылға осы «Қасқыр ұлыған түндені» қоясың» дедім. «Режиссерға беретін қаржыны труппаға шашайық. Азын-аулақ еңбектеріне ақысын алсын» дедік. Қоюшы-суретші Әйгерім Амангелдіге шығарманы ұсындық. Ол оқып шығып, ой тастады. Содан біз алдымен осы «Қасқыр ұлыған түндені» жазғанда жазушы не айтпақ болды?» деген сұраққа жауап іздедік. Осылайша, труппа жинай бастадық. Нұрланның рөліне режиссер Алматыдан кино және театр актері Жәнібек Ермұхаммедті шақырды. Жәнібек те осы идеяны айтып, «бір іс бастайық» деп жүрген жігіттердің бірі. Жәнібек ер екен, басында бір жарым айда аяқтап, премьера жасаймыз дегенде жұмыс бес жарым айға созылып кетсе де, табандылық танытты. Волковтың рөліндегі Елдос Ақылов Жетісай театрында алты жыл актер, труппа жетекшісі болып істеген. Әйгерім Тұмарбек – Арайдың рөлінде, Әлима Бетжанова – Волковтың көмекшісі, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің түлектері. Ерасыл Елеубай сол колледждің студенті. Әйгерімді көргенде Арайды тапқанымызды түсіндік, Әлиманың ойыны көптің көңілінен шығып жатыр. Ал, Арайды астаналықтар «бидегі харизмасымен қаратып алды» деп бағасын берді. Ерасыл Елеубай да өз міндетін шебер алып шықты. Ал, спектакльдегі шешімдер, идея, ой, жалпы қойылым режиссердің, труппаның еңбегі. Ерасыл қойылымды жобасы дайын болғанда ғана көрсетті. Ондағысы «жігіттерге сенім артыңыз» дегені екен. Жұмыс процесі оңай болған жоқ. Зал таппай қалып, далада дайындалған кез де болды, көп қиындықтарды артқа тастадық, бір-бірімізді қайрап, қанаттандырып жүріп шыдадық. Бұл экспериментальдық жанрдағы туынды. Мұнда драманың, трагедия мен комедияның оқиғаларды беру формасы жоқ деуге болады, әрбір детальда ой бар. Театрдың директоры Дарын Даумов. Инсценировкасын ұжымдық жұмыс деуге болады. Драматургиясын келтірген Жәнібек. Труппадағы актер Бауыржан Құлмамырды да атап өту керек. Ол бұл қойылымда дыбыс режиссері ретінде қызмет атқарды. Спектакльде музыкалық сүйемелдеудің де маңызы зор, – дейді продюсер. Ал, қойылымның осыдан бірнеше айлар бұрын басталған жанкешті дайындық жұмыстарына, жалпы ұжымның шығармашылық еңбегіне тұтастай белгілі кәсіпкер Сәуле Рысбаева демеушілік жасап, өнерге деген жанашырлығын көрсетіпті. Өнерге қадам басқан жаңа театрдың аяқалысын демеп, белін буған мұндай азаматтар ел ішінде көп емес. Әрбірден соң Сәуле Мақшанқызының бұл қолдауы өнер әлеміндегі тағы бір шырақтың отын маздатты деуге болады.
Көрерменнің көңілінен шыққан тағы бір нәрсе – сахнаның көрінісі. Театр сахнасында кеңістік көп. Оны әр режиссер, әр суретші өзінше әрлейді. Бірақ сахнадағы әр инсталляция сөйлеп тұруы тиіс. Кеңістікті дұрыс пайдалана білген режиссердің ғана әу бастағы идеясы ұтымды шығады. Мұнда қоюшы-суретші мен режиссердің ортақ жұмысы бірден аңғарылады. Бұл тұрғыда «Түннің» декорациясы – минимализммен ұштасып жатқандай әсер берді. Ешқандай ебедейсіздік жоқ. Сахнаға қойылған әр заттың, әр детальдың өзіндік мағынасы бар. Біреуі кем болса қойылым бір бөлшегінен айырылып қалатындай. Барлық деталь бірігіп ортақ мәнді, жазушының айтар ойын тәпсірлеп тұрғандай. Одан кейін көрермен ретінде шығармада «ешқандай басты кейіпкер жоқ» деп түйдік. Басты кейіпкер – көрерменнің өзі сынды. Себебі, қойылымдағы әр актер, әр актриса бізді, мына тұтас қоғамды әшкерелеп тұр. Әрбіріміздің ішімізде Арай, Нұрлан, Волковтар өмір сүріп жатқандай. Ендігі ретте осылардың қайсысын азықтандырамыз, кімге нені талғажау етеміз, ол келешектің еншісінде. Өз кезегінде Таразда алғаш рет сахналанса да бірден аншлаг болған қойылым еліміздегі театр өнерінің маржанына айналсын деп тілейміз. Қоғамның көзге көрінбейтін, адамзат аңғара бермейтін қалтарыс-бұлтарыстарын бүкпесіз баяндайтын туындылары көп болсын дегіміз келеді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді