Шерхан Мұртаза қара сөзбен жырлаған қасиетті Мыңбұлақ өлкесі, оның ішінде Көксай, Құттыбұлақ, Қорым, Ақсай, Тышқансай, Қарасай, Жалманбай және Тобышақты сайлары Алатаудың бойында қатар орналасқан. Тәңіртау да бұрынғы қалпынша асқақ. Тіршілік атаулыға тауға тән тәкаппарлықпен қарайды. Бауырында Көксай, Ақсай, Тобышақты өзендері ақ көбігін аспанға шашып, долдана ағып жатыр. Олар бастауын тау шыңдарындағы мұздықтардан алады. Олардың алып жатқан аумағы да үлкен.
Тобышақты – Алатау алқабындағы үлкен сай. Басталар жағында қалың тоғай, тобылғы өседі. Бұрын бұл жерде ауыл болған. Ұлы Отан соғысынан кейін оңтүстіктегі мақталы алқаптарының көлемін ұлғайту үшін Мақтаарал жағында үлкен каналдың құрылысы басталғаны мәлім. Сол кезде Тобышақты ауылының тұрғындары жаппай канал құрылысына жіберілген. Құрылыстан кейін сол тұрғындардың біразы елге қайтқанымен, көпшілігі сонда қалып қойған. «Тобышақты» сөзі сол ауылды мекендеген аз ғана елдің «шағын тобы» дегенді білдіреді-мыс. Қазір бұл сай «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының аумағына кіреді.
– Тобышақты сайы Ақсай шатқалы сияқты Алатаудың бауырында орналасқандықтан мұнда ауа райы өте салқын. Бұл жерде аң мен құс, өсімдіктердің сан алуан түрі кездеседі. Өсімдіктер дүниесі туралы айтар болсам, долана, бөріқарақат, тау шиесі, қайың, шырша, арша, сонымен қатар, ағаштың бірнеше түрі кездеседі. Гүлдерден бәйшешек, қызғалдақ, тағы басқалары өседі. Аңдардан тауешкі, қасқыр, түлкі, қоян, борсық, қабан мекендейді. Мемлекет қорғауына алынған аң- құстарды сұқ көзден қорғаймыз. Қазіргі таңда аң-құстарды атуға заңмен тыйым салынған. Олай болған жағдайда, қылмысқа барған азамат көп мөлшерде айыппұл төлейді. Ары қарай Қожабексайы, Жуалыбет деп аталатын жерлер бар. Күншығысымызда Көксай, Ақсай, Қарасай сынды үлкен сайлар орын тепкен. Таудың бір ерекшелігі, лезде күн бұлттанып, жауын жауып кетеді. Қыста қар қалың жауып, 30-35 градусқа дейін аяз болады. Таудың негізгі табиғи ерекшелігі осы, – дейді қорықшы Темірлан Қырғызбаев.
«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» демекші, адамзат пен табиғат егіз. Тобышақты шатқалында болғанда біз де табиғат- анадан ерекше күш-қуат алғанымызды сезіндік. Шатқал ішінде ағаштың бірнеше түрін кездестірдік. Ондағы бастаулардан сыңсып аққан мөлдір суынан дәм таттық. Онда шөп пен гүлдің неше түрі бар. Жуаның қалың шыққан жерлері де бар мұнда. Қорықшылардың айтуынша, жуаны мамыр айының басында ғана жеуге болатын көрінеді.
Жерле сіміз, жазушы Мақұлбек Рысдәулет «Жуалы» кітабында «Мұнда Орталық Азия тауларында кездесетін аң-құс та, өсімдік те түгелімен бар. Тау табиғатының інжу-маржаны осы жерде. Оның үстіне Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында Ақсу және Жабағылы, Жамбыл облысы өңірінде Тобышақты, Ақсай мен Көксай өзендері қорық аумағындағы мұзаттардан басталады. Бұл өзендердің тастай әрі мөлдір суы жаныңызды рахатқа бөлесе, тәніңізге қуат беретін саф ауасының шипалық қасиеті қандай десеңізші! Тобышақты табиғатының сұлулығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Жуалы өңірінде осы Тобышақтыдай қалың тобылғы өсетін жерді кездестіре алмайсыз. Ертеректе жылына бір рет қолөнершілер осында келіп, сабау, қамшы сап, шоқпар дайындап, майда бұтақтарын қымыздың күбісін ыстау үшін алып кетеді екен» деп жазады жазушы.
Жалпы алғанда Мыңбұлақ, Жуалы өлкесінің тарихы терең. Бір ғасырларда мұнда әлемді жаулаған әйгілі қолбасшы Шыңғысхан әскерлерімен келіп демалады екен. Ол заманда бұл аймақтың бәрі сыңсыған орман, бұлақтар өте көп болған деседі. Ен далада киік, елік сияқты аңдар емін-еркін жосып жүретін көрінеді. Одан бері қаншама заман өтті. Бізге сондай табиғаттың ғажайып сыйының жұрнағы ғана жетіп отыр. Осының өзін аман сақтап қалу – біздің борышымыз.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
30 инвестициялық жоба іске асады
- 19 желтоқсан, 2024
Екі ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді