Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, биыл бұдан бөлек, жобалық құны 34,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ол жобалар іске асырылған жағдайда жаңа 944 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Атап айтар болсақ, бұл жобалардың бірі – «Kisc» ЖШС-нің «Металл құю цехын жаңғырту» жобасы, оның жобалық құны 1 миллиард 870 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күні металл құю қуаттылығы 3,5 мың тонна болса, модернизациядан кейін жылдық қуаттылығын 24 мың тоннаға жеткізу көзделген. Жоба биыл жүзеге асырылады деп күтілуде, онда 150 жаңа жұмыс орнын ашу болжанған.
Екінші жүзеге асырылатын жоба – «СП- Тараз PET» ЖШС-нің «Полиэтилентерефталат рециклинг бойынша зауыт салу» жобасы. Оның жобалық құны – 3 миллиард 860 миллион теңге. Жылдық қуаттылығы 6 мың тонна. Жоба жүзеге асырылған жағдайда 64 жұмыс орны құрылмақ. Үшінші жобаны – «Alima Delux» ЖШС жүзеге асырмақ. Серіктестік «Тұрмыстық техника зауытын» салу арқылы газ плита өндірісін қолға алмақ ниетте. Жоба құны – 15 миллиард теңге, ал жылына 100 мың дана газ плита шығарылады. Төртінші жоба – «South Holiday» ЖШС жүзеге асырып жатқан Зербұлақ демалыс орталығының екінші кезеңін аяқтау. Оған 2 миллиард қаржы жұмсалуда. Бесінші жоба – «ОРЦ Тараз» ЖШС қолға алған көкөніс қоймасының ІІ кезеңі. Жоба құны 12 миллиард теңгені құрайды. Мұны төртінші тоқсанда ашу жоспарлануда.
– Тараз қаласында индустриалдық аймақ құру жоспары қолға алынуда. Атап айтсақ, Тараз қаласының жаңа бас жоспарына сәйкес, қаланың батыс бөлігінен Шөлдала алқабына апарар жолда 1150 гектар алқап өндірістің әлеуетін көтеру үшін индустриалдық аймаққа беріледі. Қазіргі таңда жалпы құны 47,6 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобалармен келіссөздер жүргізілуде. Оның біріншісі, «ARTWOOD» ЖШС-нің жиһаз шығару фабрикасының жобасы. Жоба құны 2 миллиард теңгені құрайды. Екіншісі, «Delixi Kazahstan» (КХР) – арнайы техника құрастыру зауытының құрылысы. Жоба құны 18,6 миллиард теңге. Үшіншісі, Халықаралық медициналық университет құрылысы. Жоба құны 27 миллиард теңге. Онда 12-20 мың студент білім алады деп жоспарлануда, – дейді қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы.
Сондай-ақ, қалада «Тараз» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамында «Тараз» индустриялық аймағы жұмыс істеуде. Бұл индустриялды аймақта жұмыс істейтін 7 жоба айқындалған. Жалпы, оның қатысушылары 74,1 миллиард теңгеге инвестиция салады деп жоспарлануда. Атап айтсақ, бұл индустриялық аймақта «НУР ХИМ 2021» ЖШС Трикотаж және тігін бұйымдарын өндіруге арналған зауыт және минералды тыңайтқыштар зауытын салуды жоспарлап отыр. Ал «Мамешова Айгуль Бекеновна» жеке кәсіпкерлігі машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл бұйымдарын өндіретін зауыт салуға ниетті. «Eco Energy Plant» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын, «Эко РБК» ЖШС – қауіпті қалдықтарды басқару кешенін құру жобасын, «Нурсеитова Нагима Аманхожакызы» ЖК – шаруашылық- тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдарын өндіру бойынша цех салуды, ал «КАЗ ПРО ТЕМИР» ҚЖС қара металды балқыту, шаршы дайындамаларды шығару және полимерлі жабыны бар жұқа табақты мырышталған болат пен болатты өндіру бойынша металлургиялық зауыт салу жобасын жүзеге асыруды жоспарлаған. Бұл жобалардың жүзеге асырылу мерзімі – 2025 жыл.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріп келеді. Бұл Президенттің биылғы Жолдауында да көрініс тапқан. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында облыстық және республикалық бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласы бойынша барлығы 18,7 миллиард теңгені құрайтын 386 жоба қаржыландырылған. Бүгінгі таңда Тараз қаласында 15 сауда базары жұмыс істеуде. Сауда базарларында жаңарту жұмыстары жол картасына сәйкес жүргізілуде. Ол модернизация жұмыстарын 2026 жылы аяқтау жоспарланған.
Тараз қаласында құрылыс саласында да даму бар. Мәселен, биыл шаһарда 7 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 4 мектеп, республикалық бюджет есебінен 3 мектеп салынды. «Арай» алабындағы 600 орындық және «Казарма» алабындағы 180 орындық мектептер толық аяқталып, 1 қыркүйекте пайдалануға берілген. Қалған мектептерді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Өткен жылы 2,1 миллиард теңгеге 7 мектеп, 1 бөбекжай-бақша ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл №19 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде.
– «Жол – экономика күретамыры» деп бекер айтылмаған. Жалпы, қалада 1445 көше бар (878 көше, 3 даңғыл, 465 бұрылыс, 50 тұйық, 49 өткел), оның 902-сі асфальтталған, 543 көше жолына шағал тас төселген. Жолдардың жалпы ұзындығы – 1888,5 шақырымды құрайды. Оның 1227 шақырымына асфальт жабыны төселген, бұл – 65 пайыз. Шағал жолдың ұзындығы 661,5 шақырым. Былтыр жалпы ұзындығы 87,5 шақырымды құрайтын 145 көшеге асфальт жабыны төселді. Сондай-ақ, Саңырық батыр мен Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61 пайыздан 65 пайызға дейін артты. Ал, биыл жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 118 көшені және 18 шақырым 7 жаяу жүргінші жолы орта жөндеуден өтуде. Одан бөлек «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшедегі шағал жол орта жөндеуден өткізілуде. Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 70 пайызға дейін артатын болады, – дейді қала басшысы.
Сондай-ақ, көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары басталып кеткен. «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің былтыр 13 көшесіне асфальт жабыны төселсе, биыл қалған көшелерде асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Ал, «Барысхан» тұрғын а лқабында биыл с егіз көшеге асфальт жабындысын төсеу жоспарлануда. Сонымен қатар, биыл қала көшелері мен шағын аудандардың ішкі жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін облыстық бюджеттен 900 миллион теңге қаралған. Конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз мердігерлермен келісімшарт жасалып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
– Көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында екі бірдей көпір құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Олар: Абай даңғылының темір жол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу. Бұл жобаның құны 16,9 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Екіншісі, Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы темір жол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакадамен жалғасын салу. Ол жобаның құны 24 миллиард теңге болса, қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Аталған қос жобаны 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік ұсыным ұсынылды, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.
Тараз қаласында кәріз сулары кешенін салу уақыт күттірмейтін үлкен мәселе болып тұр. Дәл қазір кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылуда. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жер асты суларының ластану қаупі бар. Сондықтан, Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленген. Жол картасына сәйкес, Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленген. Бүгінге техника-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтуде. Құрылыс жұмыстары 2025-2027 жылдарға жоспарлануда. Болжамды құны 46,8 миллиард теңге, қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болады деп болжануда.
Жалпы, қазақта «Өз үйім – өлең төсегім» деген жақсы сөз бар. Сондықтан баспананы бақыт шамына балайтын 22 мыңнан аса азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Аталған мәселені шешу үшін, 2023 жылы 3279 пәтерлі 62 үйдің құрылысы жүргізіліп, 12 үй пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде, 754 отбасы баспаналы болды.
Қазіргі таңда Тараз қаласында 2522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін елу үйдің құрылысын аяқтау көзделуде (4 арендалық тұрғын үй, пәтер саны – 240; 46 кредиттік тұрғын үй, пәтер саны – 2282). Оның ішінде 34 тұрғын үй 15 шағын ауданында, 16 тұрғын үй Асқаров көшесінің соңындағы алқапта орналасқан. Одан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның ішінде 162 пәтерге республикалық бюджет есебінен 2,2 миллиард теңге, 507 пәтерге «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 7,7 миллиард теңге қаралған. Бүгінгі таңда сатып алуға жоспарланған пәтерлердің құрылысы басталған. Жыл соңына дейін толық аяқталуы күтілуде. Бұған қоса, 14 шағын ауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің бастамасына 5,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, конкурсқа берілген. Ал, Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алапқа қосымша 66 тұрғын үй құрылысына жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005-2024 жылдар аралығында 127 554 азамат тіркелген. Былтыр Құмшағал-Қарасу алаптарынан 1497 жер учаскелері берілген. Қазіргі уақытта жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
«Көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары да жоспарға сәйкес жалғасын табуда. Жалпы, Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1438 көппәтерлі тұрғын үй болса, 1103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асып кеткен. Оның ішінде 614 үй жөндеуден өткізуді қажет етеді. Биыл 5,1 миллиард теңгеге 53 көпқабатты тұрғын үйді модернизациядан өткізу жоспарланып отыр. Республикалық бюджет есебінен қаржысы толық қарастырылды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі 24 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы әзірленді. Оның ішінде, 11 үйдің сырт келбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары бүгінгі күні жалғасуда. Мердігерлер құрылыс жұмыстарын осы айда аяқтауы тиіс. Ал, қалған 13 үйді келесі жылы жаңғыртуды жоспарлап отырмыз.
Ал, жылу желілерін жаңғырту жұмыстары да осы жұмыстармен қатар жүргізілуде. Өткен жылы «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту» жобасы әзірленіп, құны 10,7 миллиард теңгені құрады. Жалпы, жылу желісінің ұзындығы 6,1 шақырым. Осы жылға аталған жобаны атқару үшін қазынадан 7,1 миллиард теңге қарастырылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 19 сәуірде басталды. Бекітілген өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес, құрылыс жұмыстарын бірінші қазанға дейін аяқтау жоспарлануда. Ал, «Тараз қаласының Жамбыл даңғылы, Қонаев, Сейфуллин көшелері бойындағы М-3 жылу магистралін қайта жаңарту» жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Құны 2,1 миллиард теңгені құрайды. Жалпы тозығы жеткен ішкікварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 10 жоба әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілді. Жобалардың жалпы құны 18,8 миллиард теңге болады», – дейді қала әкімі.
Ал, Тараз қаласы тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында былтыр 6,6 миллиард теңге қаралып, «Казарма», «Шөлдала», «Құмшағал» және 28 саяжай тұрғын алаптарындағы 7256 жеке тұрғын үй таза ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал, биыл «Шалғай Қарасу 1,2,3,4,5,6,7» алабы, «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алаптарын орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары жалғасын табуда. Осылардың есебінен тұтастай қаланы таза ауыз сумен қамту жоспарлануда. Сондай- ақ қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 су ұңғымасының құрылысына жоба әзірленіп отыр. Жобаны республикалық бюджет есебінен қаржыландыру үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылды. Магистралды су құбырларының тозығы жетуіне байланысты «Теміржол су – Алматы» ЖШС-нің теңгеріміндегі су құбырлары қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне алынды. Қазіргі таңда жаңғыртуға жоба әзірленуде.
Қала әкімінің айтуынша, көшелердi жарықтандыру жұмыстары да жоспарға сәйкес атқарылуда. Былтыр облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көшені жарықтандыру қолға алынған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, 10 шағын ауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй ауласы, 79 кіреберіс жолдар және 44359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, Сейфуллин көшесінің бойы және Жамбыл даңғылындағы жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орналастырылды. Сондай-ақ, «Шөлдала», «28 саяжай» тұрғын алаптарын электр желісімен қамтамасыз ету бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталды. 5775 тұрғын үйге абоненттеу қамтамасыз етілді», дейді қала басшысы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді