Жемқормен жақын болсаң, ұятқа қаларсың

Жемқормен жақын болсаң, ұятқа қаларсың
ашық дереккөз
Жемқормен жақын болсаң, ұятқа қаларсың

Республика Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен партия филиалдары жанынан құрылған Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестер, консультативтік-кеңестік органның болмысына сай өкілеттіліктер аясында қызмет атқарып, ықпалды қоғамдық құрылым ретінде қажеттілігін танытып келеді. Оның қызметінің тиімділігі артып, жұмысының нәтижелі болуы үшін қарастырылған іс-шаралары жұртшылықтың қызығушылығын тудыратындай тартымды, тақырыптары өзекті болуы тиіс. Сондықтан жүйелілік пен міндеттер нақтылығының маңызын ескеріп, кеңес мүшелері арасында міндеттерді салалық бөлініс тәртібін енгіздік. Кеңес мүшесі болып табылатын денсаулық сақтау саласының өкіліне сол салаға қатысты мәселелермен айналысу, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне кеңестің үгіт-насихаттық қызметіне жетекшілік ету, жарияланымдарға талдау жасау міндеті жүктелді. Қоғамда жемқорлыққа төзгісіздік сана қалыптастыруға бағытталған іс-қимылдардың ішінде көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шаралардың орны ерекше. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум аясында мыңдаған азаматтардың қатысуымен өткізіліп жүрген шеру, ауқымды форматтағы акциялар көптеген азаматтың қоғам дертіне енжарлығын еңсеріп, әрекеттерінің ширауына ықпал етуде. Жемқорлықтың туындау себептерін жою мақсатында мемлекеттік органдар қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық механизмдерін жетілдіру, соның ішінде тиісті заң жобаларын әзірлеу бойынша ұсыныстар енгізу қоғамдық кеңестер қызметтерінің бір парасы. Осы міндетті орындау мақсатында өткен жылы «Жемқорлықпен күреске –жаңа пәрмен!» атты алқалы басқосу ұйымдастырдық. Оған қатысқан заңгер-ғалымдардың, отставкадағы судьялар, адвокаттар, қоғамдық ұйымдардың, қадағалау-бақылау органдарының, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша жасаған ұсыныстары партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасын әзірлеу кезінде пайдаланылды. Партия тарапынан ұйымдастырылып жүрген «Жемқорлыққа қарсы ең үздік плакат» байқауларының қоғам дертін әшкерелеген кескіндемелері баспадан шығарылып, бірнеше жоғары оқу орындары мен мемлекеттік органдарда көшпелі көрмелер ұйымдастырылды. Ғалымдардың айтуынша, адам баласы ақпараттың басым көпшілігін көз арқылы алатындықтан, көрнекі құралдардың адам санасына өлшеусіз әсерін ескеріп, сәтті туындыларды азаматтар назарына қолжетімді жерлерде орналастырып отыру мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Осы орайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет бағытында үздік шығармаларға байқау жарияланғанын айта кеткен жөн. «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып табылатын мемлекеттік орган басшыларының өздері басқарып отырған органдардағы жемқорлыққа қарсы әрекет ісінің жағдайы туралы есептерін тыңдап, қажетті ұсыныстар жасау – кеңестер қызметінің ықпалды өкілеттіліктерінің бірі. Сондықтан, отырыста қаралатын мәселе бойынша мәліметтер жинау, партия қабылдау бөлмесіне түскен өтініштерге тақырыптар бойынша талдау жасаудан бөлек, газеттерге хабарландыру беруді де тәжірибеге енгіздік. Бұл азаматтардың қаралатын сала бойынша түйткілді мәселелерге қатысты хабарласуларына, қажет еткен жағдайда кеңес отырысына қатысуларына мүмкіндік беруде. Қоғамдық кеңестің жұмысы партия қоғамдық қабылдау бөлмелерімен, мәслихат депутаттарымен, мемлекеттік органдар, сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктермен, кәсіпкерлік субъектілерімен өзара әрекеттестікте болмаған жағдайда оң нәтижелерге жету қиын. Сондықтан, қоғамдық кеңес қаржы полициясы, прокуратура, адвокаттар алқасы, халыққа қызмет көрсету орталығы және басқа да бірқатар ұйымдармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет мәселелері бойынша өзара ықпалдастық туралы Меморандумдар жасасқан. Мұндай әріптестік көптеген іс-шараларды бірлесе өткізуге, ақпараттар алмасуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бизнес өкілдерінің салық, кеден, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, прокуратура, қаржы полициясы органдары қызметкерлерімен партия ғимараттарында кездесулерін ұйымдастыру қатысушылардың көңілінен шығып жүр. Үкіметтік емес ұйымдармен орнаған тығыз әріптестік, жемқорлықтың себептерін зерттеуге көп септігін тигізуде. Мысалы, бірқатар жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер ұйымының көмегімен жүргізілген бүркенішті сауалнама жекелеген оқытушылардың қызмет бабын теріс пайдаланатыны туралы мәліметтер берсе, облыстық кәсіпкерлік палатасының «Шағын және орта бизнестің бақылаушы-қадағалау органдары жұмыстарын бағалауы» тақырыбына жүргізген сауалнама нәтижесі, тексерушілерге деген сенім деңгейінің 4,1 балдан аспайтынын көрсетті. Бұл нәтижелер мүдделі мекеме басшыларының қатысуларымен талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі республикалық қоғамдық қозғалыс қатысушыларының Меморандумын қолдап, қуаттайтындығын білдіретін құжатқа 52 қоғамдық бірлестіктің өкілдерінің қол қоюы да қоғамдық кеңестің мемлекеттік емес ұйымдармен тығыз байланысының айғағы. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таба бермек.

Сембек Сейдәзімов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар