Қазіргі заманда кез келген ел экономикасының ажырамас бөлігіне айналған сыртқы экономикалық байланыстардың құрылымы күрделеніп, аясы кеңейе түскен. Соған қарамастан, сыртқы сауда халықаралық экономикалық байланыстардың негізгі түрі болып қалып отыр. Халықаралық экономикалық байланыс жүйесі сыртқы саудадан басқа несие- қаржылық қатынастар, жұмыс күшімен алмасу, халықаралық туризм, экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық сынды айтулы арналарды қамтиды.
Сыртқы экономикалық сауда сыртқы сауда мен халықаралық төлемдерді мемлекеттік реттеумен байланысты экономикалық саясат бағытын, яғни белгілі бір елдің немесе елдер тобының сыртқы сауда қатынастарын дамыту жөніндегі экономикалық ұйымдастыруды, саяси шараларының жүйесін, экспорт пен импорттың географиялық және тауарлық құрылымының көлемін анықтауды қамтитын саясат. Әртүрлі мемлекеттердің ұлттық шаруашылықтарының арасында жүретін тауар мен қызмет айырбасы. Соның арқасында өндіріс пен ғылыми техникалық қызметтерді тауарлармен айырбастау жағдайын туғызатын ел мен елдің арасындағы халықаралық сауда дами түседі.
Бүгінгі таңда біздің мемлекетіміз де ортасынан ойып орын алатын дамыған державалар арасындағы экономика ашық әрі айқын деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, дәл қазір тұрақты татулық пен сенімге, ізгі келісімдерге орай, әлем мемлекеттерінің көбісінде бір-бірімен өзара тауарлар мен қызметтерді экспорттайтын жəне импорттайтын, əлемдік қаржы нарығында несиелік алып-сату қатынастарын жүзеге асыруға негізделген макроэкономиканың жүйелік қатынасы жүргізілуде.
Халықаралық сауда бүгінгі елдердің өндірісін дамыта отырып, өзінде бар ресурстарды тиімді пайдаланып, осылайша тауарлар мен қызмет түрін ұлғайтатын, халықтың әл-ауқатын арттыратын құралға айналып бара жатыр. ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемдік сауданың орташа жылдық өсу қарқыны әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынынан 1,5 есеге асып кетті.
Бұл көптеген елдердің өмірінде әлемдік нарықтың рөлінің артқанын, олардың арасындағы байланыстың артқанын, халықаралық еңбек бөлінісінің тереңдегенін көрсетеді. Осылайша әлемдік экономикаға тартылған елдерге қатал халықаралық бәсекелесті жағдайында өзінің рыноктық үлесін алуға тура келеді. Сол себепті де сыртқы сауда бір жағынан экономикалық өсудің қуатты факторы болып табылса, ал екінші жағынан елдердің халықаралық сауда айырбасына тәуелділігін арттырады. Сыртқы сауданың пайдасы, ол іскерлік белсенділікті жандандыру арқылы әр түрлі елдердің экономикалық дамуын теңестіруге мүмкіндік береді.
ҚАЗАҚСТАН ТАУАРЛАРЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ
Халықтың әсіресе табиғи таза өнімге деген қызығушылығы басым. Мәселен, Қытайда Қазақстанның рапс майы, кондитерлік және сүт өнімдері жылдам сатылып кетеді. Ал Өзбекстанда дәнді дақылдарға сұраныс жоғары. Сол секілді бауырлас Түркия елінде де отандық өнімге деген қызығушылық мол. Түркия Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптесі және негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Тауар айналымы жөнінен былтыр Ресей, Қытай, Италия және Оңтүстік Кореядан кейін 5-орында тұрды. Ал, биыл 5 айда Қазақстан мен Түркия арасындағы алыс-беріс көлемі 2,05 миллиард долларға жеткен. Оның ішінде Қазақстаннан Түркияға экспорт 1,3 миллиард доллар. Бүгінде еліміздің негізгі экспорттық тауарлары мұнай және мұнай өнімдері, катодты мыс, табиғи газ, бидай екенін айта кету керек. Сонымен қатар, Түркияға жеткізілген кезде экспорттық әлеуеті бар бірқатар шикізаттық емес тауарлар бар, олардың ішінде металл прокаты, күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер.
Қысқаша айтқанда, бауырлас жұртты еліміздегі шикізат тауарлары көп қызықтырады. Өзбекстанда саудаланып жатқан қазақстандық өнімдердің тізімінде алғаш болып бидай мен ұн аталады. Өткен жылы екі елдің тауар айналымы 4,4 миллиард доллар болған. Соның басым бөлігі – қазақстандық экспорттың үлесінде. Атап айтар болсақ, елімізден Өзбекстанға былтыр 797 миллион долларға бидай жөнелтілген. Ұнға тиесілі көрсеткіш 78 миллион долларға шамалас. Экспорттың жалпы тізімінде металл прокаты, автокөлік шанағы, күнбағыс майы, ет және кондитерлік өнімге де сұраныс жоғары екен.
Демек сауда орындарында «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар өнімдерді көп кездестіруге болады. Қазақстаннан жеткізілетін ұн мен бидайдың сапасын жоғары бағалайтын өзбекстандық тұтынушылар одан түрлі нан өнімдерін әзірлеп, ішкі нарыққа ұсынады. Биыл да саудадағы серіктестік қарқынды дамып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, алғашқы 5 айда көрсеткіш 1,5 миллиард долларға тең болған. Өзбекстанның сыртқы тауар айналымында біздің мемлекет алғашқы үштікке кіреді. Бұған ТМД-да еркін сауда жасау жөніндегі келісім мен өзара экономикалық байланыстарды кеңейту жоспары ықпал еткен.
Тағы бір айта кетерлігі, Өзбекстан мен Қазақстан көршілес елдер. Сондықтан тасымал мәселесі айтарлықтай жеңіл. Сәйкесінше түпкілікті баға арзан шығады. Екі ел үшінші нарықтан жеткізілетін импортты алмастыру саясатын бастағалы кеденде өнімдерді өткізу, рәсімдеу ісі жылдам жүруде. Жалпы, Қазақстан сауда-саттық саласында Өзбекстан ғана емес, шығыстағы Қытаймен де тығыз байланыста. Әсіресе, кейінгі екі-үш жылда қазақ-қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығы арта түскен. Қытай бүгінде Қазақстанның негізгі сауда серіктесінің бірі. Екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылы 41 миллиард долларға жетті. Ал биылғы жылдың бес айының өзінде бұл көрсеткіш 17,6 миллиард доллар болды. Қытайдың алып нарығында біздің отандық өнімдеріміздің рөлі зор. Себебі, біздің отандық тауарлар экологиялық таза, сапасы жоғары. Биыл өткен жылмен салыстырғанда көрші елге экспорт көлемі 12 пайыздан асқан. Әсіресе рапс майы, бал, кондитерлік және сүт өнімдері, балмұздақ, тәтті сусындар секілді табиғи сапалы өнімге сұраныс жоғарылаған.
Бізге көрші бұл мемлекеттің нарығы шексіз. Жөнелтілген тауар міндетті түрде оңай саудаланады, сондықтан бұл мемлекетіміз үшін үлкен мүмкіндік. Соңғы уақытта Қазақстан Қытайға мал азығы экспортын арттырды. Бұған дейін отандық кәсіпкерлердің 80 пайызы өнімдерін тек шекараға жақын маңайдағы округтерге ғана жөнелтіп келсе, енді сауда стратегиясының арқасында көрші елдің ішкі провинцияларына жол ашылды. Сол арқылы қазақстандық шаруалар 248 вагон құрама жем экспорттады. Тауардың алғашқы легі теміржол арқылы Сычуань провинциясына жетті. Бірақ, осы мал азығының көлемі провинция тұтынатын тауардың 0,1 пайызын да қамтымайды екен. Сонда бүкіл Қытайдың нарығын бағамдай беріңіз.
Биыл – Қытайда «Қазақстан туризмі» жылы аталып өтуде. Екі елдің шекарасында салынған «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы арқылы сауда жасайтындар саны 2 миллионнан асып, былтырмен салыстырғанда 148 пайызға өскен. Қытайдағы «Қазақстан туризмі жылы» ең алдымен еліміздің танымалдылығын арттыруға, тартымды туристік дестинация ретінде ілгерілетуге көмектеседі. Жүк тасымалымен айналысатын қытайлық компания өкілдерінің айтуынша, сауда-саттық көлемі де күн өткен сайын артып жатқан көрінеді.
Қалай дегенде де, экономикалық даму үдерісінде, сауда-экономикалық ынтымақтастық барысындағы біздің ұланғайыр мемлекетіміздің алдында тұрған басты міндет – еліміздің негізгі сауда-экономикалық әріптестерімен, оның ішінде Орталық Азия елдері, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Еуропалық Одақ елдерімен тауар айналымын ұлғайту.
Соңғы уақыттардағы геосаяси жағдайға байланысты Ресей тауарларының импорты бұрнағы жылғы рекордтан кейін 10,4 пайызға кеміп, ал Қытай импорты 52,9 пайызға өсті. Бұл ретте, шикізаттық емес тауарлардың экспорты төмендеп, 2 миллиард долларды құрады.
ӨЗАРА САУДА-САТТЫҚТА ОҢ СЕРПІН БАР
Соңғы кездері Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда-саттықта оң серпін байқалады. Отандық тауарларды Еуропалық Одақ, Америка Құрама Штаттары, Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына белсенді түрде ілгерілету қарқын алды. Сарапшылардың болжамына сәйкес алдағы 10 жылда әлемдік сауда-саттықтың жалпы көлемі Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азияға көшіріледі. Қазірдің өзінде Түркіменстан арқылы Ауғанстанға астық пен ұн экспортын арттыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Пәкістанмен де жаңа логистикалық шешімдер әзірленді.
2027 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 46,5 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бірыңғай сауда-көлік кеңістігін қалыптастыруға және халықаралық деңгейде орнықты кооперациялық байланыстар орнатуға, сондай-ақ әріптес елдермен стратегиялық қатынастарды нығайтуға мүмкіндік беретін және олармен тауар айналымының орта есеппен 30 пайызға өсуін қамтамасыз ететін сауда-логистикалық инфрақұрылым дамытылуда.
Сонымен қатар, Еуразиялық интеграция желісі бойынша Қазақстанның ұлттық экономикалық мүдделерін ілгерілету бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп келеді.
Отандық өндірушілерді қолдау және қуаттарды жүктеу мақсатында кедендік әкелу баждары төмендетілді және бірқатар тауарларды әкелуге қатысты тарифтік жеңілдіктер ұсынылды, күнбағыс тұқымдарына экспорттық кеден баждарын, қара және түсті металдардың, ағаш материалдарының сынықтары мен қалдықтарын әкетуге шектеу шаралары белгіленді.
Сонымен қатар, біздің елде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру үшін көкөніс өнімдерінің тұрақтандыру қорларын брондаудан бас тарту жұмыстары жүргізіледі. Қалыптасқан қорлардың жалпы көлемі былтыр 139,4 мың тоннаны құраса, оның ішінде маусымдық бағаның өсуін тежеу мақсатында нарыққа 118,6 мың тонна көлемінде картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат сықылды көкөністер шығарылыпты. Сондай-ақ, импорттық көкөністерді сатып алу ұйымдастырылған.
Елімізде ішкі нарықты қорғау техникалық реттеу және метрология құралдарын қолдану арқылы да қамтамасыз етіледі. Қауіпсіз өнімді әкелу және айналысқа шығару бойынша шектеу шараларын енгізуді көздейтін Ахуалдық штабтың қызметі заңнамалық және институционалдық бағытында күшейтіліп келеді. Ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында газ, бензин және дизель отынын, көмірді, тыңайтқыштардың жекелеген түрлерін, яғни аммиак селитрасы және аммофос әкетуге шектеулер енгізілген.
Ішкі сауданы дамыту шеңберінде сауданың қазіргі заманғы форматтарының үлесін 70 пайызға дейін ұлғайту, саудада мемлекеттік қолдаудың жаңа құралдарын жасау, құрылыс, жаңғырту, сауда алаңдарын жалға беру жобаларын субсидиялау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Базарлар қызметінің айналасында жинақталған проблемалар да шешіліп келеді. Сауда базарларын жаңғырту жөніндегі жол картасы іске асырылуда. Жүргізіліп жатқан жаңғырту базарларды халық үшін ыңғайлылық пен жайлылықты қамтамасыз етудің заманауи талаптарына сәйкестендіруге, бейберекет сауданы жоюға, сондай-ақ саудадағы «көлеңкелі» экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Осылайша, мемлекет тарапынан елден экспортталатын тауарлар мен өнімдерді өндіретін кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Бұл елдің ішкі-сыртқы экономикасына да жақсы әсер етпек.
Бір сөзбен айтқанда, елімізде экономикалық байланыстарды нығайту және халықаралық сауданы дамыту жолында маңызды қадамдар жүзеге асырылуда.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді