«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тазалық техникалары отыз пайызға жаңарды

Тазалық техникалары отыз пайызға жаңарды
Ашық дереккөз
Тараз қаласында жыл санап қоғамдық көліктермен қатар көше тазалайтын техника саны да артуда. Жалпы шаһардағы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп келе жатқан «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгерімінде 114 техника болса, бүгінде оның 30 пайызы жаңартылған.

Техника саны тағыда 9-ға жаңарып отыр. Серіктестіктегі техникаларды жаңарту үшін қала әкімдігінен бес жүз миллион теңгеден астам қаржы қаралған.

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков салтанатты жағдайда тапсырған техниканың 7-і қалдықтарды механикаландырылған тиеуге арналған бүйірлік тиегіші бар қоқыс тасушы «КамАЗ» болса, екеуі қарды сүріп, тиеуге арналған «Амкодор-37» көлігі. Қар тиеуге арналған техниканың біреуі 34 миллион теңгеге сатып алынса, қоқыс шығаратын көліктердің әрқайсысы 54 миллион теңге тұрады.

– «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде тәжірибесі мол кәсіпорын ретінде қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Айталық, мекеме тарапынан шаһардағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, саябақтар мен скверлерді, гүл бақтарын, жаяу жүргінші жолдарын күтіп ұстау, қыс мезгілінде қар тазалау, мұз қатпау үшін жолдарға құм, тұз себу және тал егу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан, бірер жылдың бедерінде серіктестікті жаңа техникалармен қамтамасыз ету қолға алынды. Соның нәтижесінде былтыр мекемеге 8 жаңа техника берілсе, енді биыл 9 техникамен толығып отыр, – деді қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы.

Сөйтіп, шаһар басшысы жаңа жеткізілген жүк көліктерінің жұмысымен танысып, жүргізушілерімен сөйлесті. «Өткен қыс мезгілінде қала аумағынан 20 мың текше метр қар шығарылды. Оны жұмысшылар көлікке қолмен тиеді. «Жасыл ел – Тараз» серіктестігінде 800-ден астам адам еңбек етсе, жұмысшылар арнайы техникамен, құрал- сайманмен лайықты қамтамасыз етілуі керек. Біз осы мақсатта мекемеге былтыр да 7 техника табыс еткен болатынбыз. Мақсат – қарапайым еңбек адамдарының жұмысын жеңілдету, жұмыс сапасын, еңбек өнімділігін арттыру, қыста қарды дер кезінде көлікке тиеу. Бұл тұрғыда қар тиегіш екі көліктің тиімділігі дәлелденс е, келе сі жылы да сатып алуды жоспарлаймыз.

Шаһарда 350 қоқыс контейнері болса, ондағы қоқысты шығарумен айналысатын «Жасыл ел – Тараз» серіктестігімен қатар өзге де компаниялар бар. Олардың техникасы ескірген, біз ол компанияларға техникасын жаңарту жөнінде біршама уақыттан бері талап қойып келе жатырмыз. Алайда, олар қаржының жоқтығын алға тартып, талап үдесінен шыға алмай келеді. Бұл – бәсекелестік орта. Кімнің техникасы жаңа, сол мекеме конкурс арқылы қаланың қоқысын шығарумен айналысады, – деді Бақытжан Орынбеков.

«Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Азамат Әбішевтің айтуынша, былтыр алынған техниканың бесеуi жазда көшеге су себуге, қыста қарды күреп, сыпыруға арналған. Біреуі манипулятор, тағы бірі қалдықтарды механикаландырылған тиеуге арналған бүйірлік тиегіші бар қоқыс тасушы көлік. Биыл сатып алынған көліктердің есебінен серіктестіктің техникалары 30 пайызға жаңарыпты. Оның ішінде су жаңа қоқыс шығаратын биылғы көліктер «Ұлы дала» шағын ауданы және қаланың басқа да үлкен шағын аудандарына жіберілетін көрінеді.

Техникаларды табыстау барысында Бақытжан Әмірбекұлы су жаңа көліктерге жанашырлықпен қарауды ескертті.

– Көліктің майын уақтылы ауыстыру, техникалық байқаудан мерзімінде өткізу ісін қадағалау бас механиктің тікелей міндеті. Бұл көліктер кемі 10 жыл шаһар тұрғындарына қызмет етуі керек. Тараздықтар жаңа техниканың арқасында тазалық сапасы артқанын сезінуі қажет. Сол үшін жүргізушілер өздері тізгіндеген техникаға ұқыпты болуы тиіс, – деді Бақытжан Орынбеков.

Жалпы, Тараз қаласында 1500 көше болса, оның 100-ден астамы магистральды көше. Бұрын жұмысшылар қала көшелерінің жиегіне қойылған бордюрдың түбін қолмен күреп, көлікке тиеп келсе, енді бұл жұмысты жаңа алынған қар тиегіш арнайы көліктер алмастыратын болады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар