«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Отандық медицина сапасы шетелдегіден кем түспейді»

«Отандық медицина сапасы шетелдегіден кем түспейді»
Ашық дереккөз
Адам өмірі үшін ең маңыздысы – деннің саулығы. Сондықтан бұл салаға мемлекет тарапынан да айрықша көңіл бөлініп, халықтың денсаулығын сақтау мақсатына қыруар қаржы да қарастырылады. Медицина мамандары үздіксіз білімдерін жетілдіріп, ауруды анықтап, науқасты айықтыруға қажетті аппараттардың заманауи түрлері алынып та жатыр. Алайда, көптеген аурулар жасарып барады. Осы және басқа да денсаулыққа қатысты мәселелердің мәнін сұрап, қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтік-диагностикалық орталығының бас дәрігері Хамит Мырзақасымовпен сұхбаттасқан едік.

– Хамит Саттарқұлұлы, қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтік-диагностикалық орталығының бас дәрігері қызметіне келгеніңізге төрт ай болыпты, осы аралықта қандай жаңалықтар енгізілді?

– Әуелі медицина ісіндегі өзгерістерді айта кетейін. Еліміздің Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қазандағы №133/2020 бұйрығына сәйкес Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі бекітілді. Яғни, медпункт, дәрігерлік амбулатория, қалалық аурухана, қалалық емханалардың халық санына байланысты ашу керегін белгілейтін нормативтер өзгерді. Нормативке сәйкес №1 қалалық аурухана, №2 қалалық аурухана және перинаталдық орталық бірігіп, көпбейінді қалалық аурухана болып құрылды. 2023 жылдың ақпан айында ауруханаға бас дәрігердің міндетін атқарушы болып келдім. Облыс әкімшілігінің, денсаулық сақтау басқармасының негізгі тапсырмасының бірі – аурухананы несиелік берешектен шығару еді. Өткен жылдың 1 қаңтарында 1,5 миллиардтан астам теңге қарызы бар болатын. 2022-2023 жылдары ұжымға айлық төлеу мәселесі қиындаған. Сонымен қатар, жоғарыда айтқанымдай, қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтік-диагностикалық орталық етіп құруға қаулы шықты. Оны жүзеге асыру үшін әділет басқармасынан, салық департаментінен, жалпы бәрінен тексерістен өтіп, бұрынғы қалалық аурухананы жауып, орталықты басынан қайта құрдық. Өткен жылдан бастап, бұл орталық ең үлкен медициналық мекемеге айналды. Ауруханамыз 636 төсек орыннан тұрады. Оның ішінде 570 орын тәуліктік болса, 66-сы күндізгі стационар. Ауруханамыздың құрамында 20 клиникалық бөлім, 11 параклиникалық бөлімше жұмыс істейді. 20 клиникалық бөлімнің ішіндегі 8 бөлімше облыстағы бірыңғай, яғни урология, пульмонология, нефрология, дене күйік бөлімшесі, гемодиализ, травматология, лор, бет-жақ хирургиясы секілді бөлімшелер. Бұлар облыс бойынша тек осы орталықта ғана, сол себепті тек қала емес, барлық аудандардан да науқастар осында келеді.

Біздің негізгі мақсатымыз – халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету. Сол бағыттағы жұмыстарымыз профилактикалық-амбулаториялықтан бастап, диагностика, емдеу, реабилитацияға дейін жалғасады. Тарқатып айтсам, мұнда амбулаториялық-профилактикалық бөлімше бар. Оған келгендерді қарап, консультация беріп, диагнозын қойып, кеңестер береміз. Ал, диагностикалық бөлімше барлық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған, яғни клиникалық лабораториядан бастап цитология, бактериологиялық лаборатория, УДЗ диагностика, ЭКГ, компьютерлік томография, МРТ, ФГДС секілді техникамен ауруды анықтаймыз. Егер сырқат көрсеткіштері бар болып шықса, ауруханаға жатқызып, емдеуді бастаймыз. Облыс халқының медициналық қызметке байланысты қажеттіліктерін өтеу мақсатында, яғни жамбылдық тұрғындар емделу үшін басқа облысқа, тіпті шетелге сабылмауы үшін мамандарымызды үнемі біліктіліктерін арттырып, оқытып отырамыз. Қажетті құрал-жабдықтарымызды толықтырып тұрамыз. Жаңадан алынған құрал-жабдықтар арқылы көптеген емдерді, күрделі оталарды жүргізудің тиімді тәсілдерін қолданудамыз. Атап айтсақ, бас миының, мойынның қантамырлары ауруларын емдеуде интервенциялық хирургияны осында өзіміз жасаймыз. Жұмыс сапасын арттыру мақсатында жоғары технологиялық қызметті енгіздік. Мысалы, 10-20 жыл бұрын инсультпен келген науқасқа қан қысымын түсіретін дәрі берілетін немесе көптеген қан ұйып қалса, бас қаңқасын ашып, қан алынатын, осымен тоқтайтын. Ал, қазір инсульт алған кезде алғашқы 6 сағат ішінде бізге келіп үлгерсе, диагностикасын жасап, тромболитикалық терапия жасаймыз. Бұл көп науқастардың сал болып қалған жағдайын қалпына келтіріп жатыр. Егер тромболитикалық терапия көмектеспесе, ангиографияға түсіріп, селективті диагностика жасаймыз. Яғни, қан тамыры арқылы кіріп, рентген жасап көреміз. Қай жерінде қан тамырлары ұйыған қанмен бітеліп немесе тарылып қалғанын анықтап, сол тұстарын ашамыз. Бұл жұмыстар адамның денесін кеспей жасалады. Қажет болса, стент саламыз. Бұрын стенттер жүрекке ғана қолданылатын, қазір оны миға да жасайтын мүмкіндікке ие болдық. Егер қанап тұрған жерлері болса, оны да ашпай осы әдіспен қанды тоқтатамыз. Сонымен қатар, осы қан тамыр ішілік хирургияны пайдаланып қуық асты безі аденомасына және әйел адамдарда жиі кездесетін жатыр миомасы кезінде қантамырларын эмболизация жасау сияқты кіші инвазивтік ота түрлері енгізілді. Бұл ота түрлері қосымша аурулары асқынған, жалпы жағдайы ауыр, наркозды көтере алмайтын науқастарға жасалады. Осындай жаңа технологиямен жасалатын оталардың арқасында көптеген науқастардың өмір сүру сапасы жақсарды.

Облыс бойынша урология бөлімі бізде ғана болғандықтан, тек қаладағы емес, ауылдардағы осындай сырқатқа шалдыққандар да осы орталықтың қызметіне жүгінеді. Науқас өз бетінше де немесе тұрғылықты жерінің емханасынан жолдама алып та, қатты қиналған жағдайда жедел жәрдем арқылы да келе алады.

Емнің сапасы тағайындалған дәрінің дұрыс ерітілуінде және уақтылы берілуінде екені баршаға мәлім. Осы бағыттағы іске асырылған жаңалығымыз – госпитальдық фармация бөлімінің ашылуы. Бұрын әр бөлімшеде процедуралық кабинет болатын. Қазір соларды орталықтандырып, госпитальдық фармация бөліміне жинадық. Себебі, келетін дәрі-дәрмектер бір қоймаға түседі, сол ақпараттық жүйе арқылы дәрігер тағайындаған дәрілер тиесілі науқастың аты жазылып, бөлімшеге жіберіледі де ем-шараға қолданыла береді. Бұл бізге не береді? Тегін берілетін дәрілердің қай күні келгенін, қай дәрігер науқасқа пайдаланғанын бақылауда ұстайтын болдық. Бақыланғандықтан үнемделеді. Госпитальдық фармация бөлімінің тағы бір көмегі – ерітілетін дәрілердің уақытында дұрыс әзірленуінің қадағаланатыны. Оған қоса, бізге дәрілер штрихкодпен жіберіледі, біз де штрихкодпен қабылдап аламыз. Бұл да бақылауды екі еселеді.

Сонымен қатар, осындағы басшылыққа келгенімде ауруханадан бактериологиялық лаборатория аштық. Бұрын басқа емдеу ұйымдарында орналасқан бактериологиялық лабораторияларға жүгінетінбіз. Ол біраз уақытты алатын. Енді осында келген науқастардың биологиялық сұйықтықтарын өзіміздегі лабораторияда зерттеп, инфекция бар-жоғын, бар болса, оған қандай антибиотиктер әсер ететінін анықтаймыз. Яғни, ауру мен емін анықтау үшін бұрынғыдай көп уақытты жұмсамай-ақ, емдеу шараларын бастауды жеделдеттік. Одан бөлек, осы лабораторияның көмегімен операциялық блок, процедуралық кабинеттер және басқа да зарарсыздандыруды талап ететін бөлімшелердің бәрінің ауасынан, медперсоналдың киімінен, қолынан жағындылар алып, инфекцияның бар-жоғын тексереміз. Бұл қадағалау аурухана ішілік инфекцияның алдын алады.

Сондай-ақ, орталығымызға жан-жақтан тәжірибелі маман сарапшыларды шақырып тұрамыз. Олар біздің мамандармен озық тәжірибелерін бөлісіп, лекция оқып, оталарды көрсете отырып, бірге жасап, үйретеді. Осы мақсатта облыс әкімшілігінің қолдауымен облысымызда Президент іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының он күндігі өтті. Сол орталықтан нейрохирург, уролог, гинеколог, клиникалық фармаколог, реаниматолог және басқа да көптеген мамандары келіп, біздің ауруханада облысымыздың басқа медициналық мекемелерінің дәрігерлерінің қатысуымен, түрлі оталар жасады, пайдалы дәрістер оқыды. Нәтижесінде облысымыздың науқас тұрғындарын емдедік, ота жасадық, реабилитациядан өткізіп, шығардық. Ол бізге үлкен көмек әрі тәжірибе болды.

– Адам өмірі үшін түрлі қауіпті дертпен күресетіндіктен де медицина ісі аса жауапты. Сіз бұл салада аға мейіргерден бастап, бүгінгі басшылыққа дейін сатылай өскен мамансыз. Осы істің қыр-сыры әбден таныс дәрігер ретінде айтыңызшы, медицина саласына жұртшылықтан жиі сыни пікірлердің айтылуының түпкі себебі неде деп ойлайсыз?

– Жұмыс болған жерде сын да айтылады. Медицина саласында соңғы жылдары бірнеше реформалар болды. Бұл өте қарқынды даму үстінде екенін аңғартса керек. Өкінішке қарай, осы өзгерістер халық арасына кеш жеткізіледі. Яғни, халық арасында ақпаратты түсіндіру жұмыстары аз ба деп ойлаймын. Мысалы, шағым айтып келген адамға барлық жайтты тәптіштеп түсіндіргенде «Мен бұны білмеппін» деп жатады. Әрине, ішінара дәрігердің кінәсінен немесе көрсеткен қызметінің сапасынан, дөрекілігінен де шағым түседі. Бізде этика деонтологиялық бағыт бойынша жұмыстар күнделікті жүргізіледі. Әр медициналық мекемеде ішкі аудит және пациентті қолдау қызметі деген бөлімше бар, олар түскен шағымдарды зерделеумен айналысады. Науқастардың құқығын қорғау негізінде жұмыс атқарады. Егер медициналық қызметкер тарапынан қателік кетсе, әкімшілік шара қолданады. Шағымданған пациентке жауабы беріледі. Егер онымен қанағаттанбаса, медициналық қызмет сапасын бақылау департаментіне немесе прокуратураға шағымдана алады.

Мұндай жағдайлар орын алмау үшін дәрігер өз міндеттерін, науқас өз міндеттерін білуі керек. Ортақ жауапкершілік деген бар, соны білген адам денсаулығының алдындағы өз жауапкершілігін ұғынар еді. Әр адам уақтылы ұйықтап, дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданып немесе белсенді дене қимылын ұстанып, шылым шегу, арақ ішу секілді зиянды әрекеттерден аулақ жүріп, уақтылы дәрігерге қаралып, кеңестерін орындап тұрса, салауатты өмір салтын сақтап, денсаулығына жауапкершілікпен қараса ешқандай мәселе туындамайды.

– Сіз өзіңіз салауатты өмір салтын ұстанасыз ба?

– Дұрыс тамақтануға баса мән беремін, үйде ұл-қыздарыма да соны үйретемін. Ата-анам ауылдан табиғи таза тағамдарды, айран, сүт, құрт, ірімшік секілді өзіміздің ұлттық асымызды, тіпті кейде анам өзі пісірген нанын да беріп жібереді. Бұл тағамдар дәмі тіл үйіретін түрлі фасфудтардан, қанты көп газды сусындардан әлдеқайда пайдалы. Мысалы, тәтті газды сусындарды ішкенде ұйқы безіне қатты әсер етеді. Себебі, ұйқы безі инсулин шығарады. Инсулиннің негізгі қызметі – организмдегі қанттың деңгейін азайтып, бір қалыпта ұстап тұру. Егер ұйқы безінің гармондар шығаратын ішкі бөлігі қабынған немесе басқа да кінәраты болса, инсулин азаяды да адамда қант диабеті пайда болады. Сол жағдайға жеткізбеу үшін қантты көп пайдаланбау керек. Сол секілді тұзды да көп қолданбаған жөн. Себебі, тұздың бір қасиеті өзіне көп су жинайтыны, яғни судың сыртқа шығуын тежейді. Сондықтан организмде қысым пайда болады да жүрекке жүк түсіріп, ағзада ісік пайда болады. Мысалы, аяқ-қолдың ісінгенін көреміз ғой, ал өкпенің, мидың, көздің, жүректің ісінгенін көре алмаймыз. Негізі олар да осылай ісіп тұрады. Бас мида сәл ісік пайда болса, оның функциясы да өзгереді. Дел-салдық билеп, тәбет қашады. Ал, ісік, артық салмақ жоқ болса, адам өзін көңілді сезініп, көптеген жақсы ой келіп, идеялар туады. Жаяу серуендегенде өкпеге оттегі келеді. Миға оттегі жақсы жеткізіліп, қан тазарады. Бұл адамның сезімін, көңіл-күйін жақсартып, күйзелістен арылтады. Ал, жаман ойлар ісіктен, оттегінің жетіспеушілігінен туындап, адамды шаршатады. Көпшілікке «Өзіңізді шаршаңқы сезінсеңіз, таза ауада серуендеңіз» деген кеңес берер едім. Ал, өзім жиі серуендеп, уақтылы ұйықтап, белгілі бір сәтте спортпен тұрақты шұғылдануыма қызметтік міндетім мүмкіндік бермейді. Кейде жұмыстан кеш қайтсақ, енді бірде ауыр науқас түссе, түн жарымында жұмысқа келуге тура келеді. Сосын, орталықты басқарып отырғандықтан кез келген уақытта электр жарығы өшіп, құбыр жарылатындай жағдай болса, түн бе, таң ба, осында келіп, басы-қасында жүруім керек. Сондықтан, салауатты өмір салтын толықтай ұстанамын деп артық айтпайын.

– Медициналық қызметке көңілі толмай, оның әділдігін ізденуге көп уақыт жұмсап, жүйкесін жұқартқан немесе кезек күткеннен гөрі жылдамырақ ем алу үшін біраз кісілер халық емшісінің көмегіне жүгінеді. Кейде адасып, ауруын асқындырып алады. Осыған дәрігер ретінде не дейсіз?

– Жалғыз жаратқан Иеміздің барына бәріміз де сенеміз. Дегенмен, дәрігер болғандықтан дәстүрлі медицинаны дұрыс деймін. Себебі, ол дәлелденген. Бәрі де адамның өзінің ішкі сеніміне байланысты. Егер науқас қаралатын дәрігерге сенімділік танытса, оның өзі жартылай ем қонды деген сөз. Дәрігер алдына келген адамды жылы жүзбен қарсы алып, мейірім танытып сөйлеп, ем-домын қарапайым тілмен түсіндірсе, науқас оның кеңесін бұлжытпай орындаса, ол жерге басқа ештеңенің қажеті жоқ, сөзсіз ем қонады.

Қорыта айтқанда, денсаулық – Алланың адамға берген аманаты, оны күтуге бәріміз де міндеттіміз. Ал, дәрігердің жылы сөзінің өзі науқасқа ем.

– Сіз бас дәрігер ғана емес, урологсыз, хирургсыз. Осы салалар бойынша айтыңызшы, ер адамдар урологқа уақтылы қаралып тұрады ма? Ал, хирургтар күрделі операцияға кірерде ішкі толғанысын қалай жеңеді?

– Урология – хирургияның бір тармағы. Ауруханадағы төсек орындардың 45 пайызы хирургиялық бағыттағылар. Олар гинекология, урология, дене-күйік, травматология, жалпы хирургия, нейрохирургия секілді басқа да бөлімшелер. Қазіргі уақытта көп оталар денені кеспейтін заманауи дамыған аппараттармен жасалады. Кей кісілер дәрігерге жақсы сыйлық берсе немесе жақын танысы болса, емін нәтижелі жасайды деп ойлайды. Жоқ, хирургиялық әдіс бірдей, сондықтан дәрігерге науқастар да бірдей. Өзім де 17 жыл ота жасадым. Отадан кейін асқынулар да болуы мүмкін, себебі әр адамда отадан бұрын әртүрлі аурулары болады ғой. Наркоз бергенде сол аурулары үдейді. Сондықтан отаны қиындатып немесе асқындырып жіберуі мүмкін. Соны біле тұра адамның өмірін арашалау үшін басын қатерге тігіп, ота жасайтын хирургтарды батыр дер едім. Қаншама адамдарды қорғайды, бірақ арасында бірен-саран асқынудың салдарынан өкінішті жағдай орын алса, дәрігер айып арқалайды.

Ал, урология ісіне келсек, көп ер кісілер денсаулығынан кінәрат сезінсе де урологқа қаралуға ұялады. Қыз-келіншектер анасымен немесе құрбысымен болса да гинекологқа барып, қаралып тұрады. Ал, ерлер бұл жағынан ондай белсенді емес. Соның салдарынан бала сүйе алмайтын белсіздікке шалдығады. Келін түскеннен кейін ұзағырақ құрсақ көтермей қалса, көбіне кінәні әйелден іздейтін түсінік бар біздің қоғамда. Бірақ қазіргі статистика бедеулік пен белсіздік тең болғанын көрсетеді. 2013 жылы ерлер денсаулығы орталығын ашқанбыз. Орталық барлық маман дәрігерлермен қамтамасыз етілген, келген кісі денсаулығын түгел қарата алады. Біз оны одан ары кеңейтіп, ондағы дәрігерлер санын арттырдық. Өз денсаулығына шағымы бар ер азаматтар тұрғылықты жеріндегі дәрігерінен жолдама алып келсе, осы орталықтан денсаулығын толықтай тексертіп, тиісті емін алуына мүмкіндік бар.

– Қазір көп қиындықты жеңілдеткен техникалармен бірге медициналық құрылғылар да дамыған. Алайда, көптеген қауіпті аурулар жасарып барады. Бұрын 50-60 жастағыларда кездесетін аурулар қазір жастардың бойынан табылып жүр. Бұл ненің салдарынан болып отыр?

– Қазір өмір сүру салты бұрынғыдан айтарлықтай өзгерген. Бұрын көп адамдар жұмысқа, сабағына бару үшін жаяу жүретін немесе автобуспен жететін. Қазір көбінде көлік бар. Ал, үйге барғанда кітап оқығаннан гөрі теледидар көріп немесе телефон шұқып, диванда жатады. Бұл дене қимылын азайтатыны айтпаса да анық. Жүрек – мотор, ол қанды сорып, өкпе арқылы таратады. Егер төменгі жақтың бұлшықеті аз қозғалғандықтан әлсіз болса, қан тамырларының жұмысы төмендейді. Артық салмақтың салдарынан гармондар да өз нормасында бөлінбейді. Ол ішкі ағзалардың жұмыс істеуіне кері әсерін тигізеді. Содан келіп, зат алмасу процестері де өзгереді. Содан соң тамырлар, бұлшықеттер әлсіреп, қақ пайда болады да ағзаларға керекті мөлшерде қан бармайды. Ал, ағза талап етіп, жүректің жұмысын ұлғайтып, қан қысымы көтеріледі. Қан қысымы көтерілген соң инсульт, инфаркт сияқты ауруға соқтырады. Көрдіңіз бе, аурудың пайда болуы да, оның жасаруы да адамның өзіне байланысты.

– Әлгінде айтқанымыздай, адам өмірін сақтау аса маңызды болғандықтан денсаулық сақтау ісіне бөлінетін қаржы да аз емес. Шетелдерден әкелініп жатқан заманауи құрылғылардың да қатары баршылық. Алайда, қауіпті дертке шалдыққандар шетелдерден ем іздеуге асығып тұрады, бұған не дейсіз?

– Себебі, шетелдердегі медициналық клиникалардың мемлекеттігіне емес, жекеменшігіне барады. Мемлекеттік мекеме заң аясында жұмыс істейді. Келген науқастан белгіленген тәртіп бойынша жолдама сұралады немесе денсаулығы туралы көрсеткіші жоқ болып қалса, аппараттарға жергілікті емханадан түсіп келуін сұраймыз. Егер шетелдердегі мемлекеттік мекемелерге барса да осыларды талап етер еді. Әрине, ақшасын төлесе, біздегі жекеменшік клиникаларда да жақсы қабылдап, ем-шараларын жылдам жасайды. Алматы, Астанадағы жекеменшік клиникаларға барса, шетелдегіден әлдеқайда сапалы емдейді. Біздің елдің медицинасы – Орта Азиядағы ең үздігі. Тек оларда біздегіден сәл арзанырақ. Біздің қалалық орталықта да Check-up бар, яғни барлық тексерістерден өтіп, бәрінің қорытындысын жылдам алуға болады. Ақысын төлесе, барлық тексерісті осы бір орталықтан жасатады. Егер ақысыз өткісі келсе, жергілікті емханадан жолдама алып келуі керек. Себебі, оған ақысын мемлекет немесе жұмыс беруші медициналық сақтандырумен төлеп отыр. Бар мәселе осында.

– Еліміздің медициналық жоғары оқу орындарынан жыл сайын жас мамандар дайындалып шықса да аймақтардағы дәрігер тапшылығы жойылмай тұрғанының сыры неде?

– Орта есеппен жылына бес мыңға жуық маман оқып шығады. Негізі облыста дәрігер жетіспеушілігін болдырмау мақсатында біраз жұмыстар атқарылып келеді. Оқу орнына жіберілген жастарға жекелей хабарласып, өзімізге жұмысқа шақырамыз. Олар оқуға түскенде бейіндік мамандыққа барып, түсе алмаса жалпы тәжірибелік дәрігерлікті оқиды. Оқуын аяқтаған соң жұмысқа емханаларға келеді де қайта дайындалып, бейіндік мамандықты меңгеру үшін резентураға түседі. Міне, осындай жағдайлардан маман жетіспейді деген статистика шығады. Қазір де өзім басқаратын орталықта көптеген жас мамандар қызмет етеді. Риза болатыным – қазіргі жастар айтылған ақпаратты жылдам қабылдап, істі тез алып кететін зерек және оқуға құштар.

– Президент жақында жариялаған Жолдауында медицина ісін жүйелеу үшін бірыңғай ақпараттық жүйе қажетін айтты. Сіз басқаратын аурухананың цифрландырылуы қандай жағдайда? Емдеу ісіне жасанды интеллектті қалай тиімді пайдалануға болады?

– Цифрлы ақпараттық жүйе жұмысты жеңілдетеді және дәрігер мен науқастың байланыста болуына да септігін тигізеді. Президент айтқандай, ақпараттық жүйе орталықтандырылса, жұмыс бұрынғыдан да жеңілдей түсер еді. Себебі, қазір жұмыс істеп тұрған қырық шақты ақпараттық жүйе бар, солар ыңғайластырылса, бір науқастың аты-жөні жазылғанда барлық деректері бірден шығар еді. Бұл жалған ақпаратқа да жол бермейді. Жасанды интеллектіні медициналық қызметке қолдануда еліміз кешенді түрде жұмыс жасап келеді. PACS жүйесі енгізілген, онда науқастың рентген, УДЗ, КТ түсірілімдерінің нәтижелері сақталады. Енді жасанды интеллект ендірілсе, осы ақпараттарды алу бұдан да жақсара түседі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар