«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Папилломаға қарсы екпе салынуда

Папилломаға қарсы екпе салынуда
Ашық дереккөз
Бүгінгі таңда облыс аумағында қатерлі ісік қаупі жоғары адам папиллома вирусына қарсы екпе егу науқаны белсенді жүріп жатыр. Бұл вирус жатыр мойны обыры дамуының негізгі этиологиялық факторына жатады. Мамандардың айтуынша, жатыр мойны обырының асқынуы аталған вирустың салдарынан орын алады.

Жуырда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында аталған вирус туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп өтті. Маманның мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда жатыр мойны обыры көптеген дамушы елдерде, соның ішінде Қазақстандағы әйелдерде жиі кездесетін қатерлі ісіктердің бірі саналады. Назар аударатын жайт, жатыр мойны обыры – бұл егу арқылы алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық ауру. Сондықтан, онкологтар адам папиллома вирусына қарсы вакцина алуды ұсынады. Жаппай вакцинацияның негізгі контингенті – 9-13 жас аралығындағы жасөспірім қыздар. Бұл жас қыздарға репродуктивті кезең басталғанға дейін, қызға осы қауіпті вирусты жұқтырмас бұрын, оның ішінде жеке гигиена заттары және тұрмыстық байланыс арқылы жаппай вакцинациялау мақсатында таңдалған. Жүргізілген зерттеулер әйелдерге салынатын вакцинаның қорғау мерзімі ұзақ екенін көрсетті. Нақтыласақ, вакцинаны енгізгеннен кейін 10 жыл немесе одан да көп уақыт ішінде вакциналардың иммуногенділігі төмендемегені дәлелденді.

– Қазақстанға, соның ішінде Жамбыл облысына адам папилломавирусына қарсы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қауіпсіз және тиімді вакцина ретінде мақұлдаған, АҚШ-та өндірілген Гардасил вакцинасы жеткізілді. Вакцинаны бүкіл әлем бойынша мыңдаған ғалым зерттеп, зерттеу деректерінің нәтижесінде елеулі жанама әсерлер табылмаған. Вакцина енгізілген жерде қызару, бас айналу және жүрек айнуы сынды жанама әсерлер ғана байқалған. Айта кету керек, әр әйел үшін жатыр мойны обырын жыл сайын және жүйелі түрде тексеріп отыру өте маңызды. Бұл жатыр мойны обырының ауруын ерте анықтауға әсер етуі мүмкін.

Елімізде скринингтің табысты бағдарламалары жатыр мойны обырына шалдығу мен өлім-жітім көрсеткішін екі есе төмендетуге мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасында жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған Ұлттық скринингтік бағдарлама жүргізілуде. Бағдарлама аясында 30-70 жас аралығындағы әрбір әйел емханада жатыр мойны обырына тегін тексеріле алады. Өкінішке қарай, жатыр мойны обыры жасарып келеді. Сондықтан бұл ауруды ерте алдын алу өте маңызды. Бұған бірден бір көмек – ең алдымен адам папилломавирусына қарсы вакцинациядан өтуі тиіс.

Жамбыл облысында 11 жаст ағы қыздардың адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялануы басталып кетті. Вакцинацияны ата-аналардың жазбаша келісімімен, вакцина туралы ақпаратты, оның ықтимал қысқа мерзімді жанама әсерлерін 2024 жылдың қазан айынан бастап мектептердің медициналық пункттерінде немесе тіркелген жері бойынша медициналық мекеменің егу пункттерінде тегін таныса отырып алуға болады.

Облыс бойынша және Тараз қаласында мектептер мен медициналық мекемелер, 485 егу пункті мен 10 аудандағы емханалар, дәрігерлік амбулаториялар, медициналық пункттер вакцинацияға қажет жағдаймен толық қамтамасыз етілді. Облыстық вакциналарды сақтау қоймасына адам папиллома вирусына қарсы 11471 бір дозалы вакцина жеткізілді. Облыс бойынша 120-дан астам семинар тренингтерде 2 мыңнан астам мектептер мен медициналық орталықтардың медицина қызметкерлері адам папилломавирусына қарсы егу жүргізуге сынақтан өтті. Адам папилломавирусына қарсы вакцинацияның маңыздылығы мәселелері бойынша түсіндіру іс- шаралары, халықпен, оқытушылармен, ата-аналармен және жасөспірімдермен кездесулер белсенді жүргізілуде, – деп атап өтті Ерік Тіллабекұлы.

Ал, күні бүгінгі ахуал бойынша, облыста тұмауға және адам папилломавирусына қарсы егу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы 66 қыз балаға екпе жасалған. Екпе науқаны жалғасып жатқанын атап өткен жөн. Жергілікті денсаулық сақтау органдары тәуекел тобына жататындардың барлығын вакцинациядан өтіп, бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар