Қожалық ауыл іргесіндегі 2,5 гектар алқапқа орналастырылған картобын жинауда. Онда картоптың «Алладин» және «Крона» сұрыптары орналастырылған. Бұл алқапта басталған қазу жұмыстарын екі-үш күнде аяқтауды қожалық басшылығы көздеп отыр.
Қожалық жетекшісі Ермек Помашевтің айтуынша, картоптың биылғы шығымы өткен жылға қарағанда жақсы. Әрбір гектардан алынған орташа өнімділігі екі жүз центнердің үстінде. Алқап басында қызу жұмыс. Ауылдың шығыс бетінде орналасқан, трактор жаңа қазып өткен алқапта қызыл және сары түсті түйнектер төгіліп жатыр. Терімші әйелдер шелектерін толтырып, арнайы қаптарға қаптауда. Жүкші жігіттер толған қапты буып, жүк көлігіне артуда. Осы бір қарбаласқа толы тірлік, қызған жұмысқа қарап, дала төсіндегі еңбек адамдарының ісіне қызығасың.
Мұндағы «Алладин» сорты қызыл болса, «Крона» аталатын картоп тұқымының түсі сарғыштау. Бұл тұқымдарды қожалық жетекшісі Ермек Помашев аудандағы белгілі шаруашылықтан сатып алғанын айтты.
– Картоп баптаумен айналысып келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Кейінгі екі-үш жылдың көлемінде картоп алқабының көлемін ұлғайтуға күш салып келеміз. Шамамыз келіп жатса, бұдан да көбейтсек деген ойымыз бар. Биыл отырғызылған картоп тұқымының сапасы көңілден шығып отыр. Алқапты жаз бойы күтіп-баптадық. Ендігі кезекте қазуға кірістік. Өнімділік жаман емес. Картоптың пісіп-жетілуі де жақсы, – дейді Ермек Омарұлы.
Картоп жинау жұмыстарына аудан орталығынан және Қосбөлтек ауылынан 30-ға жуық терімші жұмылдырылған. Олардың бір күндік еңбекақысы 5 мың теңгені құрайды. Сонымен бірге терімшілерге бір шелек картоп беріледі. Еңбектің лайықты бағаланғанына жұмысшылар да дән риза. Шаруашылық жетекшілері де тындырымды еңбек етіп, өнімді жинасуға көмек көрсеткен ауылдастарына алғыстарын айтуда.
Алқаптан жиналған өнім тор қаптарға салынып, алқап басынан алушыларға өткерілуде. Өйткені, мұндағы тіл үйірер картоптың дәмін жақсы білетін кәсіпкерлер жүк көліктерімен келіп, бірден тиеп алып, өңір нарығына жөнелтуде.
«Жуалы ауданында өсірілген картопқа қашанда сұраныс жоғары. Біз бұл алқаптан, басқа да шаруа қожалықтарынан жиналған картопты Жамбыл және Түркістан облысындағы сауда орталықтарына жеткіземіз. Онда біздің тұрақты алушыларымыз бар. Жалпы, аудан картобын Тараз бен Түркістан қаласында, қала берді елордамыз Астана қаласында өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне де шығарып, өткеріп отырамыз. Дегенмен, бұрыннан даңқы картоппен шыққан ауданның өніміне сұраныс қайда болса да жоғары», – дейді кәсіпкер Ержан Мұқтар.
Жалпы, 2016 жылы құрылған «Омар Ата» шаруа қожалығының теңгерімінде 26 гектар егістік, 6,5 гектар суармалы алқап бар. Қожалық мал азығын дайындаумен және картоп өсірумен айналысады.
Ермек Помашевтің айтуынша, ол еңбек жолын бұрынғы «Большевик» колхозында бастап, кейіннен әкесі Омар Помашұлының жолын қуып, жылқышы болыпты. «Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиеленді. Әкем де, анам да еңбектің адамдары болатын. Біз де сол кісілердің өнегесін алып, еңбекпен өскен ұрпақпыз. Ағам екеуміз де колхозда ұзақ жыл еңбек еттік. Қазір осыны өз балаларымыздың бойына сіңірудеміз. Жыл он екі ай жұмыстан қол үзгіміз келмейді. Жастар еңбекпен өссе дейміз. Әрбір ер азамат өз отбасын адал кәсіппен асыраса деген тілек бар», – дейді қосбөлтектік еңбекқор азамат Ермек Помашев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді