Сыдық Мұхамеджанов қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясында оқып жүріп Қазақ радиосында музыкалық редактор болды, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде қызмет етті. 1960-1961 жылдары Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, 1964-1968 жылдары Қазақ филармониясының директоры, 1969-1972 жылдары Қазақтың Абай атындағы академиялық опера және балет театрының директоры болды. Композитор опера және балет театрларына, ұлт аспаптар оркестріне көптеген шығармалар әкелді. Музыкалық шабытынан төрт опера, төрт симфония, хор, симфониялық поэмалар, концерттер, жүздеген әндер мен романстар туындады. Драматургиялық шеберлік пен нәзік бейнелеушілік «Айсұлу», «Жұмбақ қыз», «Бекет», «Ақан сері – Ақтоқты» операларында әсерлі қуатымен танылды. «Көктем вальсі», «Сырлы қайың», «Шолпаным», «Тербеледі тың дала», «Жастар маршы» және тағы басқа да көптеген әндер мен романстар, «Ғасырлар үні» ораториясын, «Дауыл» симфониясын, «Алдар көсе», «Ботакөз», «Рәбиға», «Беу, қыздар-ай», «Сәуле» қойылымдары мен «Ана мен бала», «Біз – Жетісуданбыз», «Партизан қызы» кинофильмдеріне музыка жазды.
Әйгілі тұлғаның 100 жылдығына орай іс-шаралар еліміздің әр аймағында аталып өтсе, қайраткерді жамбылдықтар да ескерусіз қалдырған жоқ.
Атап айтқанда, Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінде композитордың құрметіне арнайы бұрыш ашылды. Аталған іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, сөз сөйледі. «Еліміздің руханиятына еңбегі сіңген дара тұлғаларды құрметтеу – борышымыз. Міне, белгілі композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың құрметіне арнайы бұрыш ашылып отыр. Осы жиынға композитордың қызы келіп қатысқаны іс-шараның маңызын арттырады. Енді мұнда қайраткердің құнды мұралары сақталатын болады», – деді Серік Жақсылықұлы. Ашылу салтанатында лентаны облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков, композитордың қызы Ләйлә Мұхамеджанова қиды.
Жиында Ләйлә Сыдыққызы сөз сөйлеп, әкесі жайлы естеліктер айтты. Сонымен қатар, ол аталған музейдің директоры Айдын Бәзіловке композитордың суретін тарту етті. Қайраткерге арналған бұрышпен музейдің бөлім жетекшісі Айман Жүрсіналиева таныстырды.
Мұнан соң аудандық Мәдениет үйінде кітап көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Содан кейін облыс әкімдігі Мәдениет және тілдер дамыту басқармасыны ұйымдастыруымен ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференция барысында Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Құттымбетұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті Сейсен Бейсеуұлы, Абай атындағы Жамбыл педагогикалық колледжінің музыкалық білім беру оқытушысы Гульвира Төлегенқызы, Қ.Жандарбеков атындағы өнер мектебінің ұстазы Динара Мұратбекқызы әйгілі композитордың елдің жүрегін жаулаған туындыларына, ән жанры мен романстарына, өмірбаянына шолу жасады.
Конференция Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның «Саз әлемінің саңлағы» атты концерттік бағдарламасына ұласты.
Есет ДОСАЛЫ
Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Шалғай ауылда Мәдениет үйі пайдалануға берілді
- 19 желтоқсан, 2024
Ұлттық өнер ұлағаты
- 13 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді