Тек бір ғана Көктал мрамордың өзінде жетпістен аса жұмысшы еңбек етіп, табысын осы жерден айырғанын жергілікті жұрт тамсана айтады. Алайда, тоқсаныншы жылдардағы қиын кезең аталған кәсіпорындарды да айналып өткен жоқ. Салдарынан өндіріс ошақтары жұмысын тоқтатты. Бақылау болмағандықтан нысандар бұзылып, заттары қолды болды. Бір кездері кідіріссіз жұмыс істеп тұрған карьерге жанашырлық болмағаны өкінішті.
Жалпы, мәрмәр тас – әлемдегі ең әдемі және сұранысы көп тау жынысының бір түрі. Берік әрі дақтар мен сызаттарға қарсы тұратын қабілетімен, суға төзімділігімен және жоғары температураға төтеп беруімен ерекшеленеді. Мамандардың айтуынша, Көктал ауылдық округіне қарасты аумақта мәрмар тасының жүз жылға жетерлік қоры бар көрінеді.
Бұған дейін де Көктал ауылының тұрғындары тарапынан өңі кетіп, құлазып қалған карьерді пайдаға жарату туралы мәселе аз көтерілген жоқ. «Сабақты ине сәтімен» деген. Араға жылдар салып бос тұрған кәсіпорын жерлерін игеруге талап білдірушілер де табылып жатыр.
Бұрынғы Тараз мрамор карьерін пайдаланып, өнім шығаруға ниет танытқандардың бірі – «Азия НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестіктің Көктал ауылы аумағында жұмыс бастағанына екі жылға жуықтады. Ал, мрамор карьерін игергеніне бір жарым жылдан асты.
«Азия НС» ЖШС-нің жоба жетекшісі Қожахмет Ауданбековтің айтуынша, бүгінгі күні серіктестік мрамор қоқымын, мрамор қоспасын шығарады. Сонымен қатар, карьерден тасымалданған өнімдерді арнайы уатқыш- сұрыптағыш кешен арқылы ұнтаққа айналдырады.
Мұндай өнімдер құрылыста кеңінен пайдаланылады. Қазір тиісті жұмыстарға жүк артқыш, КамАЗ, экскаватор сияқты арнайы техникалар тартылған. Мұнда 6 адам жұмыс істейді. Олардың еңбекақылары атқарған жұмыс көлемімен есептеледі. Қазір «Азия НС» ЖШС айына 7 мың тонна өнім шығарып отыр.
– Мұнда жұмыс істеуге 10 жылға келісімшартымыз бар. Алдағы жылдың басынан өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сондай шығаратын өнімдердің қатарын мрамор ұнтағымен толықтырмақпыз, – дейді Қожахмет Мұхтарұлы.
Бүгінде Көктал ауылына жақын орналасқан карьерлердің қайта пайдаға жаратып, іске косушы серіктестіктердің табылып жатқанына ауыл тұрғындары да риза. Өйткені, шағын кәсіпорындар ауылдың тұрмысын көтеруде, жаңа жұмыс орындарын ашуға аз үлес қоспайды.
Мрамор – құрылыс және өзге де салаларда үлкен сұранысқа ие өнімнің бірінен саналады. Олай болса, алдағы уақытта оны игеруге ниет танытқандардың да қатары артады деген сөз. Аумаққа инвестиция тартылып, карьерлер бұрынғы жұмыс қарқынына қайта оралса, аудан экономикасына серпін берер еді. Жергілікті тұрғындарды үміттендіріп отырған жайт та осы.
Нарбол ҚАШАҒАН,
журналист.
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді