АЭС салудың тиімділігі мол

АЭС салудың тиімділігі мол
Ашық дереккөз
Жалпы, атом электр станцияларының жұмыс істеуі үшін өте аз мөлшерде отын қажет, яғни 1 килограмм ураннан 100 тонна жоғары сапалы көмір энергиясына немесе 60 тонна мұнай энергиясына тең энергия береді. Сонда жылдық шығын мөлшері уранда 1 тонна болса, көмір немесе мұнайда шамамен 2 миллион тоннаға тең. Осыған байланысты атом электр станцияларының жұмысы жылу станцияларына қарағанда әлдеқайда арзан, олардың жұмысы отынды алу мен тасымалдауға үлкен шығындарды қажет етпейді.

Атом электр станцияларының пайдасына тоқталсам, олар:

- Күн сайын электр энергиясын үздіксіз алуға мүмкіндік береді.

- Атмосфераға парниктік газдарды шығармайды.

- Көптеген адамдарға жұмыс орындарын ашады.

- Электр энергиясын арзандата отырып, елдің саяси-экономикалық жағдайын көтеруге мүмкіндік береді.

Атом электр станцияларының зиянына тоқталсам:

- станцияларында апаттар болған жағдайда, атмосфераға ірі радиацияның таралуы.

- АЭС өзі орналасқан аймаққа көп салық әкеледі.

Менің ойымша, Қазақстанға атом электр станциясын салу керек. Егер біз Қазақстанның бүгінде бар атом өнеркәсібінің мүмкіндіктеріне сүйенсек, онда бір емес, бірнеше атом электр станциясын салуға болады. Себебі, соңғы есептеулердің нәтижесінде, 2030 жылға қарай Қазақстанның оңтүстігінде базалық электр қуатының тапшылығы 2,7 ГВт жетеді деген болжам бар. Қарапайым мысал ретінде, жер көлемі жағынан Қазақстаннан бес есе кіші Франция мемлекетінде 2023 жылға дейін 56 өнеркәсіптік ядролық реакторлар жұмыс істейді. Ол АЭС-тер мемлекетті 70 пайыз электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Қазақстанда қысыммен жұмыс істейтін екі су-сулы реактор немесе су-сулы энергетика реакторын (ССЭР) салмақшы.

Ядролық реактор – атом электр станциясының жүрегі. Ішінде атом ядросы ыдырайды, отын ретінде негізінен байытылған уран пайдаланылады. Реакторды бастапқы іске қосу ыдырау процесін тудырады. Нәтижесінде нейтрондар түзіледі де, жоғары жылдамдықпен басқа ядролармен түйісіп, оларды ыдыратады. Осыдан кейін, басқарылатын тізбекті реакция іске қосылады. Нейтрондар өте жылдам қозғалады, тежеу кезіндегі олардың кинетикалық энергиясы жылуға айналады. Ол су немесе газ болуы мүмкін, жылу тасымалдағышта жиналады. Қызудан пайда болған бу турбинаны айналдырып, ол электрді түрлендіреді.

Нейтрон реттеуші кассета арқылы өткен соң байытылған уран атомдарын ыдыратып, бақыланатын тізбекті реакция тудырады.

Су-сулы реактор ядролық отын құрастырғышы суда тұрады. Оның температурасы Цельсий бойынша +235 градусқа дейін қызады, оған тізбекті реакция кезінде бөлінетін жылу беріледі. Ерекшелігі сонда, ол судың қайнауына және булануына жол бермейді. Сол себепті де атмосфералық қысымнан гөрі ондаған есе артық қысымда болады.

Қызған радиоактив су бірінші контурдың ішінде айналып, энергоблоктың ішінде жабылады. Екінші контур бар. Онда да су болғанмен, қысым аз болады. Бірінші контурдағы қызған су бу генераторында екінші контурдың суын жылытады. Ол буланып, бу турбинаны айналдырады да, одан электр түрленеді. Сұйық зат тікелей жанаспайды.

Содан кейін бу конденсатқа айналады. Суыту үшін сыртқы су, мысалы, табиғи су айдыны пайдаланылады.

Су-сулы реактор бақылауға жеңіл болып келеді: олар азырақ жылу өндіреді және онда тізбекті реакция аса белсенді емес. Артықшылығы ретінде технология бойынша радиоактив судың буланған сумен жанаспайтынын айтуға болады.

Алайда, су сулы ядролық реактор үшін жоғары қысымға төтеп беретін қуатты құбыр жүйесі керек. Сондықтан да АЭС құрылысы күрделі әрі қымбат. Отын құю үшін реакторлардың жұмысын толықтай тоқтату қажет. Станциядағы отын жарты жылда бір рет құйылады және жалпы процесс бір аптаға созылады.

Өздеріңізге белгілі, ядролық физика институты 1957 жылы Алматы қаласында құрылды – атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстандағы жалғыз ғылыми-зерттеу ұйымы. Институт мамандары жаңа буын ядролық реакторлар мен термоядролық реакторларға арналған материалдарды сынаумен айналысады, сонымен қатар ядролық технологияларды медицинада, өнеркәсіпте және ғылыми зерттеулерде қолданады.

Ядролық физика институтында су-сулы ядролық зерттеу реакторы жұмыс істейді. Бұл реактор іс жүзінде болашақта Қазақстанда салынуы жоспарланған атом электр станциясының прототипі болып табылады. Өйткені, МАГАТЭ-нің атом электр станциялары мен зерттеу реакторларына қойылатын қауіпсіздік талаптары бірдей. Сондай-ақ, бұл реактор болашақ атом электр стансасы үшін кадрлар даярлайтын негізгі алаңдардың бірі болып табылады.

Қорыта келе айтарым, 2012-2016 жылдар аралығында зерттеу реакторы төмен байытылған уранға көшті. Яғни, біздің елде күн сайын, жыл сайын атом электр станциясында атқарылуы тиіс жұмыстардың барлығы жасалып отыр. Реактор жұмыс істеген 57 жыл ішінде бірде-бір апатты оқиға болған жоқ. Оның үстіне атомдарды өнеркәсіп, медицина, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібінен бастап экономиканың барлық салаларында жақсы мақсатта пайдалануға болады. Қазір әлемде 400 ядролық реактор бар. Оның жартысы су-сулы ядролық зерттеу реакторы қондырғылары. Әзірге олардың ешқайсысында төтенше жағдай орын алған емес.

Атом электр станциясының құрылысы мұнай мен газға тәуелділікті азайтады. Сонымен қатар, атом энергиясын пайдалану, тасымалдау кезінде энергияны үнемдейді және оның тапшылығын болдырмайды.

Осылайша, атом электр стансаларының құрылысы мемлекет бойынша электрмен қамту деңгейін арттыруға да ықпал етеді деген сенімдемін.

 

Әлия ОМАРОВА,

Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты «Жаратылыстану мамандықтары» кафедрасының PhD докторы.

Ұқсас жаңалықтар