«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұстаз жаққан шырақ мәңгі өшпейді

Ұстаз жаққан шырақ мәңгі өшпейді
Юрий Ким
Уақыт өткен сайын елімізде білім саласындағы жаңашылдықтар көбейіп, ұстаздардың да кәсіби шеберлігі артып келеді. Биыл Қазақстан халқына арнаған «Әділеттті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады», – деп атап өткен болатын.

Ұстаздар күні мерекесіне орай, Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Ұстаз – ұлы есім» атты салтанатты жиын өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, мереке иелерін құттықтады. «Қадірлі білім саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан да ұстаздар қауымына, яғни Сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі. Барша адамзат дамуының шамшырақ тұлғасы және ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы – ұстаз. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған.

Елдің болашағы – жас ұрпақтың білім үйреніп, тағылым алуында ұстаздың алар орны қашанда бөлек, қадір-қасиеті де ерен, ерекше. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ұстаздар – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір тәріздес.

Мемлекеттің идеологиясы, қоғамның дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартады.

Ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздың бүгінгі тәлімінде. Сондықтан, Сіздер тәрбиелеген шәкірттер – мемлекетіміздің ертеңгі алтын діңгегі, мықты тұғыры болуы тиіс.

Осы сәтті пайдалана отырып, мен облысымыздың білім беру саласында абыройлы қызмет етіп келе жатқан қрық мыңға жуық мұғалімге өз алғысымды білдіремін!

Құрметті ұстаздар! Педагогтердің алаңсыз шығармашылықпен айналысып, еңбек етуі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалуда.

Педагог мәртебесін көтеру, олардың біліктілігін арттыру бойынша көп жұмыстар атқарылуда.

Соның нәтижесінде облыстың білім саласында да бірқатар жетістіктерге қол жеткендігін ерекше атап өткім келеді.

Биылғы жылы академик Асқар Жұмаділдаев атындағы және IMPACT ашық шығармашылық байқауларында математика, физика және информатика пәндерінен 18 педагог жеңімпаз атанып, командалық есепте республикада бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, өткен оқу жылының өзінде халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқауларда 81 мұғалім жеңімпаз болды. Дарынды оқушыларымыз халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда иеленген

467 медальдің 57-ін халықаралық білім жарыстарында ұтып алды.

Бұл облыс ұстаздарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білемін. Кемел тәрбие берілмей, келісті ұрпақ өспейді, жақсы ұстаз – шамшырақ, жаққан шырағы өшпейді.

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаздар қауымы әрқашан құрметке лайық.

Сол себепті, алдағы уақытта да педагог мамандарға, жалпы білім беру ісіне жүйелі қолдау көрсету ісі жалғаса береді. Сіздердің бала көңілдеріңіз əр оқушының жан-дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сəттілік тілейміз. Дені сау, ұлттық сана-сезімі биік, мәдениеті жоғары, парасатты азаматтарды тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз жана берсін», – деді Ербол Шырақпайұлы.

Мұнан соң ұстаздар мен сала ардагерлерін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев марапаттады. «Ерен еңбек иесі» медаліне тараздық ұстаздар Алмира Медеева мен Сая Қалданова ие болса, Оқу – ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 100 мың және 150 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтармен бірқатар мұғалімдер мен тәрбиешілер, әдіскерлер марапатталды. Олардың ішінде «Мамандыққа – адалдық» аталымы ойынша ақшалай сыйлыққа білім саласының ардагері Бәтес Егембердиева ие болды. «19 жылдан бері мектеп басқарып келемін. «Алтын алқа» иегерлерін шығару бойынша, республикалық жарыстар мен байқауларда оқушылардың жүлде алуы бойынша да алдыңғы қатарда жүрміз. «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болдым. Өте қуаныштымын, әріптестеріме табыстар тілеймін», – деді Талас ауданы, Кеңес ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры Берік Сыдық.

Мереке иелерін бейнеэкран арқылы Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов құттықтады. Камал Нарбатыр бастаған өнерпаз ұстаздар ұлттық нақыштағы әндерден шашу шашты.

Мерекелік іс-шара өнерпаз ұстаздар және облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты мектеп олимпиадаларын өткізу және мектептен тыс іс-шаралар өткізу орталығының оқушылары орындаған Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» патриоттық әнімен мәресіне жетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар