Бұл ретте, әсіресе шағын бизнес түрі нарықтың барлық өзгерістері мен күйзелістеріне өте осал, мүмкіндіктері мен ресурстары орта және одан да ірі бизнеске қарағанда әлдеқайда аз. Сондықтан да әлемдік тәжірибе қолдау шараларынсыз бұл санаттағы кәсіпкерліктің банкротқа ұшырайтындығын көрсетеді. Соған қарамастан шағын бизнес экономикада тұрақтандыру қызметін атқарып, бәсекелестік ортаны құруға, оның барлық қатысушыларының кәсіпкерлік қызметке тең қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Тиісінше, бизнестің осы сатысы экономикалық алғышарты саналады. Сол себептен елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға баса назар аударылған. Бұл бағытта өңірімізде де жүйелі жұмыстар іске асып келеді.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Асфендияр Сейсенбаевтың мәліметінше, биыл бірінші жартыжылдықта жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 106 053 бірлікті құраған.
– Шағын және орта бизнес субьектілерінің дамуының арқасында биылғы жылдың бірінші тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 282,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Тиісінше, өңірде аталған санаттағы бизнес үлесі 23,3 пайызды, ал жалпы қосылған құн көлемі 148 739,4 миллион теңге құрады. Сондай-ақ, қаржы институттарымен барлығы 30 750 кәсіпкерге несие берілді, – дейді басқарма басшысы.
Бұл жұмыстар аясында жалпы сомасы 122,1 миллиард теңге қарастырылған болса, соның 87,4 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы, қалғаны «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингінің еншілес компаниялары мен микроқаржы ұйымдары арқылы несиелендірілген. Берілген несиелердің аясында 1 665 жоба мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылды.
Бұдан бөлек, облыс әкімдігінің тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы «Jambyl Business» өңірлік бағдарламасы әзірленген болатын. Бағдарламаға әкімдік тарапынан 1 миллиард теңге, «Даму» қоры тарапынан 1 миллиард теңге бөлініп, балық шаруашылығын, моно және шағын қалаларды, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағыттары бойынша жұмыстар іске асырылған. Бағдарлама аясында үшінші бағыт бойынша 200 миллион теңгеге дейін 7 пайыздық мөлшерлемемен жеті жылға несие беріледі.
Қазіргі таңда, өңір бойынша екінші денгейлі банктерде барлығы 960 миллион теңге құрайтын 10 жобаға ниет білдірген. Оның ішінде балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 2 жоба, моно және шағын қалаларды дамыту бағыты бойынша – 6 жоба, орта кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша 2 жоба қолға алынып, жоба қаржыландырылып, осы жылы облыс бойынша «Бірыңғай кешенді бағдарламасы» аясында 30,1 миллиард теңгені құрайтын 1 130 жоба қаржыландырылған.
Кәсіпкерлікті қолдау шараларының негізгі тетігі оларды құқықтық тұрғыдан қорғау болып саналады. Бұл бағытта өткен жылы прокуратура органдары 162 қадағалау актісін енгізіп, соның нәтижесінде 9 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалған. Бұзушылықтардың басым көпшілігі салық, жер, әкімшілік заңнама салаларында анықталған. Сондай-ақ, фронт-офистердің жүйелі жұмысының нәтижесінде 5 инвестордың мәселелері оң шешіліп, олар өңірде өз жобалары шеңберінде 720 жұмыс орнын құрумен 230 миллиард теңге инвестиция салуда.
Атап айтқанда, «Talas Investment Company» ЖШС прокурорларды үйлестіру кезінде «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-да несие желісін ашуға мүмкіндік алған. Салық органдары мен атқарушы өндірістердің 500-ден астам актісі жойылып, бизнес-қоғамдастық өкілдеріне 246 миллион теңге төленген.
Облыстағы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтың сөзінше, өткен жылы прокуратура және әкімдікпен инвесторлардың түйткілді мәселелерін, оның ішінде прокурорлар құрған маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі фронт-офис шеңберінде сүйемелдеу және шешуге жәрдемдесу бойынша бірлескен жұмыстар іске асқан.
– Фронт-офис құрылған сәттен бастап 6 отырыс өткізілді. Жергілікті деңгейде «бір терезе» қағидаты бойынша инвестиция тарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар, бірлескен іс-шаралар жоспарын орындау аясында, Палата құны 7 миллиард теңгеден асатын стратегиялық инвестициялық жобалардың бастамашылары және өкілдерімен кездесулер өткізді. Облыс пулында құны 2,3 триллион теңге құрайтын 69 жоба бар. Соның ішінде, жалпы сомасы 1 триллион 937 миллиард теңгеге 20 ірі инвестициялық жоба іріктелді, жалпы 3 мың жұмыс орны құрылады, – дейді Еркін Атымтаев.
Еске сала кетсек, жыл басында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жұмыстар мен инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында аудан әкімдері үшін KPI жүйесі енгізілгенін атап өткен болатын.
– Бұған дейін мен 40-қа жуық инвестормен кездесулер өткіздім. Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жандандыру маңызды. Олар экономиканы әртараптандырудың негізгі факторларының бірі. Өңірде негізгі капиталға инвестиция көлемін ұлғайтуға бағытталған аудан әкімдері үшін жаңа KPI жүйесі енгізілді. Бұл қадам өңірдің инвестициялық саясатын қайта қарауға мүмкіндік береді, – деген еді Ербол Қарашөкеев.
Кез келген кәсіпкерлік бастаманың өнімділігі жұмыспен қамту шараларымен бағаланатыны белгілі. Облыста жыл басынан бері шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны да 165 227 адамнан асқан. Бұдан бөлек, аталған салаларды дамыту бағытында «Ауыл аманаты», «Бастау Бизнес», «Бір ауыл – бір өнім» жобалары дүйелі жалғасын тауып келеді.
Нұрболат АМАНБЕК.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді