Өкпенің инфекциялық аурулары жайлы не білеміз?

Өкпенің инфекциялық аурулары жайлы не білеміз?
Ашық дереккөз
Жұқпалы аурулар ауа арқылы да тарайтындықтан, өкпенің инфекциялық аурулары ішінен пневмония және туберкулез ауруы да қауіпті. Бұл туралы бәрі толыққанды ақпараттануы керек. Туберкулез ауруы мен пневмония әрқашан адамзат денсаулығының ең өзекті мәселелерінің бірі болып келеді.

Адамдар үшін қауіпті ауру

Туберкулез тек медициналық ғана емес, әлеуметтік мәселе болғандықтан өзекті. Өйткені, туберкулездің даму қаупі факторлары жас-жыныстық, медициналық-биологиялық, эпидемиологиялық, әлеуметтік-кәсіби және әлеуметтік-гигиеналық болып бөлінеді.

Өкпенің қабынуы – аурудың кең тараған түрі. Ағзаға ауру тудыратын микробтар түскенде және суық тигенде, өкпе қабынады. Өкпе қабынғанда дене қызуы 39,4-40 градусқа дейін көтеріледі. Жөтел пайда болады, бүйірі шаншиды. Адам жөтелгенде, түшкіргенде шаншу күшейеді, жиі-жиі тыныс алып, ентігеді. Мұндайда адамның екі беті қызарып, несептің түсі сарғыштанып, аз бөлінеді.

Пневмония немесе өкпенің қабынуы инфекциялық ауру болуымен де қауіпті. Ертеректе әpбіp үшінші aдaм осы дерттен қaйтыc бoлған. Бүгінгі медицинаның дамуымен бұл сырқат coншaлықты қopқынышты eмec дерлік деңгейге жетті. Алайда, дер кезінде дәpілік зaттap қолданып, мeдицинaлық көмек алу керек, сонда ғана құлан таза айығуға болады. Пневмонияны туындатушы себептер көп, салқын тию, вирустық аурулар, иммунитет әлсіздігінен тыныс алатын ауадағы бактериялар мен вирустарды тез жұқтыру секілді тағы басқа да себептерден ауру күшеюі мүмкін. Адамдар көбіне «өкпенің қабынуын жоғары температура мен күшті жөтел бойынша білуге болады» деп қателеседі. Сондықтан, ayыp acқынyлapдың қayпі әлі дe жoғapы. 90 пайыз жaғдaйлapдa дәpігepлep «бaктepиялық пнeвмoния» диaгнoзын анықтайды, вирустық пнeвмoния 7-8 пайыздық жағдайда ғана кездеседі екен. Oлapдың қоздырғыштары – тұмay виpycы, peнo нeмece aдeнoвиpycтар.

Пневмонияға көбіне иммyнитeті әлcіpeгeн нayқacтap, қapттap, шылым шeгeтіндep, aлкoгoльді қoлдaнaтын aдaмдap, зиянды өндіpіcтepдің қызмeткepлepі, қaнт диaбeтімeн ayыpaтындap, өкпe, жүpeк-қан тaмыp жүйecі aypyлapы бар адамдар сезімтал келеді. Пнeвмoнияның клиникaлық белгілері тұмayға ұқcac, мысалы қалтырау, дем алыстың жиілеуі, қырылдаған немесе сырылдаған дыбыстың шығуы, дене қызуының көтерілуі (кейде жаңа туған нәрестелер немесе қарт адамдар, әсіресе әлсіз қарт адамдар, ауыр өкпе қабынуымен ауырғанда температура төмендейді), жөтел (түсі сары, жасыл немесе қошқыл қоңыр, не сілекейге аздап қан араласқан қақырықпен), ерін мен тырнақтың көгеруі, кеуденің ауыруы, науқас халінің ауырлауы болады. Бетіне және ерніне салқын тигенде ұсақ жаралар шығады. Өте қатты ауырған бала минутына 50-ден аса ентіге дем алса, ол өкпенің қабынуы болуы мүмкін. Өкпе жедел қабынса, ауруханада стационарлық ем қабылдау қажет. Пневмонияны кең ауқымды әсер ететін антибиотиктермен емдейді.

Туберкулез – адамзаттың басты инфекциялық жауы

Туберкулез көбіне тыныс алу мүшелерін, ең бастысы өкпе мен бронхыны зақымдайды. Бірақ басқа да мүшелерді зақымдауы мүмкін. Мысалы, сүйектер мен бұлшықеттер де зардап шегеді. Осы айырмашылықтарына қарай туберкулездің екі негізгі – өкпе туберкулезі және өкпеден тыс туберкулез деп аталатын түрі бар. Өкпе туберкулезі ұзақ уақыт бойы симптомсыз өтеді және флюорография немесе кеуде жасушасын рентген суретіне түсірген кезде анықталады.

Туберкулез – бұл өкпе және лимфа түйіндерде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Ол тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар адамның барлық ағзаларының, яғни сүйектердің, бүйректің, мидың және ми қабықтарының, терінің, көздің және басқа ағзалардың да зақымдануы. Алайда, өкпе туберкулезі жиі кездеседі. Жұқтырудың негізгі көзі – туберкулездің ашық түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға микробактерияны бөлетін адам. Туберкулез адамнан адамға ауамен таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе қақырғанда өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшерімен дем алуы жеткілікті. Туберкулез қоздырғышының сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті бар, мысалы, микробактериялар тозаңданған, көгерген үй-жайларда адам үшін қауіпті. Ондай жерлерде туберкулез бактериялары жылдар бойы өмір сүруге қабілетті. Науқас адам жөтелгенде қақырықпен бірге, түшкіру, сөйлеген кезде қоршаған ортаға 2-6 метр радиуста ауада таралатын миллиондаған микробактерияларды бөледі.

Туберкулездің алдын алудың ең тиімдісі – салауатты өмір салтын ұстану. Бұл мақсатқа жету үшін ең жақсы жолы – күн тәртібін құру және ағзаны шынықтыру. Таза ауада серуендеу, күн және су процедуралары, дене шынықтырумен айналысу, демалыс пен еңбек жүктемесінің дұрыс үйлесімі, толыққанды, дәрумендерге бай тамақтану, жеткілікті және уақтылы ұйқы, яғни дұрыс гигиеналық тәртіп адам ағзасының нығаюына ықпал етеді және оны туберкулез ауруынан қорғайды.

Жыл мезгіліне қарамастан, таза ауада мүмкіндігінше көбірек болу қажет. Өйткені, таза ауа ағзаға жақсы әсер етеді және шынығу алдын алудың тамаша жолы. Жеке гигиена ережелерін сақтау, яғни жуу құралдарын және ағынды суды пайдалана отырып, қолды, ыдыстарды жуу, тұрғын үй-жайларды ылғалдап тазарту және желдету, ет пен сүтті міндетті термиялық өңдеу, жеке гигиеналық құралдар мен ыдыстарды пайдалану, жуыну ұтымды болмақ. Жөтел этикетін сақтау аса маңызды. Гигиеналық тәртіптің маңызды бөлімі – дұрыс тамақтану. Адам тәбетінің жоғарылауына ықпал ететін және ағзамен жақсы сіңіретін түрлі тағамдарды жеу керек. Тағам құрамына ақуыздар, майлар мен көмірсулардан басқа, міндетті түрде дәрумендер мен минералды тұздар кіруі тиіс. Ақуыздар ет, сүт, сүзбе, жұмыртқада, ал көмірсулар қант, нан, картоп, жармада болады. Дәрумендер мен минералды тұздар негізінен жаңа піскен көкөністер мен жемістерде кездеседі. Туған кезде БЦЖ-мен міндетті түрде вакцинациялау және 6-7 жаста қайта вакцинациялаудың пайдасы зор. Туберкулезді дер кезінде диагностикалау қажет.

 

Күләш УРПЕКБАЕВА,

облыстық фтизиопульмонология орталығының мейіргері.

Ұқсас жаңалықтар