Бұрыннан білетініміз, құлаққа сіңіп қалған хандарымыз «Есім ханның ескі жолы» деп Есім ханды, «Тәуке ханның тура жолы» деп Тәуке ханды, «Қасым ханның қасқа жолы» деп Қасым ханды, Әз Жәнібек пен Абылай ханды, билерден Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би деп білдік. Шешендерден жыр-дастандарда, ертегіде айтылатын Жиреншені, батырлардан Қобыланды, Алпамыс, Ер Төстік, Ер Тарғын, одан да басқа қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай есімдері есте қалды. Бар білгендеріміз осы ғана болатын. Егемен ел болып, тәуелсіздік алған соң ғана басқа да хан-билерімізді, батырларымызды таптық, білдік, бүкіл елге таныттық. Атап айтқанда, Қойгелді, Қосы, Жауғаш, Бұғыбай, Бұхарбай, Ағыбай, Жалаңтөс, Басығара, Ер Қосай, Құдайке, Малайсары, Кейкі, Иман, Сүйіндік, Жанайдар батырлар және басқаларын дәріптеп, насихаттап, есімдерін аудан, ауыл, көшеге, мектепке және басқа да жерлерге беріп, ескерткіш қойып, жастарға үлгі етудеміз. Мұнымыз өте құптарлық іс. Бірақ, тарихымызды түгел білдік, анықтадық дей алмаймыз. Көптеген айтулы тұлғалар көлеңкеде қалып қоюда. Соның бірі де бірегейі кіші жүзден шыққан Адай батыр және оның ұлдары Құдайке мен Келімберді, немерелері Ер Қосай мен Мұңал.
Осыдан біраз жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығын дүркіретіп тойлап, атап өттік. Біз де бұрындары іргелі ел, мемлекет болғанымызды көрсеттік. Дәлелдеп, анықтап, Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығы болғанын, оның көлемі бүгінгі Қазақстанды түгел алып жатқанын паш еттік. Керей мен оның ағайыны Жәнібек Әбілхайырдан бөлініп, үдере көшіп, Шу мен Сарысудың арасына орналасып, дербес Қазақ хандығын құрып, алғашқы ханы етіп Керейді сайлап, қазақтың көптеген руларының басын қосып, шекарасын анықтап, көрші елдермен келісімге келіп, Қазақ хандығын құрады. Осы хандықтың іргетасының берік болуына, қуатты ел болуына Керей хан мен Жәнібекке көмектесіп, бір кісідей атсалысқан Адай батыр еді. Жаңа хандықтың көшіне 300-дей алшындардың отбасын ертіп, асқар Алатаудың етегіне келіп орналастырып, Керей мен Жәнібектің сенімді серігі, әскербасы болғанын біреу білсе, біреу білмес. Жас қазақ хандығының құрамына батыста, шығыста, солтүстікте тұрып жатқан ру-тайпалардың қазақ хандығының құрамына кіруіне Жәнібекпен бірге аянбай еңбек еткен Адайды Керей хан да, Жәнібек сұлтан да қатты сыйлап, қадірлеген. Соның нақты бір белгісі Адай үйленем дегенде Жәнібек өзі бас құда болып, Бексұлтан төренің айдай сұлу қызы Айымнұрды қалыңмалын төлеп, тойын өткізіп, елге алып келген. Адайдың осы әйелінен екі баласы болған. Бірі Құдайке, екіншісі Келімберді. Келімбердінің ұрпақтары бүгінде Т.Рысқұлов ауданының Құмарық және Құлан ауылдарында тұрып жатыр. Адай мен оның балаларының осы маңда тұрғанына көп деректерде кездесетін «Адайлар ерте заманда кіші жүздің басқа рулары сияқты Алатауды мекендеген ел» деген сөз дәлел бола алады. Сонымен қатар, Қашаған жырау «Атамекен» жырында:
Әзіреттің кең ойы
Алты судың өн бойы
Атамыз қонған жер екен
Алғыр судың бойында
Алшын деген аз ауыл
Қытайменен жау болып
Көшіпті солай қарауыл, – деп жырлаған.
Қазақ хандығының нығайып, көлемінің ұлғайып, халқының саны көбейіп, іргелі күшті ел болғанын көре алмайтын көршілер Қытай, қалмақ, мына жағы Шайбани мемлекеті тұс-тұстан тыныштық бермей, қайта-қайта шабуылдап, мазаларын ала берген соң Жәнібек сұлтан Адай мен өзі бас болып ел шетіне келген жауларға аямай соққы береді. Дегенмен қапыда Жәнібек қайтыс болады. Бұл кезде Адаймен бірге баласы Құдайке батырдың да даңқы асып тұрған кезі еді. Небір шайқастарда жанқиярлық ерлік көрсетіп, жауынгерлердің алдына шығып, «Алшын, Адай» деп айқайлап ұрысқа кірісетін. Осындай бір соғыста Шайбани әскері оңбай жеңіліс табады. Ойрандай болып, тоз-тозы шығып қалады. Тек Құдайкенің қолына садақтың оғы тиіп, көп ұзамай қайтыс болады. Құдайкені ел аузында Ойранды атанып кеткен жерде Алатаудың етегінен бастау алатын Әулиебұлақтан шығып өзенге айналған судың оң сағасына, төбенің бір шетіне арулап жерлейді. Кейіннен осы жерге батырлығы әкесі мен ағасынан кем түспеген Келімбердіні де жерлеген. Шайбанилермен болған бір шайқаста Құдайке жүз шақты адаммен жау қоршауында қалады. Сол кезде Келімберді атой салып жау шебін бұзып өтіп, ағасы Құдайке мен жауынгерлерін жау қоршауынан алып шығады. Келімберді көп шайқастарда ағасы Құдайкенің жанында болып, ерліктің небір үлгісін көрсетеді.
Ал, Адай өмірінің соңғы кезеңінде немересі Мұңалдың қолында болады. Жасы жүзден асқан шағында бұл дүниемен қоштасып, о дүниеге аттанған. Қайтыс болғанда қазақтың үш жүзінің игі жақсылары және Хақназардың өзі келіп Мақпал тауына жерлейді. Кейіннен атасы Адайдың жанына Мұңалды да топырақ қойнына тапсырады. Бұл жер ел аузында «Қазақ мола» деп аталады. Кезінде үлкен қорғаны болған және көктасқа есімдері жазылып қойылған екен. Қорғанның іргетасы ғана сақталған.
Маңғыстаулық азамат Ыдырыс Серікбаев 10-15 жылдан бері өз қаржысына Өзбекстанды және Қазақстанның оңтүстік облыстарын аралап, көптеген аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды, тарихи шығармаларды, отандық және шетел тарихшыларының еңбектерін зерделеп, халық арасында айтылған әңгімелерді мұқият тыңдап, зерттеп, мұрағаттардан құжаттарды қарап, атасы Адай мен оның ұлдары Құдайке мен Келімбердінің жатқан жерін анықтау мақсатында көп жерлерді аралайды, іздестіреді. Көнекөз қариялармен сөйлесіп, сілтеген жерлеріне барады. Осындай көп жылғы іздестірудің нәтижесінде Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданына келіп, жергілікті өлкетанушы Бекқұлы Әлиевпен және менімен сөйлесіп, біздің айтуымызбен Жаңатұрмыс ауылына келген еді. Мұнда көнекөз қария Қасымбай Кемісбаев, Кемел Азаматов пен Жетпіс Көлбаевтың айтуынша, бұрынғы «Жібек жолының» төменгі жағында өзеннің оң жақ бетінде кезінде үлкен төбе болған екен. Бүгінде шөгіп, төбешік болып қалған жерде екі адамның моласы сақталған. Сол жерде Адай батырдың балалары Құдайке мен Келімберді жатыр деген мәлімет береді. Жыр-дастандардағы мәліметке тура келеді, Адай балаларының моласы осы деп бір болжамға тоқтайды. Жаңатұрмыс ауылының сол кездегі әкімі Н.Жамалбековтың көмегімен моланың төңірегін тазалағанда, бұрынғы қорғанның іргетасы көрінді. Ірге толық сақталған, бірақ балшықтан салған қабырғалары қирап қалған. Кезінде есімдері жазылған көктаста Құдайкенің есімі толық, Келімбердінің есімі жартылай және Адайдың таңбасы сақталған. Осы тасты қолды болмасын деп аталған азаматтар аудандық мұражайға тапсырған. Сол молалардағы сүйектердің ДНК-сын анықтау мақсатында Алматы қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы археология институтынан мамандар шақырып, бірнеше айлық зерттеу нәтижесінде табылған сүйектер қазіргі Адай ұрпақтарының ДНК-сымен сәйкес келетінін анықтады.
Адай батыр мен оның балалары Құдайке мен Келімбердінің, немерелері Ер Қосай мен Шоғының ерлік істері, батырлығы, халқы үшін атқарған қызметтері туралы жазушы Бектұр Төлеуғалиұлының «Адай тарихы сыр шертеді» еңбегінде, көптеген шайқастардың куәсі болған Қазтуған ақынның жыр-дастандарында, шежіреші Өмірзақ Көлбаевтың «Ер Қосай» атты кітабында, Ұзақбай жыршының «Алақай батыр» дастанында, Сабыр жыршының «Алақай батыр» жырында, Ибн Бахуридің «Алғашқы қазақтардың бірігуі» еңбегінде, Алшын Меңдалыұлының «Адай шежіресінде» және басқа да еңбектерде айтылып, жазылған соң қайталауды жөн көрмедік.
Ғасырлар бойына жұмбақ болған Адай мен оның ұлдарының жатқан жерлері табылды, барлығы анықталды. Сол аты шулы Адай атаның ұрпақтары бабалардың басына белгі қояр, адамдар тәу етуге келетін ардақты, әулиелі жерге айналар, артындағы ұрпақтары аталарына өз деңгейінде құрмет көрсетер деген сенімдемін.
Москау НОКРАБЕКОВ,
ардагер журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді