«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ғұламалар ғибратының тағылым ошағы

Ғұламалар ғибратының тағылым ошағы
Ашық дереккөз
Тараз қаласында тағы бір білім ошағы пайдалануға беріліп отыр. Бір ерекшелігі, бұл білім ошағына әйгілі шешен Бөлтірік Әлменұлының есімі берілген. Оқу орталығы кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында жеке кәсіпкер Әбілсейіт Тілепбергеновтің бастамасымен және «ForteBank» акционерлік қоғамы Тараз филиалының қаржыландыруымен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының қолдауымен жүзеге асып отыр.

Оқу орталығы қазіргі таңда 24 мұғалімді жұмыспен қамтып, 200 баланы қосымша оқумен қамтуда. Алдағы уақытта мұнда қосымша білім алатын оқушылар санын 400 балаға жеткізуге мүмкіндік бар.

Мұнда 23 оқу кабинеті қарастырылған. Ол кабинеттерге еліміздің қоғам қайраткерлері мен дара тұлғаларының есімдері берілген. Бұл да – жаңашылдық. Атап айтқанда, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтан бастап, аяулы ақындар Нарша Қашағанұлы, Серік Томанов, Бауыржан Үсенов атындағы кабинеттерді көруге болады.

Оқу орталығының ашылуында лентаны Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов пен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы қиды. Жазушы К.Сәттібайұлы: «Оқу орталығының әр кабинетіне белгілі тұлғалардың аты беріліп, қабырғаларына танымал ғұламалар мен ғалымдардың суреті ілінген. Бұл мектеп ашып отырған азаматтардың білімді, көкжиектері кең екенін көрсетеді. Жасөспірімдердің танымына мұның өзі жақсы әсер етеді. Күнде белгілі тұлғалардың есімін оқи берген соң, саналарында жатталып қалады», – деді.

Оқу орталығына жаңадан келіп жүрген оқушы Сырым Мұратәлі: «Бізге осындай орталық қажет еді. Ашылғанына өте қуаныштымыз» десе, оның замандасы Кәусар Бүркітжан да қуанышын жасырмады. Ал, орталықтың мұғалімдері Жазира Қалдыбекқызы: «Сынып бөлмелері қажетті құралдармен тегіс қамтылған. Оқушымен сабақ өтуге өте қолайлы» десе, Зарина Әбілсейітқызы: «Әр сынып 12-15 оқушыдан аспайды. Мұның өзі білімнің сапасына оң әсер етеді. Ашылып жатқан мектеп үшін өте қуаныштымыз», – деді.

Жас ұрпақты тәрбиелеуде оң ықпалы бар оқу орталығының ашылғанына тараздық тұрғындар өте риза. Аталған мектептің қызметі ұзақ болғай дейміз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

 

Ұқсас жаңалықтар