Әулиеата аймағының әлеуеті жоғары

Әулиеата аймағының әлеуеті жоғары
Ашық дереккөз
Бүгінде еліміз индустриалды-инновациялық дамудың дербес жолын таңдап, жеделдетілген бағытын ұстанған. Экономиканың қуатын күшейтіп, тамырын тереңдету үшін заманауи талапқа сай өнімді күштердің жаңа құрылымы жасалынуда. Өйткені, экономикалық мүддеге сүйенген елдің келешегі кемел. Ел экономикасының қуаттылығы қазба байлық пен минералды ресурстар базасының көлеміне байланысты емес, алысты аңғаратын экономикалық реформаларда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан осы реформалардың нәтижесінде Қазақстанның өзіндік саяси бағыт-бағдары, үдемелі үдерісі бар.

ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

Еліміз бойынша жүзеге асырылып жатқан индустриалды-инновациялық жобалар Жамбыл облысында да жүйелі түрде қолға алынған. Бұл тұрғыда Жамбыл облысы 2025 жылға дейінгі даму жоспарының жаңа сипаттағы жобасын жүргізуде. Мақсат – анық, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпті дамыта отырып, ауыл мен аймақ тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын құру, тұрмыс жағдайын жақсарту, табысын арттыру. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік игілігі де басты назарда. Жобада жалпы, жергілікті тұрғындардың салауатты өмір сүру ортасын қалыптастыра отырып, жүктелген міндеттерді шешу көзделген.

Үш негізгі бөлімнен тұратын даму жоспары инвестициялық жобаларды, бюджеттік инвестициялық жобаларды және жұмыспен қамту шараларын қарастырады.

Әлеуметтік-экономикалық даму, инвестициялық жобалар, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі, металлургия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу, бағаны тұрақтандыру шаралары, әлеуметтік осал топтарды қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, өңірдегі жолдардың жай-күйі, туризмді дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту сынды барлық салада қазіргі таңда облыстағы әлеуметтік-экономикалық бағыт оң динамиканы байқатып отыр.

Өңір экономикасы едәуір артқан. Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің атқарылуы жайындағы мәліметке сәйкес, облыстың 7 айдағы экономикалық өсімі 103,3 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығы, негізгі капиталға тартылған инвестиция, құрылыс, тұрғын үй, сауда, көлік, байланыс салаларында біршама өсім бар. Өңдеу өнеркәсібінде 319,8 миллиард теңгенің, ауыл шаруашылығы саласында 142,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

Қазір шаруалар тарапынан егін жинау науқаны жүргізілуде. Аталған жұмыстарға 10 мың техника тартылған. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 526,3 мың тонна дәнді дақылдар, 18,5 мың тонна картоп, 93,6 мың тонна көкөніс, 57,6 мың тонна бақша дақылдары жиналған.

Өсімдік шаруашылығының өсімі 42,9 миллиард теңгені құраған, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,8 пайызға артық.

Негізгі капиталға 247,3 миллиард теңге инвестиция тартылған. 140,4 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. 355,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Сауда айналымы 502,9 миллиард теңгені, көлік қызметтері 331,2 миллиард теңгені құраған. Жүк тасымалдау 7,9 пайызға, жүк айналымы 3,7 пайызға, жолаушыларды тасымалдау 13,8 пайызға, жолаушы айналымы 18,2 пайызға артқан.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, бөлшек және көтерме сауда, құрылыс жұмыстарының көлемі – облыс экономикасының өзекті негізі. Осы жөнінде облыс әкімі сала басқармаларындағы жауаптыларға үнемі даму көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жұмысты жандандыруды тапсырады. Сондай-ақ, халықтың табысын арттыру, жұмыссыздыққа жол бермеу бағытындағы мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалануды, бюджет қаражатын жоспарлы игеруді міндеттейді.

Соның нәтижесінде облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындар мен заңды тұлғалар саны 12226 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,3 пайызға артқан.

САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫС

Аймағымызда 2024 жылғы қаңтар-наурыздағы жалпы өңірлік өнім көлемі қолданыстағы бағамен 638675,9 миллион теңгені құраған. 2023 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда нақты ЖӨӨ 1,7 пайызға өскен. ЖӨӨ құрылымында тауарларды өндіру үлесі 29,2 пайызды, қызметтер көрсету үлесі 64,2 пайызды құраған. Тұтыну баға индексі 2024 жылдың шілдесінде 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 104,1 пайызды құраған. Халыққа көрсетілетін ақылы қызметтердің бағасы 8,8 пайызға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 3,3 пайызға, азық-түлік тауарларының бағасы 2,8 пайызға өскен. Өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда, биылғы жылдың шілдесінде өндіруші кәсіпорындардың өнеркәсіп өнімдерінің бағалары 8 пайызға қымбаттаған. Сонымен қатар, бөлшек сауда көлемі 282782,1 миллион теңгені құраған немесе 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға көбейген. Ал, көтерме сауда көлемі 219032 миллион теңгені құраған немесе 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97,2 пайызды құрайды. Ашық деректерге сүйенсек, 2024 жылғы қаңтар-маусымда облысымыздың ЕАЭО елдерімен өзара сауда байланысы 99,1 миллион АҚШ долларын құрап, 2023 жылғы қаңтар-маусымдағымен салыстырғанда 45,8 пайызға азайған, оның ішінде экспорт 46,5 пайызға кеміген, яғни 32,6 миллион АҚШ долларын құраған. Импорт болса, 45,4 пайызға азайып, 66,5 миллион АҚШ долларын құраған.

Облыс бойынша жыл басынан бері 12 инвестициялық жоба іске қосылыпты. Аталған 12 инвестициялық жобаның құны 247,3 миллиард теңгені құрайды. Өңірде жыл соңына дейін бірқатар ірі өндіріс ошақтарын іске қосу көзделуде. Олардың ішінде, атап айтқанда, KORCEM цемент өндіру зауыты, Karatau Chemicals пиросульфит өндіру зауыты және Шатыркөл байыту фабрикасы бар.

Әрбір жоба өз кезегінде экономиканың түрлі секторларына оң әсерін тигізіп жатыр. Бұл жобалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және әлеуметтік салада жүзеге асырылуда.

Облыста іске қосылған инвестициялық жобалар өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, жергілікті халықтың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жобалар түрлі салаларда жаңа мүмкіндіктер ашып, облыстың инвестициялық тартымдылығын арттырады. Болашақта қосымша жобалар мен бастамалар облыстың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Облыс әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, биыл жыл басынан бері 247,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,3 пайыз жоғары көрсеткіш. 2024 жылдың соңына дейін инвестиция көлемі 702 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды деген жоспар бар.

Биыл облыста бірнеше маңызды инвестициялық жоба жүзеге асқанын айттық. Оның көбі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және әлеуметтік салада іске асқан. Өңірдің инвестициялық қоржынында 2,5 триллион теңгенің 70 жобасы бар, олар алдағы уақытта аймақта 6,3 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, 2024 жылы 228,5 миллиард теңгеге 19 жоба жүзеге асырылып жатыр, соның арқасында қосымша 1 432 жұмыс орны ашылады. Жыл басынан бері 139 миллиард теңгенің 12 жобасы іске қосылып, жаңадан 405 жұмыс орны ашылған. Олардың қатарында жаңа өңдеу зауыты, ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсететін сервистік орталық, құм-қиыршық тас шығаратын зауыт, сүт өнімдерін өңдеу цехы бар.

Бір сөзбен айтқанда, назар аударғанға облыста ауқымды экономикалық өсім болғаны анық байқалады. Облыстың өңірлік жалпы ішкі өнімі өскен, бұл әрине, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қызмет көрсету және сауда салаларындағы өнімділіктің артуымен байланысты. Мұндай өсім экономикалық тұрақтылық пен инвестициялық климаттың жақсарып келе жатқанын көрсетеді.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жақын арада инвесторларға ауданы 40 мың шаршы метр болатын заманауи өндіріс орындары пайдалануға берілетінін мәлімдеген. Оның айтуынша, қазірдің өзінде салынып жатқан өндіріс орындарының 30 пайызына, дәлірегі, шамамен 15 мың шаршы метрге өтінім берілген.

Биыл мамыр айында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы базасында отандық және шетелдік инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін Zhambyl Invest дирекциясы құрылған. Дирекция әртүрлі саладағы отыздан аса жобаға қолдау көрсетіп отыр екен, оның тоғызы жақын арада іске қосылады деп жоспарланған.

Өңірдің биылғы экономикалық дамуының көрсеткіші ретінде тағы да бірнеше негізгі бағытты атауға болады. Инвестициялық жобаларды іске асыру, ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және әлеуметтік саладағы жетістіктер аймақ экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Бұл бағыттар облыс экономикасының өсуіне, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының жақсаруына және экологиялық жағдайдың тұрақтануына ықпал етеді деген үміт бар.

Жалпы облыс минералды ресурстарға бай. Мұнда қорғасын, мырыш, алтын, фосфорит сияқты пайдалы қазбалар бар. Өңірдің табиғи ресурстардан бөлек, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм саласындағы әлеуеті де жоғары.

2024 жылдың қаңтар-шілде айында ішкі сауда көлемі 502,9 миллиард теңгені құраған Жамбыл облысы Қазақстан экономикасында маңызды рөл атқарады. Сол үшін өңірде қолға алынып жатқан жаңа жобалар, сауда-экономикалық қызметтер жандана түсері анық.

ТУРИЗМ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – туризмді дамыту.

Туризмді дамыту арқылы еліміздің экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болады. Облысымызда да туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық жағдайлар жеткілікті. Сондықтан болар, өңірде туризмнің өріс алуына ерекше көңіл бөлінген.

Бүгінгі таңда өңірге шетелдік туристерді тарту үшін Тараз қаласы жан-жақты абаттандырылуда. Жаңа бір көрініс тапқан саябақтар, скверлер, көпірлер, ескерткіштер қала меймандарын қызықтырары сөзсіз. Облыс туризмінің дамуына жаңа серпін беру үшін заманауи архитектуралық сәулет өнерінің туындыларын насихаттау қолға алынған. Тараз қаласында ашылған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені, «Жастар аллеясы» атты жаңа демалыс орны, «Желтоқсан толқыны» аллеясы, «Үшбұлақ» каналынан «Зербұлақ» көліне дейін созылған өзен жағалауы туризмді дамытуға үлкен септігін тигізері анық.

«Тектұрмас» этно-тарихи кешені көне қала бейнесіндегі ортағасырлық түркі елдерінің Тараз өңіріндегі киелі орны, бүкіл түркі әлемінің тарихын бейнелейтін тарихнама болып есептеледі. Мұнда Тараз қаласының басты символы – Ұлы Әулие-Ата бабамыздың ескерткіші орнатылғанын жерлестеріміз орынды мақтан етеді.

Соңғы жылдары облыстағы ірі туристік аймақтардың ашылуы, туристік бизнес өкілдерімен ұсынылып отырған қызмет түрлерінің кеңеюі ішкі туристік ағындардың өсуіне өз септігін тигізіп отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы өңірге 127162 адам саяхаттап келген. Оның 1386-сы шетел азаматтары. Ал, биылғы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 40844 турист келіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда саны 131 пайызға артқан. Оның 545-і шетелдік, 40299-ы еліміздің басқа өңірлерінен келген туристер. Келушілерге 509 миллион теңгеге қызмет көрсетіліп, бұл көрсеткіш 102 пайызға орындалған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласына салынған инвестиция көлемі 25,4 миллиард теңгені құрап, жоспар 207 пайызға орындалса, бұл көрсеткіш 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында 6,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 233 пайызға артқан. Туристердің барлық сұраныстарын қанағаттандыратын 3 туристік демалыс аймағы ашылды. Олар: Талас Алатауының Көксай шатқалында орналасқан «Koksai resort» (Жуалы ауданы), Қырғыз Алатауының Алмалы шатқалында орналасқан «Алмалы» (Жамбыл ауданы) туристік аймақтары және «Зербұлақ» аквапаркі (Тараз қаласы). Іске қосылған демалыс орындарында 85 жаңа жұмыс орны ашылды. Туризм саласына инвестиция тарту мәселесі бойынша 2023-2025 жылдары жалпы сомасы 15 миллиард 855 миллион теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі, «Жанды сабақтар» жобасы, «Taraz City bus» экскурсиялық бағдарламасы, «Көктем көркі – қызғалдақ» іс-шаралары жүзеге асырылуда.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСКЕ МҮМКІНДІК МОЛ

Мемлекет басшысы алға қойып отырған міндеттердің бірі – шағын және орта бизнесті дамыту. Расында да, кәсіпкерлікті дамыту – экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғырудың бастауы. Бұл сала жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады.

Ауылдың экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеру үшін жергілікті жердегі кәсіпкерлікті дамыту қажет. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеруге септігін тигізеді. Облыста ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру және агроөнеркәсіпті дамытуда тиімді жұмыстар атқарылды. Еліміздің тиімді географиялық орналасуы және жер ресурстарының мол қорын қамти алсақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін еселеуге болады. Ол үшін әрине, алдымен қолдау қажет. Бұл орайда Әулиеатада үлгі болар жұмыстар бар.

Облыста 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 29,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бүгінге облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 17,7 миллиард теңгеден астам субсидия төленген. Нәтижесінде, салада өнім 4 пайызға артып, 142,6 миллиард теңгені құраған.

Биылғы жылы, Үкіметтің статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмасына сәйкес аудандармен егістік алқаптарға зерделеу жұмыстары жүргізілген. Ашық дерек көздеріне жүгінсек, өткен жылдары игеріліп жатқан жалпы егістік көлемін және су үнемдеу технологияларын пайдалану алаңдары бойынша есептер ұсынуда сәйкессіздіктер анықталыпты. Яғни, облыс аумағында 2023 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 762,5 мың гектардың орнына 626,7 мың гектар шамасында алаңға орналастырылғаны белгілі болып, егіс алқабы 136 мың гектарға кеміген. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 407,3 мың гектардан 366,3 мың гектарға, майлы дақылдар 65,6 мың гектардан 32,9 мың гектарға, картоп 11,3 мың гектардан 6,7 мың гектарға, көкөніс 43,1 мың гектардан 26,3 мың гектарға, бақша дақылдары 16,6 мың гектардан 5,3 мың гектарға, мал азығы дақылдары 207,6 мың гектардан 177,6 мың гектарға қысқартылған. Сол сияқты, су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 57 мың гектардан 40 мың гектарға қысқарған. Осы жылы қосымша 14,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізіп, жалпы алқап көлемін 54,5 мың гектарға жеткізу жоспарланған.

Жалпы аймақтың агроөнеркәсіп кешенінде 2024 жылы 14,6 миллиард теңгеге 16 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде, бұл бойынша 345 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы техникаларын түгендеу жұмыстарының нәтижесінде, 3280 данадан аса қолдану мерзімі 25 жылдан асқан техникалар есептен шығарылған. Сондай-ақ, күзгі дала жұмыстарына 11,4 мың тонна жанар-жағармай бөлініпті. Тарату бағасы литріне 250 теңгені құрады. Операторлар тарапынан облысымызға 4,2 мың тонна жеткізіліп, 2,5 мың тонна шаруаларға таратылған. Тарату жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде екен.

2024 жылы 332,4 мың гектар алқапқа 83,1 мың тонна минералды тыңайтқыштарды өндіру жоспарланған. Бүгінгі күнге 959 шаруа тарапынан 51,8 мың тонна тыңайтқыш алынып, 255,2 мың гектар алқапқа ендірілген.

ШОБ субъектілерінің дамуының арқасында осы жылдың 1-ші тоқсанына шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 282,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 34,8 пайызға өскен. ШОБ-та жұмыспен қамтылған адамдар саны биылғы 1-ші тоқсанда 165 227 адамнан асып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,2 пайыз өскен.

2024 жылдың 1-ші тоқсанына шағын және орта бизнес үлесі 23,3 пайыз, ал жалпы қосылған құн көлемі 148 739,4 миллион теңгені құраған. 2023 жылы тиісті кезеңге 101 миллиард теңгеге 22 816 кәсіпкерге несие берілген. Биылғы жылғы 1 қыркүйекке дейінгі мәліметке қарағанда, облыста орналасқан қаржы институттарымен несие сомасы 112,5 миллиард теңгені құрайтын барлығы 26 736 кәсіпкерге несие берілген. Бұл қаражаттың 65,2 пайызы, яғни, 73,3 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы, 15,1 пайызы, яғни, 17 миллиард теңгесі «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингінің еншілес компаниялары арқылы, 19,7 пайызы, яғни, 22,2 миллиард теңгесі микроқаржы ұйымдары арқылы несиелендірілген. Берілген несиелердің 49,2 миллиард теңгені құрайтын 1584 жобасы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылған.

2022-2025 жылдары жалпы құны – 2,1 триллион теңгеге инвестициялық 75 жоба іске асырылады деп күтілуде. Қазір әр жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, қазіргі күні облыста «Бизнеске арналған үкімет» фронт кеңсесінде өңір басшысының төрағалығымен құны 1,5 триллион теңгені құрайтын, 34-і жаңа, 23-і іске асыру барысындағы жоба боп табылатын 57 инвестициялық жоба қаралып, тиісті шешімін тапқанға дейін тұрақты бақылауға алынған.

Ауыл – халқымыз үшін руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен мерекенің бастауы болған алтын бесік. Осы орайда елді мекендерде кооперация жүйесін дамыту мақсаты тұр. Бұл мақсатқа облыстағы аудан әкімдері ауыл шаруашылығы саласы әлеуетін түбегейлі зерделеп, әр ауылдық округтің өнім өндіру, қайта өңдеу және өнімді өткеруде кластерлік тәсілді қолданып, жоспарын әзірледі. Ол тәсілді жүзеге асыру үшін өңірдің 10 ауданынан бір-бірден ауыл және Тараз қаласынан бір массив таңдап алынды. Аталған жобалар кластерлік бағытта «Бір ауылда – бір жоба» қағидатымен жүзеге асырылуда. Сөйтіп, 2019 жылдан бастау алған ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бағытындағы пилоттық жоба өзінің жалғасын табуда.

Сонымен қатар, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетіледі. Оның айғағы – бірнеше бағдарламаның қолданысқа енуі. Кәсіп иелерінің игілігіне жарауы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік саласына жеңілдік жасай отырып, елдің дамуына қадам жасаймыз деп мәлімдеген болатын. Осы орайда облысымыз да кәсіпкерлерге жағдай жасап, олардың мәселесін шешуді басты назарда ұстаған. Аталған саладағы жұмыстарды жетілдіру, инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнату әрі тиімділігін арттыру мақсатында арнайы 4 алаңның жұмысын іске қосты. Апта сайын өтіп тұратын инвестициялық штаб жұмысы қарқынды жүреді. Штаб жұмысына кез келген кәсіпкер қатысып, өз жобасын ұсына алады.

Аймақта әрбір кәсіпкердің құқығы мен мүддесі қорғалады. Облыс прокуратурасы жанынан құрылған сараптамалық кеңес жұмысы одан әрі жалғастырылуда. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес және палата жанындағы іскер әйелдер кеңесі де кәсіпкерлерге қолдау көрсету алаңына айналған.

Ендеше, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіндегі осы уақытқа дейінгі көрсеткіштері барлық салада ілгерілеушілік бар екенін көрсетеді.

 

Үміт БИТЕНОВА

Ұқсас жаңалықтар