«Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой», – деп ақын Мағжан Жұмабаев жырлағандай, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мұсылман қауымына беріліп, мұсылмандардың мәдени орталығына айналдыруды алғаш ұсынған да Зүнін қожа болатын. Тіпті, осы мәселемен Мәскеуге де барып қайтқан. «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мұсылман қауымына берілсін деп алғаш айтқан адамның бірі Зүнін екенін көп адам білмейді. Ел ағасы Дінмұхамед Қонаевтың алдына арнайы барып, осы ойын айтады. Дінмұхамед Ахметұлы бұл мәселені өзі шеше алмайтын болған соң Мәскеуге өзімен бірге Зүнін мен Алматы мүфтиін ала кетеді. Сөйтіп септігін тигізген еді», – дейді ардагер журналист Мүтәліп Ережепбаев.
Егер архивтік құжаттарға үңілетін болсақ, 1945-1950 жылдар аралығында Зүнін Зүпіновпен қатар Меркі ауданы, Меркі станциясы мешітінің имамы Жүніс Жасұланов, Қордай ауданы, «Талапты» колхозындағы мұсылман қоғамының жетекшісі Мұхамбет Сүйіндіков, Шу ауданы, Шу станциясы, Школьный көшесі, №11 мекенжайында орналасқан мұсылман қоғамының жетекшісі Ибрайымжан Батыров КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Дін істері Кеңесі төрағасының (Мәскеудің бақылауында) жіті назарында болған. Оған дәлел бірнеше құжаттар архивте сақталған.
1937 жылы Алаш ардақтылары «Халық жауы» болып қамаққа алынып, алды өлім жазасына кесіліп, енді бірі – көз көріп, құлақ естімеген Сібірге жер аударылып, аласапыран заман болып жатқан зобалаң тұста Зүнін де қудалауға түседі. Бірақ, амалын тауып бәйбішесі Рахия екеуі Ташкент ауып кетеді. Десе де, күпірлікке бармаған, дінін сатпаған Зүнін отарбаға от жағушы болып жүріп те намазын қаза етпеді. Соғыстан кейін елге қайтқан Зүніннің жоғары діни сауаттылығына еш күмән келтірмеген Орта Азия Діни басқармасы 1948 жылы Әулиеата мешітінің бас имамы етіп сайлайды.
Қолына тізгін тиген соң ол бірден сауатсыз мұсылмандардың көзін ашуды қолға алады. Көпшілік алдында тағылым-тәрбиелі, жұма намаз сайын жамағатқа діни дәрістер оқиды. Әсіресе, шала сауатты дүмше молдалардың білімін байытып, Құран аяттарын мәнімен, әуезімен қалай оқу керектігіне дейін жалықпай үйретеді. Арабша әріп тануға көмектеседі. Егер архивтік құжаттарға үңілетін болсақ, әсіресе тарихи деректерде 1948 жылдың бірінші тоқсаны бойынша ҚазССР Министрлер Кеңесі жанындағы Дін істері Кеңесінің Жамбыл облысы бойынша уәкілетті өкілі Я.Нуралиевтің КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Дін істері Кеңесі төрағасы Полянский жолдасқа, ҚазССР Министрлер Кеңесі жанындағы Дін істері Кеңесінің уәкілетті өкілі Сәбитов жолдасқа берген есепті ақпаратында Жамбыл қаласындағы Электрическая №1 мекенжайында орналасқан мешітке Құрбан айт және Ораза кезінде мұсылмандар көп келетіні жазылған. Сондай-ақ, ондай діни мерекелерде Жамбыл және Свердлов аудандарынан да мұсылмандар келіп, кемінде 3000-5000 адам жиналып отырғандығы баяндалады. Ал, 1950 жылдың 5 қаңтарында Полиянский мен Сәбитов жолдастарға ҚазССР Министрлер Кеңесі жанындағы Дін істері Кеңесінің Жамбыл облысы бойынша уәкілетті өкілі Н.Айтмағамбетовтың 1949 жылдың төртінші тоқсаны бойынша берген есепті ақпаратында мешітке қаладағы төрт мың мұсылман діни рәсімдерге қатысып отырғаны, олардың қатарында қазақ, өзбек, татар, шешен және өзге мұсылман ұлт өкілдері бар екендігі баяндалады. Жұма намазға 200-300 адам жиналса, Айт намазына үш мыңға дейін адам жиналып, мешітке сыймағандары аулада намаз оқыған.
Ең қызықты құжат – 1950 жылы 26 маусымда Н.Айтмағамбетовтың Полянский мен Сәбитов жолдастарға 1950 жылдың екінші тоқсаны бойынша берген есепті ақпаратында болып тұр. Бұл құжатта соңғы бір жылдың ішінде мешітке келетін жамағат пен Зүнін имамның арасында келіспеушілік орын алып келе жатқандығы баяндалады. Бұрынғы имам бастаған бас-аяғы 28 адам қол қойған арыз Орта Азия Діни басқармасына жолданады. Өз уақытында Зүнін қожа «Дауыр алуға» шектеу қойған болатын. Яғни, «Дауыр алу» дегеніміз – кісіні соңғы сапарға шығарып саларда оның күнәларын молдалар сатып алады. Ол үшін қайтыс болған жанның жақындарынан мал немесе мал бағасына телінген ақша, үй заттарын алып отырған. Ал, Зүнін мұндай рәсімнің Құранда жазылмағанын айтып қарсы шығады. Сондықтан, шағымданушылар Зүнінді орнынан алып, бас имам тағына өзбек имамын сайлауды мұрат етеді.
Осы жағдайдың анық-қанығын анықтау үшін Орта Азия Діни басқармасынан өкіл – Фазилқожа Садыққожаев Жамбылға келеді. Ол бұл мәселені мешітке келушілердің ортасына салады. Жиынға қатысқан 1500 жамағаттың дені шағым сырттарынан жазылғандығын алға тартып, Зүнінді орнынан алуға тек он ғана адам қол көтереді. 28 шағымданушының 18-і қайда?! Олар жиынның ортасынан шығып кетеді. Ф.Садыққожаев Ташкентке келген соң Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам мұсылмандар қоғамының имамы, 60 жастағы Сәрсенбай Мықтыбаевты Зүнін имамның уақытша көмекшісі етіп тағайындайды. Кейін оған Әулиеата мешіті бас имамының орны қайта ұсынылғанымен Зүнін бас тартады. Ол өмірін Ислам дініне арнап, ізгі уағыздарын жалғастыра береді. Діни білімін арттыру жолында ізденеді.
Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі ардагер-журналист Мүтәліп Ережепбаевтың айтуынша, Зүнін 1976 жылы Бұхара шаһарында өткен Мұсылмандардың дүниежүзілік жиынына өз еркімен барып, әлемнің әр елінен келген Ислам ілімінің білгірлерінің ортасында дәріс оқып, телегей-теңіз білімімен, ағып тұрған арабшасымен көпшілікті тәнті етеді.
Ерман ӘБДИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді