Президент: «Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды» деп агросалаға басымдық бергені де белгілі.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, биыл негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында өңірде ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді жүргізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған. Мәселен, «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру» аясында облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 46,2 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 18,3 миллиард теңге субсидия берілген.
Сондай-ақ, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1045 агроқұрылымға 15,2 миллиард теңге несие беріліп отыр. Осы жылдың 8 айында ауыл шаруашылығы саласында 204 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 106,5 пайызды құраған.
– Мемлекет басшысы Жолдауында «Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда, шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр. Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал, мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек» деп атап өткендей, біз өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларына тиісті тексеру жүргіздік. Жалпы, облысымызда ауыл шаруашылығы техникасын мемлекеттік тіркеу базасында өздігінен жүретін 9,6 мың техника тіркелген. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 25 жылдан асқан техникаларды 2024-2026 жылдар аралығында есептен шығару туралы берілген тапсырмаға сәйкес, 25 жылдан асқан 3,9 мың техника есептен шығарылып, үш жылдық жоспар екі айдың ішінде орындалды. Ал, бүгінгі күні күзгі дала жұмыстарын уақтылы жүргізу мақсатында 10 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Оның 558-ін комбайн, 5113-ін трактор, 4400 ауыл шаруашылығы тіркемелері мен басқа да техника құрайды. Түгендеу нәтижесімен биыл өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту көрсеткішін 5,5 пайызға жеткізу көзделген болатын. Бүгінгі күнге 368 техника, оның ішінде 359 трактор, 9 комбайн жаңадан алынып, жаңару көрсеткіші 6,5 пайызды құрады, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Бүгінгі күні облысқа бөлінген 11,4 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармайдың 6,4 мыңы жеткізіліп, 4,5 мың тоннасы фермерлерге үлестірілген. Оның бір литрі 250 теңгеден босатылған. Ал биыл 332,4 мың гектар егіс алқабына 83,1 мың тонна тыңайтқыштарды ендіру жоспарланса, бір мыңнан астам фермер тарапынан 66,5 мың тонна тыңайтқыш 311,3 мың гектар алқапқа ендірілген. Тыңайтқыштарды ендіру күзгі дала жұмыстары барысында да жалғасын тауып отыр.
Жалпы, осы жылдың өнімі үшін 626,7 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, масақты дәнді дақылдар орналастырылған 352,9 мың гектар алқаптан 586,4 мың тонна дән жиналған. Ауа райының қолайлы болуынан және фермерлер тарапынан агротехникалық шаралардың мерзімінде жүргізілуі есебінен масақты дәнді дақылдардан алынған орташа өнімділік өткен жылмен салыстырғанда 10 центнерден 16,6 центнерге дейін өскен. Бұдан бөлек, бүгінгі күнге картоп, майлы дақылдар, көкөніс, бақша және қант қызылшасын жинау жұмыстары мерзіміне сәйкес жүргізілуде.
– Бүгінгі таңда картоптың 2,9 мың гектар алқабынан 60,5 мың тонна, майлы дақылдардың 6,1 мың гектарынан 4,2 мың тонна, көкөніс дақылдарының 12 мың гектарынан 310,3 мың тонна, бақша дақылдарының 4,9 мың гектарынан 132,6 мың тонна, ал қант қызылшасының 686,3 гектарынан 50,2 мың тонна өнім алынды. Қант қызылшасы алқабынан жиналған тәтті түбір «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тасымалдануда. Онда 46,4 мың тонна тасымалданса, Ақсуға 200 тонна өткізілген. Жалпы биыл 3,1 миллион тоннадан астам өнімдерін алу жоспарлануда. Өздеріңізге мәлім, облыстағы фермерлердің наразылығын тудырып отырған мәселенің бірі – қант қызылшасын қайта өңдеуге өткізу. Биыл 11,2 мың гектарға орналастырылған қант қызылшасы алқабынан 600 мың тоннадан астам өнім алу күтілуде. Оның гектарына орташа өнімділігі 570 центнерден айналуда. Жоспарлы өнімнің 450 мың тоннасын «Меркі қант зауыты» қабылдайтын болады. Қант зауытымен келісілген кестеге сәйкес қабылдау жұмыстары 10 қыркүйектен басталып, бүгінгі күнге 41,3 мың тонна өткізілді. «Меркі қант зауытына» Үкімет тарапынан тиісті көмектер көрсетілуде. Зауыттың айналым қаражатын толықтыруға Аграрлық несие корпорациясының «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие берілуде. Облыс фермерлері «Ақсу қант зауытына» қызылшаны өткізуді бастады. Шикізатты тасымалдау шығындары берілетін субсидияның нормативін 25 теңгеден 45 теңгеге көтеру есебінен өтелетін болады, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірәсіл Желеубаев.
Бүгінгі күні «Меркі қант зауытына» өткізілген өнімді жергілікті бюджет есебінен субсидиялау басталып кеткен. Басқарма мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінде бағдарлама бойынша қалған 172 миллион теңге фермерлерге төленуде. Ал қолда бар қаржы 6,8 мың тонна өнімді субсидиялауға ғана жетеді екен. Жалпы, 600 мың тоннаға жуық өнімді субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 16 миллиард теңге қаражат бөлу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта Үкіметтен, Ауыл шаруашылығы және қаржы министрліктерінен қолдау бар екен.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
«Даму» қорынан қолдау тапқан жобалар жетерлік
- 4 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді