«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жел стансаларының болашағы жарқын

Жел стансаларының болашағы жарқын
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Жолдауда көтерген тақырыптар мен мәселелер өзекті және барлық қазақстандықтарға, оның ішінде ғалымдарға қатысты, өйткені елдің ғылымы маңызды реформалар мен өзгерістерді бастан кешуде. Президенттің Қазақстан халқына жаңа Жолдауында мемлекет пен қоғам өмірінің барлық бағыттары бойынша сын-қатерлер мен басымдықтар нақты көрсетілді.

Президент жасыл қаржы, жасыл облигация, жасыл инвестиция мәселелерін көтеріп, қазақстандық қаржы нарығын дамыту бойынша бірқатар міндеттер қойды. «Жасыл» экономика мен «жасыл» қаржыландыруға көшу арқылы жаңа қаржы жүйесін дамыту, жасыл жобаларды қаржыландыру қоғамның өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететіні және табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны сақтауға бағытталатыны сөзсіз.

«Жасыл» экономика – экологияны басымдыққа ала отырып, жер, су сол сияқты табиғи ресурстарды тиімді пайдалану. Бұл мақсатта елімізде 2014 жылы «Жасыл экономика туралы» Заң жобасы қабылданды. Құжатта табиғи ресурстарды орнымен қолдана отырып, инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, одан бөлек әлем елдерін алаңдатып отырған өзге де мәселелерді шешу қарастырылған. Бізге бұрыннан таныс дәстүрлі экономика – өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу болса, «жасыл» экономиканың ерекшелігі – баламалы қуат көздерін табиғи ресурстардың көмегімен өндіру. Бұл әдіс өз кезегінде мемлекеттің әлеуетін арттыруға серпін береді.

«Жасыл» экономиканы дамыту мәселесі бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз», – деген болатын.

Бұл бағыттағы жұмыстар аудан көлемінде тиісті деңгейде атқарылып келеді. Мәселен, Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты жер аумағынан 2019 жылы «WindPowerCity» және WindElectroCity» ЖШС желден энергия көзін өндіретін құрылғыларды орнатып, жұмыс бастады. Бүгінде әр серіктестік 3 қондырғы арқылы жалпы қуаты 4,5 мВт болатын электр энергиясын өндіруде.

Дәл осы аумақта 2022 жылы құны 5487,0 миллион теңгені құрайтын 3 жоба жоспарланып, жүзеге асырылды. Әр жобаның құны 1829,1 миллион теңгеге айналды. Осылайша «Жасыл экономика» бағдарламасы аясында іске қосылған «Новатекс», «Шеңгелді», «Шеңгелді-2» ЖШС өз жұмыстарын тиісті деңгейде атқарып келеді. Әр кәсіпорын сағатына 4,5 мВт электр қуатын өндіруге қауқарлы. Қазір 5 кәсіпорында 21 адам қызмет атқарады.

Уақыт талабына сай ел экономикасына енгізілген жаңашылдыққа қатысты аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров: «Бүгінде әлемнің көптеген елдері «жасыл» экономиканы таңдайды. Өйткені, баламалы қуат көздерін пайдалану арқылы энергияны үнемдеу күн тәртібіндегі басты мәселеге айналған. Өз кезегінде баламалы қуат көзі – дербес экономиканы қалыптастырады. Желден электр энергиясын өндіретін 5 кәсіпорын аудан бюджетіне 30-50 миллион теңге көлемінде салық төлеп отыр. Жел электр стансалары Көктал ауылының маңында орналасқандықтан онда жергілікті тұрғындар да жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындардың арқасында 9 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды. Одан бөлек өнеркәсіптің дамуына да зор үлес қосып отыр», – дейді.

Кәсіпорындар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып қана отырған жоқ, қайырымдылық шараларына қатысып келеді.

Ауданбек Тауасаровтың сөзінше, аталған кәсіпорындардың басшылығы ауыл іргесіндегі ескі мешіттің шатырын жауып, ішкі сылақ жұмыстарын жүргізіп, қайта жабдықтауға қаржылай демеушілік танытқан.

Бүгінде елімізде «жасыл» экономиканың маңыздылығы артып келеді. Айталық, 2013 жылдың 30 мамырында мемлекеттің инновациялық іскерлігі мен бәсекеге қабілеттігін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы бекітілді. Сала мамандары құжаттың ел экономикасының орнықты да, тиімді моделін құруға негіз болатындығын айтады. Одан бөлек жаңашылдық экономикалық жүйелерді тұрақтандыруға, қорларды тиімді пайдалану арқылы адам мен табиғаттың арақатынасын теңестіруге сеп болмақ. Еліміз жел және күн энергиясы жөнінен әлемнің ең үздік аймақтарымен теңесе алады. Бұл орайда «жасыл» экономиканы дамытуды қолға алсақ, баламалы энергия көздерін өндіруге өзге елдерге үлгі болумен қатар, қоршаған ортаны сақтау тұрғысынан да озық мемлекеттер көшіне ілесер едік.

 

Нарбол ҚАШАҒАН,

журналист.

Талас ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар