«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азаматтық қоғам – саяси тұрақтылықтың кепілі

Азаматтық қоғам – саяси тұрақтылықтың кепілі
Ашық дереккөз
Азаматтық қоғам құру мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында үнемі көппартиялы саяси жүйені қалыптастыру, азаматтық қоғам құру бастамаларын қолдау мен қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандандыру қажеттігін айтып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар аймақта да өз жалғасын табуда.

Мәселен сонау 2003 жылдан бастау алып, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін Азаматтық форум өткен жылы облысымызда жалғасты. Еліміздің басты демократиялық дәстүріне айналған мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ашық пікір алысатын үнқатысу алаңында аймағымыздағы азаматтық қоғам институтының даму барысы туралы және бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан барлық әлеуметтік жобалардың тақырыбы мен бағыты сараланып, маңыздылығына мән бере отырып, уақыт талабына сай жаңашыл әлеуметтік жобаларды енгізу бағытында жұмыстар талқыға салынды. Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев азаматтық қоғам институттарына қолдау көрсету алдағы уақытта да өз жалғасын табатына тоқталған еді:

– Аталған форум аясында үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдарды біріктіру «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылатынына сенім мол. Азаматтық қоғам – өзіндік ой-пікірлері мен бағыты айқындалған, қызметін заң аясында жүзеге асыратын пәрменді институт екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деді.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуындағы алғышарттардың бірі – азаматтық қоғамның белсенділігінің нәтижесі.

Соңғы жылдары қоғамдық маңызды мәселелер аясында өңірлерде волонтерлік ұйымдар, қайырымдылық және қоғамдық қорлар, адам құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктер, жергілікті қауымдастық, қоғамдық кеңестер жұмыс атқара бастады, – деп форумның мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың жүйелі жұмыс істеуіне жаңаша серпін беретінін атап өткен болатын.

Азаматтық қоғамның дамуында үкіметтік емес ұйымдардың үлесі басым. Жалпы, елімізде 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым болса, оның 878-і Жамбыл облысында тіркелген. Бүгінде аталған ұйымдар облыстың әр аймағында қоғамдық қатынастарға белсенді түрде араласып, өңірдің әлеуметтік дамуы мен қоғамдық диалогты қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда. Мәселен, облыс орталығына жақын орналасқан аймақтардың бірі – Жамбыл ауданында 27 үкіметтік емес ұйым қызмет атқарады.

– Бүгінде Жамбыл ауданында әртүрлі әлеуметтік қызметтер көрсететін 22 қоғамдық бірлестік, 4 қоғамдық қор және 1 заңды тұлғалар бірлестігі әрекет етеді. Қоғамдық ұйымдардың негізгі бағыттары мәдениет, қайырымдылық көмектер көрсету, дене шынықтыру мен спортты дамыту, азаматтардың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында аудандық ішкі саясат бөлімі діни тұрақтылықты нығайту мақсатында білікті теологтарды, дінтанушыларды және азаматтық қоғам белсенділерін тарта отырып, аудан аумағында деструктивтік ағымдармен ақпараттық-түсіндіру, оңалту жұмыстарын жүргізу, отбасы институтын нығайту, жұмыспен қамтуды іске асырса, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мұқтаж азаматтарға үйде әлеуметтік көмек көрсету, инватакси қызметін ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарды қамтиды. Жалпы, азаматтық сектор өкілдерімен әріптестік тек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында ғана емес, жекелеген шараларды да қолдау жұмыстарында көрініс тауып отыр. Мәселен, жастар мен жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттаумен айналысатын «Геккон» спорттық-туристік клубы» қоғамдық ұйымымен бірлесе Меркі тауларына танымдық тур ұйымдастырылады. Сондай-ақ, облыстық Аналар кеңесі және облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығы» ұйымдарымен өзара іскерлік қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойылған, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Теміржан Ізтілеуов.

Бөлім басшысының айтуынша, ауданда үкіметтік емес ұйымдар есебіне қайырымдылық жұмыстары да жүргізіледі. Мәселен, «Жанашыр жан» қоғамдық қоры әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларына азық-түлік себетін таратуды қолға алған.Қоғамның қозғаушы күші саналған жастар санаты да мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі қолданбалы идеялар мен бастамаларды батыл көтеріп, азаматтық белсенділіктерін танытып келеді.

– Ел жастарының бойында ұдайы ізденіс, асқақ арман және ұлттық мүдде болуы тиіс. Бұл – бүгінгі заман талабы. Сондықтан ізденуден, оқудан, үйренуден жалықпай, дұрыс армандап, нақты мақсаттар қоя білу керек. Ең бастысы, барлық істе елдің мүддесі жоғары болуы үшін еңбек етуіміз керек. Бұл істе аудан жастары түрлі қоғамдық бірлестіктермен бірге ұйымдастырған және олардың қатысуымен өткен мәдени-көпшілік іс-шаралар, танымдық кештер, акцияларға, спорттық турнирлер кешенді түрде жүргізіліп келеді. Ал, волонтерлік бағытта жыл басынан бері 45 іс-шара өткізіліп, оған 229 жас қатысты. Сонымен қатар, биыл талапты жастардың 9 жобасы қолдау тауып, қазіргі таңда нәтижелі жұмыс атқаруда. Бұл жастардың мемлекетке деген сенімін күшейтіп, саяси белсенділігін арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз, – дейді аталған бағыттағы жұмыстардың жемісті түрде жалғасын табатындығына сенім білдірген аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жандар Тоқсаба.

Сайып келгенде, азаматтық қоғам құрудағы кешенді түрде жүзеге асқан жұмыстар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» пен Әділетті Қазақстанды құру жолында, өзара ынтымақтастықты арттыруда маңызды рөл атқаратындығы анық. Мұның бір ғана мысалы ретінде пандемия мен су тасқынында қоғам өкілдері, волонтерлер мен меценаттар отаншылдық пен елге көрсеткен қамқорлығын еске алуымызға болады. Бұл өз кезегінде ұлтымыздың бірлікке ұйысып, бірегейлікке ұмтылуына жол ашпақ.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Жамбыл ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар