Белгіленген кестеге аудандық мәслихаттар депутаттарының тұрғындармен кездесуі аумақтық шекаралық бөлінісіне қарай жүзеге асуда. Осыған орай аудандық мәслихат депутаты Эльмира Бегалиева Қаратөбе ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Алдымен аудандық мәслихаттың төрағасы Мұхтар Шайдаев аудандық мәслихатта атқарылған жұмыстарға тоқталып, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауындағы еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуына бағытталған маңызды міндеттерге кеңінен тоқталды. Мұнан соң, аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Бегалиева қаратөбеліктердің алдында сайлауалды бағдарламасы аясында атқарған жұмыстарын егжей-тегжейлі баян етті.
Атап айтсақ, депутат тұрғындардың игілігіне, ауылға қатынайтын автобус мәселесі, ауылға кіреберіс және Қызылшарық ауылына өтер тұсқа бағдаршам және шешімін таппай жүрген ауыз су мәселесінің де қазіргі таңда жұмыстары басталып жатқанын атап өтіп, су құбырлары тартылып біткен соң, артынан міндетті түрде жолдарға асфальт жабындысы төселетіндігін жеткізді. Есепті мерзімде халық қалаулысы тұрғындарды толғандырған проблемаларға байланысты 6 депутаттық сауал жолдап, оның 5-еуі оң шешімін тапқан. Сонымен қатар, 30-ға жуық қоғамдық қабылдаулар өткізіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін назарға алған.
– Сайлаушыларды кез келген уақытта қабылдап, мәселелеріне құлақ асуға дайынмын. Осы арқылы біз сайлаушылардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, өтініштерін тыңдап, ұсыныстар жинақтап, аталған мәселелерді тұрақты комиссия отырыстары мен сессияларда көтеріп отырамыз. Тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар депутаттық фракция отырысында талқылауға түсіп, атқарушы мемлекеттік органдарға жеткізілетін болады. Аудан тұрғындары әлеуметтік желілерде де сұрақтарын қойып, шешімін күткен мәселелерді ортаға салуда. Әр көтерілген мәселе мен өтініштер тұрақты бақылауда, – деді халық қалаулысы Эльмира Бегалиева.
Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың депутаты Шахан Байкенжеев те Қарой ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, есеп берді. Ол сайлауалды бағдарламасы аясында атқарған жұмыстарына тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді сөз етті. Осыған дейінгі уақытта халық қалаулысы тұрғындарды толғандырған проблемаларға байланысты 9 депутаттық сауал жолдап, оның 7-еуі оң шешімін тапқан. Сондай-ақ, ол 30-ға жуық қоғамдық қабылдаулар өткізіп, тұрғындардың ұсыныс- пікірлерін назарға алған.
Бұдан өзге бекітілген кестеге сәйкес, аудандық мәслихаттың депутаты Дамира Дармағамбетова Гродеково, Қызылдихан ауылдарында болып, жергілікті жұртшылықпен кездесті. Кездесуде Дамира Болатқызы сайлауалды бағдарламасы аясында жолдаған 8 депутаттық сауалдың 5-еуі оң шешімін тапқанын тілге тиек етіп, тұрғындар тілегі әрдайым назарда болатындығын жеткізді.
– Қазіргі таңда қабылдау, кездесулер жемісті жалғасын табуда. Ол тек белгіленген уақытта ғана жүргізілмейді. Кез келген уақытта, қалаған уақытта халықты қабылдауға, кездесуге дайынмын. Сайлаушылармен тығыз байланыс орнату арқылы біз қоғамдағы қордаланған мәселелермен танысамыз. Аудан тұрғындары бүгінде әлеуметтік желілер арқылы да толғандырған сұрақтарын қойып, шешімін күткен мәселелерді ортаға салуда. Әр көтерген өтініш халық қалаулыларының назарында. Біз көтерілген мәселелердің оңтайлы шешімін табу жолында атқарушы билікпен бірлесе жүйелі жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді аудандық мәслихат депутаты Дамира Дармағамбетова.
Депутатты зейін қойып тыңдаған ауыл тұрғындары халық қалаулыларының жұмысына оң бағасын беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Сайлаушылар алдында есеп беру жұмыстары Қаракемер ауылында да жалғасты. Аудандық мәслихат депутаты Бақытжан Наметулла мәслихат заңнамасы мен регламентіне сәйкес, сайлауалды бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстары жөнінде Қаракемер ауылы тұрғындары алдында есеп бердi.
Есеп беру барысында халық қалаулысы көтерілген мәселелердің оңтайлы шешімін табу бағытындағы жұмыстарға тоқталып, сайлаушылар тарапынан айтылған сұрақтар мен ұсыныс-пiкiрлерді тыңдады.
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді