Экономиканы экстенсивті дамыту үдерісінің өңірімізге әсері
- author «Ақ жол»
- 2 қазан, 2024
- 113
Қазақстандағы осындай саланың бірі – қой шаруашылығы екендігі мәлім. «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп халық айтқандай, республикамыз, оның ішінде облысымыз үшін шаруашылықтың бұл саласын мықтап өркендетудің аса зор пайдасы, ерекше маңызы болды. Айта кету керек, қарастырылып отырған кезеңде облысымыздың шаруашылықтары мал өсіруден алатын барлық табыстың жартысын қой шаруашылығынан түсірген еді. Облысымыздың кең өрістерін ақтылы қойға толтырып, оның өнімдерін өндіруді мықтап арттыруға болатындығын алдыңғы қатарлы шаруашылықтар мен озат шопандардың қол жеткен табыстары көрсеткен болатын. 1963 жылы «Талас» қаракөл қой совхозында әр жүз саулықтан 142 қозы, Шу өндіріс басқармасындағы «Новотроицк» совхозында биязы жүнді әр жүз саулықтан 115 қозы, «Талас» совхозының шопандары Ә.Жұманбаев, Ж.Түлкібаев 170, Қордай өндіріс басқармасындағы «Красный октябрь» колхозынан О.Дүйсеков 151, «Новотроицк» совхозынан М.Юсупова 145 қозы алды. Облыс бойынша 566 отарда әр жүз саулықтан 110-нан 130-ға дейін және одан да көп қозы алынды. Облысымызға қой шаруашылығын өркендеткені үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Министрлер Советінің және Қазақстан кәсіподақтар Советінің ауыспалы Қызыл туы тапсырылды.
Дегенмен, қой өсірудің осындай және басқа да зор мүмкіншіліктері толық пайдаланылды деуге болмайды. Аталған жылы облыстағы 2154 саулық отарының жартысынан астамында әр жүз саулықтан 100 және одан да аз қозы алынды. Қордай, Жуалы өндіріс басқармаларында әр жүз саулықтан алынған қозы 87-88-ден ғана айналды. Облыс бойынша бес жылдың ішінде тиісті мөлшерден 610,3 мың қозы кем алынды. Сондай-ақ, қойдың жүн түсімі де аз болды. Меркі өндіріс басқармасындағы Ленин атындағы қой совхозы мен «Победа» колхозында әр қойдан 4,2 килограмнан, ал озат шопандар мұнан да көп жүн қырқуға жетіп отырғанда, облыс бойынша 2,8 килограмнан ғана жүн қырқылды. Көптеген колхоздар мен совхоздарда қойдың шығын болуына жол берілді. Әсіресе, Шу, Талас басқармаларының бірқатар шаруашылықтарында қойдың өлім-жітімі, арық-тұрағы көбейген. Бұл кемшіліктердің себебі не? Мұның басты себебі, жайылымдарды дұрыс пайдалану, қойды уақытымен жайып-бағу, жем-шөппен, қоралармен, сумен дер кезінде қамтамасыз ету, еңбекті көп керек ететін жұмыстарды механикаландыру, қой шаруашылығында жұмыс істейтін адамдарға мәдени-тұрмыстық жағдай туғызу ісіндегі елеулі кемшіліктер. Сондай-ақ, қой тұқымын асылдандыру, шаруашылықтың бұл саласына ғылым мен озат тәжірибенің жетістіктерін енгізу ісінің жайы да қанағаттанарлықтай болмады. Бұл үшін партия, ауыл щаруашылық органдары, шаруашылықтардың басшылары, мамандар қой өсіру мәселесіне күнбе-күн көңіл бөліп, онымен қолма-қол шұғылданып отыруға тиіс болатын. Оның үстіне 1964 жылы облыс шаруашылықтарының алдына қой санын 3 миллион 400 мың басқа жеткізу міндеті қойылған еді.
Тиісінше, шопандар күйек алу науқанына кірісе бастайды. Осы тұрғысында, Талас өндіріс басқармасы «Коммунар» совхозының бас мал дәрігері Б.Айнабековтің есебін тыңдасақ, онда: «Бұл науқанға әрбір шопан ұқыпты дайындалды. Өйткені, дер кезінде сапалы ұрықтанған саулықтар келесі жылы төлді көп береді. Мұны өзіміздің тәжірибемізден көріп жүрміз. Биыл да күйек алуға жап-жақсы дайындықпен келдік. Шаруашылық бойынша 12 ұрықтандыру пункті жұмыс істейді. Онда 27,6 мың саулық қолдан ұрықтандырылады. Совхозда ұрықтандырушы техниктерді даярлықтан өткізу үшін он күндік семинар-кеңес өткізілді. Оны 12 адам бітіріп шықты. Мұның ішінде 9 аға шопан бар. Аға шопан О.Елеуқұлов жолдас бірнеше жылдан бері мал ұрықтандырумен шұғылданып келеді. Ол ұрықтандырған отарларда қысыр қалған саулықтар кездесіп көрген емес. Сондай-ақ, ұрықтандырушы техник Т.Сәрсекеев, Р.Әлімбеков жолдастар да өз ісінің маманы. Биыл 15 мың саулыққа СЖК препаратын қолданбақшымыз. Бұл препаратты сақтау жұмысы да жаман емес. Ұрықтандырылған саулықтарды күздеуге дұрыс орналастыру жұмысының маңызы зор. Совхоз дирекциясы олар үшін ең шұрайлы, құнарлы өрісті бөлді. Суатпен қамтамасыз етті. Қосымша құнарлы шөп, жем жеткізіп берді. Қазір совхозда 504 қошқар бар. Олар рацион бойынша азықтандырылады. Совхоз малшылары Ұлы Октябрьдің 47 жылдық мерекесі құрметіндегі еңбек вахтасына тұрып, күйек алу науқанын ойдағыдай өткізуге өздерінің күш-жігерін аямайды», – делініпті.
Мал қоңдылығын арттыру жөніндегі мәселеге тоқталар болсақ, «Колхозымыз мемлекетке ет тапсыру жоспарын мерзімінен бұрын асыра орындады, – дейді свердловтық колхоз председателі Т.Ахметов жолдас. – Бұл табысқа жетуде мал бордақылау фермасы коллективінің, оның меңгерушісі Есберген Мұсабеков жолдастың еңбегін айрықша атап өтуіміз керек. Биыл фермада 9368 қой бордақыланып, мемлекетке етке өткізілді. Бұл аз мал емес. Осылардың әрқайсысының орта салмағы 55 килограмнан айналғандығын, өндірілген еттің өзіндік құнының жоспардағыдан 26 процентке арзанға түскендігін еске алғанда, мал бордақылаушыларға шын жүректен алғыс айтқың келеді. Біздің шопандар, – дейді Есекең, қойлардың бракка шығарылғандарын және бойдақ тоқтыларды қабылдап алып семіртеді. «Арық малды асырасаң, аузы-мұрныңды май етер» дегендей, жайылымын тауып, қысында жем-шөбін келістіре беріп баққан соң, қоңданбайтын мал жоқ. Мәселе малды баға білуде, ерінбей еңбек етуде. Осы орайда, фермада мал семіртудің шеберлеріне тоқталсақ, Метан Райысов жолдас бағуындағы 561 қойды семіртіп, мемлекетке өткізгенде әрқайсысы 64 килограмнан салмақ тартып, 87 проценті жоғары қоңдылықта қабылданған. Сондай-ақ, Оразқұл Омаров, Еркебек Күлекешов, Нұрғазы Өмірбеков жолдастар бордақылаған 1600 қойдың әрқайсысы 60-62 килограмнан, 82 проценті жоғары семіздікте өткізілген. Фермада ірі қараны семірту де ойдағыдай болып отыр. Етке өткізілген әрбір мүйізді ірі қараның орташа салмағы 316 килограмнан, жылқы – 345, шошқа 87 килограмнан айналған және еттің өзіндік құны да мөлшердегіден арзанға түскен».
Талас өндіріс басқармасындағы «Түгіскен» совхозының малшылары да мемлекетке етке тапсырылатын малды тек жоғары қоңдылықта өткізу үшін нақты шараларды белгілеген болатын. Бақташылар жеке-жеке міндеттеме қабылдап, қоңды мал есебінен мыңдаған бас қойды, ірі қараларды үнемдеу жолында іскерлікпен еңбек етті. Иса Әлмұхаметов пен Түсіп Шәкіров өздеріне бекітілген 100 бас ірі қараны зоотехникалық шараларға сай жайып семіртіп, дайындау орындарына тапсырды. Етке өткізілген ірі қараның орташа тірідей салмағы әр басқа 330 килограмнан айналды. Б.Мақамбетов, Әубеков, Б.Досаев, Т.Күзенбаев және тағы басқа шопандар міндеттемелерін абыроймен орындап шықты. Олардың етке тапсырған ісектерінің әрқайсысының орташа салмағы 52 килограмнан болды. Бесінші ферманың бақташылары Сәрсенбаев пен Дүйсенбаев 300 бас ірі қараны жоғары қоңдылықпен етке тапсырды. Ағаларымыздың барлық іске болаттай берік болғандығын, мына бір оқиға да дәлелдейді. «Желді күн еді. Талас өндіріс басқармасы «Түгіскен» қаракөл совхозының мал қорасына жақын жерден өрт шықты. Қора маңында маяланған шөп бар. Үдей алаулаған жалын осылай қарай бет алып келеді. Совхоз жұмысшылары отқа қарсы шықты. Өрттің мал қорасына 4-5 метрге дейін жақындаған да кезі болды. Тілсіз жаумен жекпе-жекте совхоз жұмысшылары жеңіп шықты. Өрт сөндірілді», – дейді аудандық өрт сөндіру бөлімінің аға нұсқаушысы П.Беловодский. Бажайлап қарасақ, социалистік меншікті өсіріп-өндіру мәселесі барынша ыждаһаттылықпен қолға алынғандығы анық көрініп тұр. Тіпті, көпшілікте «еңбектің жемісін кімдер көріп жатыр?», – деген сұрақ туындамаған да сияқты.
Әрине, егіс алқаптарындағы жұмыстың тыныс-тіршілігін бұқаралық ақпарат құралдары көздерінен таса еткен жоқ. Осылай, тілші материалында қызылша плантациясындағы қызу тіршілік былай таратылады: «СОКП Орталық Комитеті февраль Пленумынан кейін бізде қант қызылшасын өндірудегі артта қалушылықты жою жолында бірқатар жұмыстар істелді. Химия жетістіктерін кең көлемде қолданып, машина паркі де толықтырылды. Ең бастысы, еңбекті ұйымдастыру ісі жақсарды. Колхоз председателі (Свердлов, қазіргі Байзақ ауданы) А.Л.Нахмановичтың бастамашылығымен бізде техникаларды пайдаланудың жаңа тәртібі қолданылуда. Бұрын тракторлар мен топырақ өңдейтін құрал-саймандар әрбір звеноға бекітіліп, солардың иемденуінде болатын. Бұл неге әкеліп соқты? Мәселен, бір звенода трактор, ал екіншісінде культиватор бұзылса, жұмыс екеуінде де тоқтап қалатын. Биыл біз қызылшаны әр звеноға жүйектердің көлденеңінен бекітіп беріп, техниканы топтық әдіспен пайдаланудамыз. Сушылар да звеномен жұмыс істейді. Іс жүзінде бұл былай болады. Сушылар (олар біздің бригадада сегіз адам) егістіктің бір бөлігін суарып болысымен осында үш трактор келіп қатар аралықтармен қопсытады. Сөйтіп, суару мен қопсытудың арасында алшақтық болмайды. Екіншіден, баптау жұмыстары барлық звеноларда бір мезгілде жүргізіледі. Техниканы осылайша пайдалану тәртібі және сушылардың звеномен бірлесіп жұмыс істеуі егіс шығымын арттыруға көп себін тигізді. Әр гектарға 5 центнерден суперфосфат сіңіріліпті. Көктемде ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тұқым қысқа мерзімде, пунктирлі сеялкалармен себілген. Кейбір участоктер өсімдік көктеп шыққанға дейін және одан соң да торкөзді тырмалармен тырмаланған. Бұл әдіс қызылшаны қолмен жекелеуден құтқаруға сеп болғаны белгілі.
Өсімдіктің өсіп-жетілу кезеңінде плантация орта есеппен 6 рет суарылып, қопсытылған. Өсімдік 3 рет үстеп қоректендіріліпті. Өнім жинау науқанына бес комбайн мен төрт қызылша тиегіш жұмыс атқарыпты. Мұның қызылша жинаудың қарқынын арттыруға игі әсер еткені анық. Нәтижесінде, мәселен, Батикә Байтөреева басқарған звено мүшелері мол өнім өсіріп отыр. Олар әр гектардан орта есеппен 400 центнерден өнім алуға қол жеткізген».
Үздіктер тізбесін жалғастырсақ, «Талас өндіріс басқармасы «Коммунар» совхозының еңбеккерлері Көрғұлы Қайқапов жолдасты жүгері өсірудің шебері деп мақтаныш етеді. Бұл орынды да. 1963 жылы оның звеносы 40 гектар жүгері өсірді. Еңбекпен етене өскен жас жігіт жүгерінің әр гектарынан 35 центнерден өнім жинады», – делінген Талас өндіріс басқармасынан Е.Сүлейменов берген ақпаратта. Ал, алқаптағы күнделікті тірлікте болмай тұрмайтын келеңсіздіктер туралы «Сушылардың реніші» атты баянда жазылыпты: «Егінді сурау – мол өнімнің негізі. Жуалы өндіріс басқармасындағы «Большевик» колхозының қызылшашылары мұны жақсы біледі. Мұнда қант қызылшасы агротехникалық жақсы мерзімде суарылып тұрады. Бірақ, Мария Галас басқаратын звенода істің жағдайы мүлде басқаша болып отыр. Звенода плантация дер кезінде суарылмайды. Қатар аралықтар белгіленген мерзімде қопсытылып тұрмайды. Осының салдарынан колхозшылар жұмыстың ауыр процестерін плантацияның барлық көлемінде дерлік қолмен атқарады. Плантацияда суландыру жүйелері жасалмағандықтан егінді күтіп-баптау графигі үнемі бұзылып келеді. Плантацияны суару қазір қиындап кетті, – дейді Мишина жолдас. Арық-атыздар тартылмаған. Сондықтан суды пайдалана алмай келеміз. Бұған ең алдымен тракторист Иван Вырипов кінәлі. Ол плантацияда арық тарту жұмысын дер кезінде жүргізбеді. Міне, осының бәрі қызылшашылардың қолын байлап отыр». Осы аудандағы тағы бір түйткіл транспорт қатынасына байланысты екен: «Бурныйдан Алексеевка селосына дейін жолаушылар автобусы қатынап тұрады. Біздің ауылымыз Төңкеріс осы жолдың бойында. Самсоновка селосынан төрт километр жерде. Бұл жөнінде аудандық автобазаның бастығы Қапаровқа хабарлап, одан ауыл жанынан аялдама белгілеуді өтінген едік. Ол ауылымызға келіп, автобус тоқтайтын орынды белгілеп кеткен болатын. Бірер күн автобустар осы жерге тоқтап та жүрді. Бәріміз қуанып қалдық. Бірақ, қуанышымыз ұзаққа бармады. Бір аптадан кейін автобусымыз ауылымызға тоқтамай, жүйткіп өте шығатын болды», – деп қынжылады ауыл ағасы Әмірхан Бейсенбаев. Жазылған жайлар ұсақ болып көрінуі де мүмкін. Бірақ, үлкен істер әрқашан сол ұсақ-түйектен басталмай ма?!
Әйтсе де, озаттарды дәріптеу күн тәртібінен түскен жоқ. «Солардың бірі – Әлімбек Өтегенов «Коммунар» совхозында 1940 жылдан бері механизатор болып жұмыс істейді. Ол соңғы жылдары шофер мамандығын меңгеріп, өзінің жанқиярлық еңбегі арқасында озаттар қатарына қосылды. Совхозда күтімі келіскен екпе жоңышқа жайқалып өсіп тұр. Совхоз пішеншілері берік жемшөп қорын жасау мақсатымен бітік өскен жоңышқаны жедел орып, жинауда. Мұндағы бір игілікті іс – шабу мен тасу арасында алшақтық шамалы. Бұл орайда, совхоздағы таңдаулы жүргізушілердің бірі Өтегенов жолдас өзінің өнімді, адал еңбегімен көзге түсуде. Ол күніне 7-8 машина жоңышқа тасып, берілген тапсырманы үнемі асыра орындауда. Машинаның техникалық күтімін жақсы жолға қойып, жыл басынан бері жөндеусіз жұмыс істеп келеді. Ал, «Жаңабай Рахмановтың механизаторлар даярлайтын қысқа мерзімді курсты бітіріп, тракторист болғанына онша көп болған жоқ. Жаңабай өткен көктемде егіс трактор бригадасында істеп, маусымдық тапсырманы бір жарым есе орындады. Бірқыдыру жанармай үнемдеп, атқарылған жұмыстың өзіндік құнын едәуір арзандатуға қол жеткізді. Ол қазір шөп шабу науқанында жұмыс атқаруда. Тракторды бірқалыпты күтіп, көптен бері жөндеусіз жұмысын істеуде. Жаңабай жетіжылдықтың алтыншы жылының өндірістік тапсырмасын мерзімінен бұрын орындау үшін қажырлы еңбек етуде», – дейді Свердлов өндіріс басқармасы, Жамбыл атындағы колхоздан Ғ.Әрінова. Шаруашылықтардағы ала-құлалықтар туралы: «Бұл күндері Шу өндіріс басқармасы шаруашылықтарынан 1320 жас жігіт пен қыз өндірістен қол үзбей механизаторлар даярлайтын курстар мен үйірмелерде оқып жүр. «Шоқпар» астық совхозы мен «Коммунизм» қой совхозында және Калинин атындағы колхозда механизаторлардың оқуы ұйымшылдықпен өткізілуде. Оларға тәжірибелі оқытушылар сабақ береді. Қажетті оқу құралдарымен, түрлі плакаттармен қамтамасыз етілген. Әйтсе де, жағдай барлық жерде бірдей емес. «Мойынқұм» совхозында 50-ден аса жас жігіт пен қыз механизатор мамандығын алуға тілек білдірді. Бірақ, курс ашылмай, олардың тілегі аяқсыз қалып қойды. Киров атындағы қызылша совхозында да осылай», – дейді еңбек өндірісінің барлық жерде бірдей қалыпты жағдайда емес екендігінен хабардар етіп, осы басқарма қызметкері Қоңыров.
Дегенмен, қарастырылып отырған жылдары ауыл еңбеккерлері өздерінің ұлы өміршеңдік күшін танытты. Колхозшы шаруалар арасында жаңа кәсіп иелері – тракторист-машинистер, комбайнерлер, шоферлер, электриктер пайда болды. Колхоз құрылысы мол өнімнің шеберлерін, тәжірибелі сауыншыларды, шопандарды, бақташыларды – екпінді еңбек адамдарын тәрбиелеп шығарды. Тек облысымызда ғана қоғамдық шаруашылықтағы еселі еңбегі үшін 162 колхозшыға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді, 700-ден астам адам Ленин орденімен наградталды. Олардың қатарында Сындыбала Оңғарбаева, Дариға Жантоқова, Тамара Абдуллаева, Тұрсын Байназарова, Александр Нахманович, Орынбасар Бақбергенов, Михаил Царьков, Александр Шуллер, Иван Зенков, Мәден Дәуітқұлов, Николай Косухин, Ырзабай Шаңбаев, Андрей Козырь сияқты ардақты еңбеккерлеріміздің болғаны бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігі анық.
Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,
«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді