Жамбыл облысы өнеркәсіппен қатар, ауыл шаруашылығында да әлеуетке ие өңірлердің бірі. Биыл облыста ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 29,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Соның есебінен саладағы тауар өндірушілерге 17,7 миллиард теңгеден астам субсидия төленіп, нәтижесінде, өнім көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артқан.
Сондай-ақ, биыл Үкіметтің статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмасына сәйкес аудандармен егістік алқаптарға зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Осыған сәйкес, бұған дейін игеріліп жатқан жалпы егістік көлемін және су үнемдеу технологияларын пайдалану алаңдары бойынша есептер ұсынуда сәйкессіздіктер анықталған. Яғни, облыс аумағында өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 762,5 мың гектардың орнына 626,7 мың гектар шамасында алаңға орналастырылғаны белгілі болып, оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, майлы дақылдар, көкөніс, бақша дақылдары мен мал азығы дақылдары есебінен егіс алқабы 136 мың гектарға кеміген. Тиісінше, су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап, мал басы мен өндірілген ет көлемінің төмендігі байқалған.
Ал, жақында ғана Президент Қазақстан халқына Жолдауында 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін айтқан болатын. Бұл жайында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бірінші жартыжылдықтағы есепті жиынында:
– Өкінішке қарай, бізде 762 мың мал басы жайында ақпараттың жалған екендігі анықталып отыр. Оның ішінде 600 мыңға жуық ұсақ мал санатта жоқ. Бұдан бөлек, жылқы мен мүйізді ірі қара мал басы жоқ болса, ең төменгі көрсеткішті түйе малы құрап отыр. Мұның бәрі, әрине, бір жылда ғана емес, бірнеше жылдар аралығында қалыптасқан мәселе. Сондықтан статистикамызды нөлге теңестірудің маңызыдылығы зор. Өйткені, бұл біріншіден, субсидия бөлу ісіне кері әсерін тигізеді, – деп жауап берген болатын.
Десе де, нақты статистиканың тиімділігінен осы жылдың алғашқы 8 айында 350 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7 есеге артқан. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында пияз, қырыққабат, картоп, сәбіз секілді өнімдер есебінен жалпы 324,4 мың тонна, мал шаруашылығында 1,5 мың тонна өнім экспортталған. Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі сиыр еті, қой еті, құс еті, малдың ішкі өнімдері есебінен артып отыр. Бұдан өзге экспортталған өңделген ауыл шаруашылығы өнімі 23,5 мың тоннаға жеткен.
Сонымен бірге, облыста бүгінде суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бекітілген Жол картасы аясында 2028 жылға дейін 124 мың гектар егіс алқабын қалпына келтіру жоспарланса, бүгінгі таңда соның 47,5 мың гектары қалпына келтірілген. Сонымен бірге, 87 каналды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу, жергілікті бюджет есебінен тоғыз, республикалық бюджеттен үш су қоймасын салу қолға алынбақ. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2028 жылға қарай суармалы алқаптар толық сумен қамтамасыз етіліп, каналдарда тасымалдау кезінде су ысыраптарын азайтып, ауыл шаруашылығы өнімін екі есеге арттыру көзделуде.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту аса маңызды міндет болып қала беретіндігін айтқан болатын. 2024 жылы облыстың агроөнеркәсіп кешеніне 14,6 миллиард теңгеге 16 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл аталған салада 345 жаңа жұмыс орнының ашылуына септігін тигізбек. Бұл бағытта жалпы қаражаттың 8,5 миллиард теңгесі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату жобасына қарастырылған. Бөлінген қаржыға 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 118 жұмыс орындарын құру көзделген болса, соның ішінде биыл 1612 басқа арналған үш тауарлы-сүт фермаларының құрылысы, сыйымдылығы 35 мың тонналық алты көкөніс сақтау қоймасы, тамшылатып суғару және тері мен жүнді өңдеу бойынша екі жоба қаржыландырылған. Аталған жобалар келесі жылы қолданысқа енгізілмек. Бұдан өзге, ауыл шаруашылығы жануарларының жүн-терісін қайта өңдеу арқылы құрама жем мен тыңайтқыштар шығару, тауықтың қиынан биогумус өндіру, алма шырынын өңдеу, картоптан фри жасау, пиязды кептіру, көкөніс сақтау қоймалары және сүт тауарлары фермалары секілді жобалар бар.
Сонымен бірге, облыста су үнемдеу технологияларын өндірумен айналысатын 6 ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуы жоспарлануда. Оның ішінде Қытай Халық Республикасының инвесторларының үш бірдей жобасы – жобалық құны 30 миллион АҚШ долларын құрайтын, қуаттылығы жылына 500 қондырғы шығаратын «VODAR» жаңбырлатып суғару қондырғыларын шығару өндіріс орны мен қуаттылығы жылына 12 мың гектар, жобалық құны 6 миллион АҚШ доллары болатын «КАЗ КАСПИ ГИДРО» ЖШС тамшылатып суғару қондырғыларын шығару өндіріс орны, «KAZAKH INDUSTRIAL STROI» ЖШС – суғару каналдарының бетон жабындарының өндіріс орны бар. Соңғысы жылына шамамен 240 мың шаршы метр бетон шығаруға қауқарлы. Бұдан өзге, бұл бағытта түркиялық инвесторлар тарапынан қуаттылығы жылына 600 қондырғыны құрайтын «ATLANTIS» және «ARDENT PLASTIK» тамшылатып-жаңбырлатып суғару қондырғыларын шығаратын өндіріс орындары, отандық «Ans-Plast» спринклерлік жүйелер өндірісі орны бар.
Елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында да тындырымды тірліктер іске асуда. Аталған жоба алғаш ел бойынша өңірімізде пилоттық жоба ретінде енгізіліп, 11 елді мекенді қамтыған болатын. Облыста «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 24,1 миллиард теңге бөлініп, 38 ауылдық округтен 4076 жоба несиелендірілген. Бөлінген қаржының 23,4 миллиард теңгесіне 152,2 мың бас мал сатып алуға 4012 несие, 38 кооперативтерге 183 ауыл шаруашылығы техникалары лизинг жүйесімен берілген. Бұдан өзге, ауылды елді мекендерде өз кәсібін ашу бағытында 317,5 миллион теңгеге 43 жоба қаржыландырылып, 4152 жаңа жұмыс орындары ашылған. Бүгінде жаңадан ашылған жеке кәсіпкерліктердің несие қайтарылымы 99,6 пайызды құрап, аталған жобаның тұрғындарға тиімділігін танытып отыр. Еске сала кетсек, тамыз айында жобаның іске асырылу барысымен танысу мақсатында өткен жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов өтініштер қабылдау бойынша ақпараттық жүйе жасақталғанын және оның алғаш пилоттық негізде облысымызда іске асырылғанын атап өткен болатын.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы 17 мың шағын несие беру мақсатында 100 миллиард теңге бөлу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнде 91,3 миллиард теңге игеріліп, 14,4 мың шағын несие беру ісі жүзеге асты. Оның ішінде республикалық бюджеттен Жамбыл облысына 24 миллиард теңге бөлініп, 4 мың шағын несие берілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес, Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасы есебінен салық түсімі 225 миллионға жеткен. Бағдарламаның негізгі мақсаты – азаматтардың өз кәсібін ашып, тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыруды арттыру болып саналады. Алайда, бүгінде өтініш берушілер тарапынан жергілікті әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына құжаттарды қабылдау бойынша шағымдар көптеп түсіп жатады. Сол себепті биыл министрліктен өтінішті онлайн берудің ақпараттық жүйесі әзірленді. Аталған жүйе алғаш Жамбыл облысында пилоттық негізде іске асырылды. Алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлеріне де енгізу жоспарлануда, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Өз кезегінде аталған жүйенің тиімділігін атап өткен Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова халықтың табысын арттыру мақсатында өзге де бағдарламаларды жүзеге асырып, шаруалар өнімдерін терең өңдеуге баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы жақында облыс әкімдерімен кездесуінде халықтың әл-ауқатын арттыру мақсаты бірінші орынға қойылатындығын жеткізген болатын. Осы мақсатта ауыл халқының табысын арттыруға бірқатар бағдарламалар қарастырылған. Айта кету қажет, бүгінде Жамбыл облысы жобаның екінші деңгейіне аяқ басып, оңтайлы көрсеткіштер көрсетіп келеді. Сол себепті инновациялық технологияларды енгізуге көптеп көңіл бөліп, ауыл шаруашылығында терең өңдеуді қолға алу аса маңызды. Ел аумағында халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарда бірқатар мәселе де бар екендігі жасырын емес. Мұндай қиындықтар көбіне кәсіпкер тарапынан әлеуметтік төлемдерді төлеу бойынша, олардың өз өнімін өткізу кезінде орын алады. Сондықтан жергілікті атқарушы билік органдары несие алушылардың өнімін өткізу бойынша жұмыстарды жандандырып, ауыл әкімдері елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық картасын жасақтауы тиіс, – деді Тамара Қасымқызы.
Сондай-ақ, аталған жоба аясында 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп, 62 ауылдық округ қамтылғандығын айтқан облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жайындағы есепті жиынында жобадағы тың өзгерістер жайында айтып өтті. Оның сөзінше, биыл «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты – өз кәсібін ашу бойынша бірқатар салаға басымдық берілген. Мәселен, өткен жылы жоба аясында өңірде несие алушылардың 92 пайызы мал шаруашылығымен айналысуға өтінім білдірген. Дегенмен, күні бүгінге дейін облыс көлемінде өзге өңірден мал сатып алу бойынша ешқандай өсім байқалмағандықтан, жаңа жүйе енгізілмек.
– Өткен жылы мал шаруашылығымен айналысушылар тарапынан 152 мың бас мал сатып алынған. Алайда, оның он пайызға жуық мөлшері ғана сырттан келген. Яғни, мал басы облыстың ішкі айналымында жүру салдарынан өсім байқалмай отыр. Сондықтан, биыл жобаның бұл бағытын қаржыландыру тоқтатылып отыр. Оның орнына кәсіпкерлерге тауарлық несие беру тетіктерін қарастырудамыз. Мұнда әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен кәсіп бастаушы және тәжірибелі кәсіпкерлер үштік негізде жұмыс жасайды. Яғни, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кәсіп бастаушының кепілдігіне жауапкершілік танытады. Соның негізінде үлкен шаруашылық иесі кәсіп бастаушыға 50 бас қой мен 5 сиырға дейін несие береді. Өз кезегінде кәсіп бастаушы жыл сайын мал басының төлі есебінен несиесін өтеп отырады. Мал басы сақтандырылып, мемлекет тарапынан 80 пайыздық қаржы субсидияланады, – деді Әбілхайыр Ғалымұлы. Ал, биыл жобаға 10,5 миллиард теңге қарастырылып, 1200-ге жуық несие беру көзделген.
Жыл басынан бері жеті айдың қорытындысына сүйенсек, облыста 531,6 мың гектар жаздық дақылдар жиналып, 1,6 миллион тонна өнім алынған. Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің сөзінше, ауа райының қолайлылығы мен агротехникалық шаралардың тиімді іске асырылуы есебінен биылғы жылы болжаммен 3,2 миллион тонна өнім алу күтілуде.
Атап өтейік, қазіргі таңда егін жинау науқанына облыс бойынша 10 мың ауыл шаруашылығы техникалары қатысуда. Оның ішінде бес мыңнан астамы трактор болса, 556-сы комбайн және 4 мыңнан астам басқа да техникалар. Жыл басынан бері 8 айда 324 өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы алынып, түгендеу есебінен жылдық жоспар 5,8 пайызға орындалған. Ауыл шаруашылығы техникаларын түгендеу жұмыстарының нәтижесінде, 3280-нен аса қолдану мерзімі 25 жылдан асқан техникалар есептен шығарылған.
Сондай-ақ, күзгі дала жұмыстарына биыл 11,4 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, тарату бағасы литріне 250 теңгені құраған. Бүгінде операторлар тарапынан облысымызға 4,2 мың тонна жеткізіліп, 2,5 мың тонна шаруаларға таратылған. Бұдан өзге, биылғы жылы 332,4 мың гектар алқапқа 83,1 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланған. Бүгінгі күнге 959 шаруа тарапынан 51,8 мың тонна тыңайтқыш алынып, 255,2 мың гектар алқапқа ендіріліп үлгерген. Бүгінде облыстың әр аумағында күзгі жиын-терін науқаны жүргізіліп жатқандығын ескерсек, бұл көрсеткіштің әлі де еселене түсетіндігі анық.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
«Даму» қорынан қолдау тапқан жобалар жетерлік
- 4 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді