Төккен тер, ақталған еңбек

Төккен тер, ақталған еңбек
Ашық дереккөз
Тамыз таяғанда алқапқа соқа түсіп, шаруалар қамбаны астыққа толтыра бастайды. Биыл жамбылдық шаруалардың жағдайы былтырғыдан жақсы. Себебі, биылғы жазда жауын-шашын көлемі көбірек болды. Жуалылықтар бұл күнде табиғаттың несібесінен құр қалмай, Жер-Ананың ризығын ықыласпен қамбаларына толтырып үлгерді.

Қазіргі таңда Жуалы ауданында ауыл шаруашылығына арналған 216 306 гектар жер бар. Оның 95 449 гектары егістік болса, 8460 гектары суармалы. Жазғы дала жұмыстары бойынша ораққа түскен масақты дәнді дақылдар егілген жердің көлемі 38 327 гектар, оның ішінде күздік бидай 10 233 гектар, жаздық арпа 28 094 гектар. Көктем және жаз айларында ауа райының жауынды-шашынды болуына байланысты дәнді дақылдардың түсімі жақсы болып, гектарына 19 центнер астық алу жоспарланып, бұл меже толық орындалыпты. Ал, астық алқабының жалпы түсімі 74 354 тонна болса, оның ішінде бидай 10 233 гектар, орташа өнім гектарына 22,6 центнер, жалпы түсімі 23 126 тонна, жаздық арпа 28 094 гектар, орташа түсім гектарына 18,2 центнер, жалпы түсімі 51 228 тоннаны құрап отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары жүз пайыздық меже толық орындалғанын жеткізді.

Аудандағы ауыл шаруашылығы саласының негізгі бағыты мал шаруашылығы екені белгілі. Бұл ретте малдың қыстық азығын әзірлеу де жазғы дала жұмыстарының ішіндегі маңызды бөлігі саналады. Алдағы қысқа мал қыстату науқаны бойынша да жасалған жұмыс қыруар. Мәселен ауданда қазіргі таңда 182 900 тонна пішен, 17 000 тонна пішендеме, 38 500 тонна сабан, 19 000 тонна сүрлем жиналған. Шабылған алқаптардың көлемі де біршама. Биыл 32 567 гектар алқап шабуға белгіленіпті. Оның ішінде 30 570 гектары көп жылдық шөп болса, табиғи шөп 1997 гектарға егілген. Сүрлемдік жүгерінің көлемі 820 гектарды құрайды. Қазіргі таңда екінші және үшінші орым толық аяқталған. Барлығы 240 455 тонна пішен жиналып, жоспар 131,5 пайызға орындалыпты. Ал, жиналған пішендеме 17 055 тоннаны құрап, меже 100,3 пайызға жеткен. Сондай-ақ, 51 999 тонна сабан жиналған. Сонымен қатар, күзгі дала жұмыстары бойынша 866 гектар картоп егілсе, қазір оның 20,5 гектары жиналған, орташа өнім гектарына 248,0 центнерді құрады. Ал, жалпы түсімі 508,4 тоннаға жеткен. 337 гектар жерге көкөніс егіліп, оның 99 гектары жиналған. Мұнда орташа өнім гектарына 244,9 центнерге жетсе, жалпы түсім көлемі 2425,3 тоннаны құрап отыр. Қазіргі таңда жиын-терін жұмыстары қарқынды жалғасуда.

Қамбаға түскен астықты жинауға техниканың күші ауадай қажет. Бұл ретте ауданда биыл жанар-жағармайды жеткізуші операторлар жауапкершілік танытып, шаруалардың ыңғайына қарай тиімді жұмыс істеп жатқан көрінеді. Атап айтқанда, жазғы дала жұмыстарына жоспар бойынша 2285,86 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлініп, оның ішінде шілдеде 910 тонна, тамызда 715 тонна, қыркүйекте – 455 тонна дизель жеткізілген. Бұл тұрғыда ауданда ешқандай мәселе туындамағаны халықты ерекше қуантқаны байқалады. Айтпақшы, көктемгі егін жұмыстарын жүргізу барысында ауданға біршама минералды тыңайтқыш әкелінген болатын. Оларсыз топырақтың құнары азайып кететіні белгілі. Ал, ұдайы тыңайтылып отырған жер мол өнім береді. Бұл тұрғыда да аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі тыңғылықты жұмыс істеген екен. 2024 жылғы жоспар 11 726,6 тонна болғанымен, 6 952,6 тонна тыңайтқыш толық пайдаланылған. Оның ішінде селитра –2965,6 тонна, аммофос – 1 282,7 тонна, басқа түрлері – 2 404,3 тоннаны құрайды.

Тағы бір айта кетерлік жайт, биыл аудандағы техника он пайызға жаңартылған. Бүгінгі күнге 679,4 миллион теңгеге 114 жаңа техника алынған. Ауыл шаруашылығы бөлімінің ұсынған мәліметіне сәйкес, 41 трактор 513,3 миллион теңгеге, 73 тіркеме 166,1 миллион теңгеге, 39 дана трактор лизингке, 2 дана трактор нақты ақшаға, 11 дана тіркеме лизингке, 62 дана тіркеме нақты ақшаға сатып алынған.

Аудандағы шаруалар несиелеу бағдарламаларынан да құралақан емес. Мәселен, 2024 жылы «КТ Жуалы» несие серіктестігі 18 шаруашылыққа «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 148,8 миллион теңге берген. Сонымен қатар, тағы бір шаруа қожалығы 9,8 миллион теңге алу үшін құжаттарын дайындауда. «АгроБизнес» бағдарламасымен мал шаруашылығын дамыту бойынша 11 шаруашылық 149,9 миллион теңге несие алса, қосымша 13 шаруа қожалық 174,1 миллион теңге алу үшін құжаттар тапсырған. Өз кезегінде аудандағы шаруалар биылғы егін және мал азығын даярлау науқанында қол жеткізген нәтижеге дән риза. Себебі, биылғы жыл олар үшін біршама табысты болып отыр.

– Биыл аудан бойынша жазғы дала жұмыстары сәтті аяқталды. Астық көлемі былтырғыға қарағанда молырақ. Жұмыс барысында ешқандай мәселе туындаған жоқ. Қажетті жанар-жағармай уақытылы жеткізіліп тұрды. Біріншіден, мемлекет тарапынан жақсы бөлініс болды. Екіншіден, жеткізуші оператор жұмысына жауапкершілікпен қарап, барлық шаруа дер кезінде атқарылды. Биылғы жылға мал азығын да толық жинап алдық. Қысқы маусымға пішен мен пішендеме жеткілікті. Қазіргі таңда жүгеріден алынатын азық жиналып жатыр. Бізді тек бидайға сұраныс болмай жатқаны қатты алаңдатады. Сұраныс мүлде жоқ десек те болады. Арпаны көршілес өңірлер 66 теңгеден қабылдап жатыр. Алдағы уақытта бидайға сұраныс болмаса, бұл мәселеге де мемлекеттің араласуы қажет болатын сияқты. Қазір ел ішінде Ресейден келген бидай сатылып жатыр. Сол үшін де өтпей тұр. Одан бөлек, бүгінгі таңда ауданда картоп жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Майлы дақылдан мақсары 17000 тонна егілген болатын. Оның 10000 тоннасы орылды. Мақсарының өтімділігі жақсы. Қазіргі таңда ауданнан тоқсан теңгеге алып кетуде. Қайта өңдеу үшін 95 теңгеден алады, – дейді аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.

 

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар