89-шы жаңа маусымының ашылуында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай сөз сөйледі. «Қадірлі театр тарландары. 1936 жылы 5 қаңтарда бұрынғы Әулиеата аудандық партия комитеті бірлескен мәжілісінде колхоз- совхоз театрын құру жөнінде қаулы қабылданып, Әулиеата театры ашылды. Сол жылғы наурыз айының он алтысы күні Б.Майлиннің «Келін мен шешей», Қ.Қырқымбаевтың «Келіншек» атты бір актілі комедияларымен өнер отауының тұңғыш шымылдығы ашылды. 1939 жылы 14 қазанда СССР Жоғарғы Советі Президиумының қаулысымен Жамбыл облысы құрылды. Бұған дейін «Әулиеата театры» аталып келген театрымыз «облыстық театр» мәртебесін алып, 1940 жылы Жамбыл облыстық қазақ драма театры болып қайта құрылды. Театрға талантты режиссер Асқар Тоқпановтың есімі берілуі де – үлкен оқиға. Қазір де театрда Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек сіңірген қайраткерлер және талантты жас буын еңбек етуде. Соңғы кезде де сіздердің еңбектеріңізбен сахналанған қойылымдар көрермен көңілінен шығып келеді. Театрға келушілер қатары көбейіп жатқанын байқаймыз. Астанада өткен Көшпенділер ойынында да біздің облыстық драма театр тамаша өнер көрсетті. Жаңа маусым құтты болсын», – деді.
Жиында театрдың актрисалары, Халық әртісі Мәкен Рахымжановаға, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықоваға, Еңбек сіңірген қайраткерлер Майра Әлімбетова, Жүніс Әлімбек, Әбиірбек Тінәлі, Асқарбек Сейілхан бастаған алдыңғы толқындарға құрмет көрсетілді.
Мұнан соң іс-шара поэзиялық өлең оқуға жалғасты. Театр әртістері әннен шашу шашты. Театр қызметкерлері тарапынан жиналған қонақтарға викториналық сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға театр қойылымдарын бір жылға тегін тамашалау билеттері сыйлыққа берілді.
БАҚ өкілдерімен өз әсерін бөліскен Халық әртісі Мәкен Рахымжанова: «Осы театрға 50 жыл өмірімді арнап келемін. Аңыз болып кеткен алдыңғы толқындарды көрдік. Сахнада бірге ойнадық. Ол кісілерден үйрендік, тәрбие алдық. Енді өзіміз ардагерге айналдық. Жастарға өмірлік тәжірибемізді, білгенімізді үйретіп жүрміз. Жаңа маусымның да жаңалықтары мен сәттіліктері көп болсын. Ұжымыма табыс тілеймін», – деді.
Ал, жас көрермен Рауан Жаңабай: «Мен театрға үнемі келіп жүргенді ұнатамын. Астанада физика мамандығы бойынша магистратурада оқыған кезімде де театрларға барып тұрдым. Қазір Тараз қаласында еңбек етемін. Театрдың жаңа маусымы ашылғанына қуанып тұрмын», – деді.
Мұнан соң жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» трагедиясы сахналанды. Қойылымды сахнаға дайындаған – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері Аридаш Оспанбаева, ал қоюшы-суретшісі – Айгерім Амангелді.
Театр ұжымы өзінің жаңа маусымында бірнеше премьера ұсынуды және республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде бақ сынауды жоспарлап отыр.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді